Өңір

Сапар ЕРКІН. Айка

АЙКАәңгіме Басым ауыра береді. Миым басымды тесіп шығатын сияқты. Бала күнімде «екі миым ашып кетті» деп, отыра қалып екі құлағымды алақаныммен тарс бекітетінмін.

Сапар ЕРКІН. Айка
Мұны көріп анам рахаттанып күліп алатын. «Менің баламның екі миы бар» дейтін анам шын көңілмен мақтанып. Сол анамды сағынғаным-ай. Оңашада қалып құлағымның шыңылдағанын тыңдап жатқанды жақсы көрем. Анам маған әлдиін айтып жатқан сияқты болады. «Есалаң аусарым менің» деп, маңдайымнан сипайтын анамның алақанын сағынды менің сор пешенем.   – Жорик. Тұр кеттік, – деп, Руслан қуыста отырған менің анамды ойлап сағынған қиялдарымның быт-шытын шығарды. Енесіне ерген күшік сияқты (дядя Ваня біздің жүрісімізді солай айтады) мен оның артына ілесіп кете бердім түскі үзіліске. Руслан жақсы жігіт. Балалар үйінде өскен. Нәсілі еуропалық болғанымен, қазақшаға судай. Өзі әке-шешесі түгілі ұлтының кім екенін білмейді. Мен білетін адамдардың ішіндегі қазақ ұлтын жаны үзілгенше сүйетін нағыз азамат осы ғана. Мен қазақпын дейді азамат. Руслан: «Жорик, қазаққа бір жау оқ атса – мен бірінші болып кеудемді оққа тосам» дегенде, мен де ерегісіп «Жоқ. Мен бірінші қазақты қорғаймын» деймін. «Әй, аңқау досым-ай, нағыз қазақ өліп кетсе, мен сияқты жетімдерді кім бағады» деп мысқылдайды ол.   Елде қазақ қалды дейсің бе. Бұратана бір ұлтсымақ елміз де. Қаңғып жүрген қазақпыз әйтеуір. Мен бұл қалада өмір сүріп жүрген жоқпын – қаңғырып жүрмін. Мен Алматыға бүкіл бір елге жететін ерік-жігерімді жинап алып келген едім. «Қазақтың жерін қытайға бермейміз, бүкіл ел болып күреске шығамыз, қазақтың жастары Алматыға жиналыңдар!» деген ұранды интернеттен естіп, Алматыға алып ұшып келген едім. Қазағым деп жүрегі соғатындар ауылда ғана ғой, бірақ тек сол жүрегі елім деп ауырғаннан басқа ештеңе істей алмайды екен. Мен пойыздан түсіп: «осы Алматы ма, адамдар қай жерде көтеріліске шығайын деп жатыр, қазақтың жерін қытайға бермейміз деп көтеріліске шығамыз деген еді ғой, жастар қай жерге жиналып жатыр» деп аласұрып адамдардан сұрай бердім, сұрай бердім. Ешкім айтпайды. «Жынды, аулақ жүр», «мына есалаң қайдан келген?», «қайдағы көтеріліс, ел аман, жұрт тынышта жамандықты бастама», «қандай қытайға көтерілмекшісің, мынаны полисаға ұстатып жіберу керек» деген адамдар мені аң-таң қалдырды. Бірнеше күн ашқұрсақ болып Алматының көшелерін араладым. Қазақтың жерін қорғаймын деген бір адамды таппадым. Қарабет болып ауылға қайтатын болдым ғой деп, вокзалға келгенімде басым айналып талып қалыппын. Мені Руслан тауып алған. «Қаңғыбас иттер бетіңді иіскелеп жалап жатыр екен, сәл болмағанда сені жеп қоятын сияқты еді» деген еді сонда. Қала дегенің аштық пен аяз екен. Қалада қыс қатты суық болады екен.  Ал, қаланың адамдары қара қытайлар сияқты жұмысбасты робот болып кеткен, адамшылықтан жұрдай. Олар ұлттық намыс дегенді концерт, той-томалақ деп қана біледі. Елге жау шапқанда жігері жеке басынан, әрі кетсе жеке баспанасынан аспайды. Олар ұлттық мүддеден өз мансаптарын жоғары қояды. Ұлт сөзін сөйлейтіндер – олардың жаулары сияқты. Мемлекет дейтін мектеп оларды солай оқытып тәрбиелеп жатыр.   – Жорик сен неге үндемей отырсың? Бірдеңе айтып отырсай. Мысалы, сенің шын атың кім? Сені неге Жорик деп айтады? – дейді Руслан ыстық сорпаны бір үрлеп алып ұртап. Мен тағы да үнсіз қалып қиялданып кетемін. Мен мектепте нолевой сыныпта оқып жүргенімде ағайымыз «Сұлтан деген жоңғарлардың аты. Сен жексұрын жоңғарсың. Жоңғардан пайда болған бәле, сен – қазақтың жауысың. Балалар бұдан бұлай бұл баланы жоңғар деп атаңдар. Бір де біреуің бұны Сұлтан деп атасаң екі қойып қоямын» деген. Солай «Жоңғар» – Жоңғардан – «Жорик» пайда болды. Адамның өмірі, тағдыры атына байланысты болады дейді ғой, маған Жорик аты жабысқалы бері көп қиындықты көрдім. Сол жылы ғана інімнен көз жазып қалдық, өмірдегі ең жақын адамың бауырың екен ғой. Інім тірі болғанда мен мұншалықты қор болмас едім, інімнің артынша әкем дүние салса да, бәрібір інімді жоқтай бердім. Көршінің балалары: «жынды Сұлтан, жынды Сұлтан» деп мені мазақтағанда, бойы бір қарыс інім әкемнің күрегін әрең сүйрелеп жүріп көрші балаларды қуалайтын. Мен неге жындымын деп жылап отырғанымда інім келіп мені құшақтайтын. Бауырым-ай.   – Шизофреник. Неменеге маған қадалып қарап отырсың?! Тамағыңды іш бол! – деді дядя Ваня. Мен селк еттім.   –  Дядя Ваня олай демеңіз, Жорик ренжіп қалады, – деп, Руслан әдеттегідей маған араға түсті.   – Бұл есалаң елін қалай қорғайды. Қазақтың жерін қытайға бермеймін деп қояды мүгедек сорлы. Сен өз басыңа ие болып ал, – деп мені одан ары күйрете сөйледі дядя Ваня.   – Дядя Ваня, елді қорғауға денсаулықтан бұрын жігер керек. Билікқұмар табанжалағыштар – солар жігерсіз мүгедектер. Елді Жорик сияқты азаматтар ғана жоқтайды, жоқ іздеген адам ғана алға ұмтылады. Жорикпен ойнамаңыз. Қылжақпас мінезіңізді доғарыңыз енді, – деп Руслан дядя Ваняны сабырға шақыра бастады. Дядя Ваня:   – Қазақтың табанын жалап жүрген жағымпаз сенсің. Сен маған пәлсапаңды соқпай-ақ қой, – дегенде, Руслан осы сөзді іле:   – Бәріміз қазақтың нанын жеп жүрміз. Сол үшін әрбір қазақты құрметтеуіміз керек, мейлі ол патша болсын, мейлі ол мүгедек болсын. Біз қазақ ұлтына қарыздармыз, – деді.   – Ей, сүмелек, әр қазақтың миллион-миллион кредиті бар, шет елге миллиард-миллиард борышы бар. Сондай қарыздарынан құтыла алмай жүрген қазақтан қандай қарыз алып жүрсің?! Әлде ақшаны жинап-жинап шет елге қашып кететін қазақтың шенеуніктерімен араласып жүр ме едің?! Олар саған нан бермей-ақ, өз елін жарылқап алсын. Сол миллионер-миллиардер қазақтардың өз еліне жасаған бір қайтарымсыз қайырымдылығын көрдің бе? Миллиондап пара берсе де, бір тиын садақа беруді білмейтін өңкей жемқорлар,– деді дядя Ваня парламентте сөйлеп тұрған депутаттар секілді ашуланып.   – ...   – Неге үнің өшіп қалды? – деді дядя Ваня.   – Олар қазақ емес. Мен үшін қазақ – Жорик, – деп құтылып кетті Руслан. Мұны естіп отырған асханадағы адамдар гу ете қалды.   – Жігіттер. Жүк келді. Бригадир шақырып жатыр. Тездетіңдер, – деп, Фархад асханаға екпіндей кірді.   Мен күбірлеп бет сипадым да тұрып кеттім. «Жорик тамағыңды тағы да ішпедің ғой» деді Руслан мазасызданып. Ол маған жүк тиеушілер тойып тамақ жеп жүру керек дегенді жиі айтады. Менің бірнеше күннен бері дұрыстап тамақ ішпей жүргенімді уайымдап жүр. Бір күні әлің құрып құлап өлесің дейді. Өзі ыдысындағы еттің бәрін менің тостағыма салып береді, «етті қазақ жесін, біз нан жесек те болады» дейді.   Жүкші болып істеп жүргеніме бір-екі ай болса да, бүгінгідей көп жүкті көрмеген едім. Жүк қытайдан келген дегенді естіп қалдым. Жүк түсіріп жүріп әбден шаршап барамын. Басым айналып кете береді. Бір кезде «шаң-шұңдап» біреу қасыма келді. Оның артынша көздері сығырайып бір-біріне ұқсап қалған сарғыш тартқан тағы бірнеше кісілер келді. Олар менің алдыма келіп өзара айқайласып бірдеңеге келісе алмай жатқан сияқты көрінді маған, қай тілде сөйлесіп жатқанын білмедім. Оның біреуі маған орысшаға тілі шүлдірлеп бұл жүктерді түсірмеу керектігін түсіндіргендей болды. Мен вагоннан секіріп түсемін деп құлап аунап кеттім. Олардың қысық көздері алақандай боп маған қарқылдай күлді. Менің ызам келіп кетті. Біреуін жұдырықтап салып қалдым. «Шаң-шұңдағандар» мені қаумалап алды. Басым солқылдап барады. Мені біреу құшақтап алып сүйрелеп топтан алып шығып бара жатыр. Руслан екен. «Есіңді жи. Саған ешкім тиісе алған жоқ. Сен қатырдың. Еркексің. Қытайды бір соққымен доптай ұшырдың. Бір қытайдың да саған қол көтеруге жігері жетпеді. Олар сені жабылып та ұра алмады. Жорик өзіңе кел. Көзің айналып барады. Анау жерге отырып тынығып алайық» деп ол жанын қоярға жер таппай менің бетімді қармен ысқалап жатыр.   Аздап өзіме келе бастадым. Жаңа мен ұрып құлатқан қытайды ақ халат киген біреулер аузындағы қанын сүртіп, жалпақтап жүр. Руслан сол жаққа барып келіп «қытай өзім құлап қалдым деп жатыр, саған ештеңе болмайды» деді.  Ол маған асханадан су әкеліп беріп ішкізді. Оны бригадир шақырып алып кетті. Мен ақ қардың үстіне шалқамнан жатып алып құлағымның шыңылдағанын естіп жаттым. Аспанды қара бұлт басып бара ма, әлде кеш түсіп қалды ма, білмеймін, басым айналып, айнала қараңғыланып бара жатқан сияқты...   – Сұлтан, тұршы. Сұлтан!   Анам ғана мені Сұлтан дейтін еді. Анамды түсімде күніге көремін.   – Сұлтан, тұр енді!   Анашым.   – Сұлтан, мен Айжұлдызбын ғой. Тұр деймін.   Ия, Айжұлдыз дейтін сыныптасым да мені Сұлтан деп айтады, айтпақшы. Анам және Айжұлдыз. Ол қайда? Қайдасың, Айжұлдыз? Неге мен сенің даусыңды ғана естіп жатырмын. Неге түсімде көрінбейсің?   – Сұлтан, тұршы енді, – деген Айжұлдыздың дауысын анық естідім, көз алдым бұлыңғыр тартып, оның бейнесі де көріне бастады. Таң атып қалған сияқты. Мен қатты ұйықтап кеткендеймін. Ол маған әрдайым қамқоршы болып жүреді. Мал жайып жүріп, ой-қырдың арасында талып қалып жатқан жерімнен мені іздеп тауып алып талай рет үйге әкелген. Отбасының  әулеті де, дәулеті де мен сияқты жетімнен жоғары болғандықтан туысқандары біздің сыйластығымызды ұната бермейтін. «Біз екеуміз бар болғаны доспыз» деп әкесіне ақталатын Айжұлдыз бәрібір маған тұрмысқа шығатынын айтудан жалықпайтын, менің жарымжан екенімді білсе де. Бәрінен де мектепті алтынға бітірсе де, мені уайымдап оқуға да түспегені аянышты болды. «Қазанбас, бақыт білімде де емес, байлықта да емес, бақыт сіз-біздескен сыйластықта ғана» дейтін ол.  Одан бері он жылдай өтті.   – Сұлтан, қардың үстінде неғып жатырсың? Басыңды көтерші, – деп Айжұлдыз менің басымды өзінің аяғына жатқызды.   – Айка, сен мұнда не істеп жүрсің? – деймін мен оған.   – Біз бәріміз сені іздедік. Анаң сені қатты уайымдап жатыр. Ол қатты ауырып қалды. Жүр ауылға кетеміз. Сені ауылға таксимен болсын алып кетемін, – деді ол.   – Мен ауылға бармаймын. Ол жаққа баруға менде бет жоқ. Сен білмейсің ғой, – дегенімде Айжұлдыз:   – Біз бәрін білеміз. Сенің Хасен атаның қойын ұрлап сатқаныңды да білеміз. Камераға түсіп қалғансың, – деп мәз болып айтып отыр. Қалаға келемін деп қой ұрлап сатқанымды да біліп қойыпты. Ауылға енді қалай барам?!   – Хасен ата «Жорик ауылға аман-есен келсе, тойын өзім жасап беремін» деді. Ауылдағылар қашан той көреміз деп күтіп отыр, – деп, Айка қуланып маған қарап қояды.   – Қойын ұрлағаныма той жасай ма, жоқ мені бір соғыстан тірі келгендей күтіп алып той жасай ма?! – дедім мен.   – Сұлтан, екеуміздің тойымыз.   – Мазақтағанды қашан қоясың.   – Шын айтам. Әкем қызымды ұзатып алса, келісемін деді.   – Сен мені иттің етінен жек көрем дейтін ең ғой. Сен аутсың, сен даунсың деп мені мазақтайтын едің ғой, – дедім мен.   – Ия мен сені иттің етінен бетер жек көрем. Сен бір түрлі делі-құлы баласың. Сенің қасыңда жүрсем намысым келеді. Бірақ мен саған тұрмысқа шығамын. Мұны бүкіл ауылға айтып қойғанмын, – дейді Айка.– Сен қалай жек көрген адымыңа тұрмысқа шығасың?–  Білмеймін. Саған жаным ашитын сияқты. Сен сәл-пәл жаман болсаң да, жақсы адамсың, – деп Айка маған мейірімге толы көздерімен қарап отыр.  Айканың көзіндегі мейірім нұры жүрегімді жылытты.Фото: sputniknews.kz
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз