Әлеумет

Сапарбай Жобаев, экономист-ғалым: Байлар мен шенеуніктердің жеке табыс салығын өсіру керек

Қазір ел экономикасының жағдайына жан-жақты талдау жасап, негізгі мәселелер мен даму бағыттарын сараптап, таразылап отыру маңызды. Осыған байланысты біз экономист-ғалым Сапарбай Жобаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Сұхбат барысында маман ұлттық экономиканың құрылымдық әлсіз тұстарына, бюджет саясаты мен инвестициялық ахуалға тоқталып, ішкі нарықты қорғау мен отандық өндірісті қолдаудың маңызын атап өтті.

Сапарбай Жұбаев

Сапарбай Досжанұлы, сіз үнемі «үкімет үнемдеуді өзінен бастауы керек» дейсіз. Бұған қатысты қайсыбір мамандар «әкімшілік шығындарды азайту керек» десе, енді бірі – «әлеуметтік жобаларды қысқарту қажеттігін» айтады. Қазір өзі үкімет нақты неден үнемдеу керек?

– Қазір Қазақстан үкіметіне үнемдеу өте қатты қажет. Үкіметтің қолында мемлекеттік бюджет бар. Республикалық деңгейде республикалық бюджет, облыстық, аудандық деңгейде жергілікті бюджет қаражаттары бар. Міне, ең алдымен, осы бюджеттің қаражатын тиімді, үнемдеп пайдалану маңызды. Сондықтан бірінші кезекте қазынаның қаражатын орынсыз шашпау маңызды.

– Бюджет қаражатын үнемдеу, тиімді басқару өте жиі айтылатын тақырып. Алайда соны үкімет неге үйрене алмай келеді?

– Өзіңіз де білесіз, Қазақстанда бюджеттің қаражаты елдің экономикасын дамытуға және әлеуметтік жағдайларды жақсартуға жұмсалады. Бізде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал топтарға төлемдер, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақы және зейнеткерлерге зейнетақы төленеді. Одан бөлек білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамытуға, көлік логистикасын жаңғыртуға, тағы басқа толып жатқан салаларды жаңғыртуға да бюджеттен қаражат бөлінеді. Сонда осыншама дүниенің барлығын бір бюджеттің есебінен түгендеп алғымыз келеді. Негізінде бюджеттің есебінен әлеуметтік төлемдер ғана төленіп, мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіліп, жәрдемақы, зейнетақы беріліп қана отырғаны дұрыс. Ал жаңағы экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, тағы басқа салаларды жетілдіруге жекелеген инвесторлар арқылы қол жеткізу керек. Үкімет ондай салаларды дамыту үшін инвесторлардың қаражатын елге тартуы қажет. Бюджеттің қаражатын үнемдеуде, міне, үкіметке ең алдымен осыны үйрену керек.

Өкінішке қарай, бізде инвесторлардан түскен қаражат та, бюджеттің қаражаты да «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен» кезеңдер бар ғой.

– Иә, оны жасыруға болмайды. Мұндай ысырапшылдыққа жол бергеніміз рас. Бұл ретте бізде науқаншылдық, «жоспарды асыра орындадық» деп жалған есеп беру, қандайда бір жобалардың орындалуын әсірелеу басым. Жалпы, біз «экономиканы дамытуымыз керек» деген желеумен бюджеттің 30-40 пайыз қаражатын жаңағыдай салаларды дамытуға бөлеміз. Алайда бюджеттің қыруар қаражаты салынған кейбір салалардың тұралап тұрғаны ащы шындық. Тіпті алаулатып-жалаулатып ашылған кейбір өндіріс орындарының жабылып қалғанының да куәсі болып отырмыз. Сондықтан қалай десек те енді үкімет қит етсе бюджеттің қаражатына жармаса бергенді қою керек. Керісінше, болашақта экономиканы дамыту үшін жекелеген инвесторларды көптеп тарту арқылы бюджетке түсетін салмақты азайтуы қажет. Тіпті үйренгісі келмесе де үкіметке мұны үйренуге тура келеді. Өйткені заман талабы сондай.

– Бізде арнайы инвесторлар кеңесі бар. Олардың міндеті – инвестициялық климатты жақсарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Инвестиция тарту солардың да жұмысы емес пе? Мұндай кеңестердің жұмысына қандай баға беруге болады?

– Негізінде, біздің үкіметте олигарх-бизнесмендер толып отыр. Бізде барлығының демеймін, бірақ көпшілік депутаттардың да, министрлердің де, әкімдердің де бизнестері бар. Енді қараңыз, сол үкіметте отырған олигарх-бизнесмендер бір күні компанияның басшысы болса, келісі бір сәтте министр, одан кейін әкім болып шыға келеді. Әрине, жоғары мансапта отырған мұндай олигархтар өздерінің бизнесі дамуы үшін барынша бюджеттен ақша алуға әрекет жасайды. Оларға инвестор іздеп сабылғаннан дайын тұрған бюджеттің бүйірін ұңғи беру оңай. Тіпті жаңағы үкіметте отырған олигарх-бизнесмендер Қазақстан Даму банкін (ҚДБ) өздерінің меншігіне айналдырып алды. Қазір ҚДБ тек олигархтардың ғана жобасын қаржыландыратын банкке айналып кетті. 2022 жылы президенттің өзі бұл банктен ірі олигархтардың асқан жеңілдікпен арзан несие алғанын, банк тек ауқатты байлардың ғана банкіне айналып бара жатқанын сынаған кездер болды. Сонда олар өз бизнестерінің тамыры тереңге жайылуы үшін бюджеттен бір қаражат алса, ҚДБ-ден жеңілдікпен тағы арзан несие алса, мемлекеттік сатып алу арқылы тағы бір қаражатты кемірсе, бұдан экономика дамымайды. Мұндайды «жекелеп баю» деп атайды. Қазір Қазақстанның байлығын 162 адамның ғана иеленіп отырғаны ашық айтыла бастады. Енді сол санаулы ғана олигархтар байып, қалған ел ол байлықтың шетін де көрмей отырмауы үшін инвесторлар кеңесінен бөлек, әр министр, әр әкім, аудан-ауыл әкімдеріне дейін еліне, жеріне инвестиция тартумен айналысуы керек. Ол артық болмайды. Мұны қоғам болып талап етуіміз қажет.

Сіз айтып отырған олигарх-бизнесмендер басқаратын компаниялар мемлекеттік бақылау немесе үлестік қатысу арқылы жұмыс істейді. Қазақстанда бұл сектор экономикадағы үлкен үлеске ие. Білесіз, үкіметтің осы квазимемлекеттік секторды жекешелендіру туралы нақты саясаты мен жоспарлары бар. Қазір осы жоспарлар сауатты жүзеге асырылып жатыр ма?

2019 жылдан бері квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру мәселесі көтеріле бастады. Негізінде бұл – дұрыс саясат. Мысалы, қазірде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және оның құрамына кіретін квазимемлекеттік кәсіпорындардың қарызының бастан асатыны айтылып жүр. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның квазимемлекеттік секторы мен банктерінің жиынтық сыртқы қарызы 20,8 млрд долларды құрады. Бір ғана «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының қарызы 3 трлн теңгеден асып жығылады. Тіпті 2022 жылы еліміздің Жоғары аудит палатасы ҚТЖ-ның қарызы қызыл сызыққа өтіп кеткенін жеткізді, «компания дефолт болудың алдында тұр» дегенді де айтты. Артынан компанияның өкілдері ешқандай дефолт қаупі жоқ екенін, ҚТЖ қарызы шектен шықпағанын айтып ақталды. Сол тәрізді Air Аstana ұлттық компаниясының соңғы бес жылдағы қаржылық жағдайы инвесторларды аса қуантып жүрген жоқ.Компанияның ұсынған есебіне көз жүгіртсек, қатарынан екі жыл түсімі артқанмен, таза табысы құлдырап жатқанын аңғарамыз. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Осыған байланысты президенттің өзі экономикаға пайдасы жоқ компаниялардың жұмысын трансформациялауды, тіпті оған да келмесе мұндай компанияларды жабу керектігін де айтып, үкіметке тапсырма берді. Егер біз квазимемлекеттік секторды жекешелендіріп, өз бетінше жіберетін болсақ, олар өз күндерін өздері көруі керек болады. Мұндайда бюджет деген майшелпек оларға жоқ. Олар өз бизнестерін өздері жүргізу үшін жанталасады. Сондықтан квазисекторды жекешелендіруге қатысты ұстанып отырған саясат дұрыс. Бірақ үкімет оны сауатты жүзеге асыра алмай жатыр.

– Неге, әлде сауатты мамандар жетіспей отыр ма?

– Бұл жерде негізгі себеп парламентте болып отыр. Мұндайда нақты шешім қабылдайтын мәжіліс болуы керек. Парламентте отырған депутаттардың, үкіметте отырған министрлердің бизнестері бар екенін мен жоғарыда айттым. Олардың бизнесі өзінің атында болмаса да туысының, әйелінің, бала-шағасының атында екені де белгілі. Енді сол депутаттар «квазисекторды түгел жекешелендіруге жіберу керек» деген шешім қабылдаса таяқтың бір ұшы өздеріне тиетінін жақсы біледі. Ондай шешім жүзеге асса олар бизнестеріне бюджеттен қаражат ала алмай қалады. Кәсіптеріне мемлекеттік қолдау тоқтатылады. Сондықтан да парламент мұндай батыл шешімдер шығаруға асықпай отыр. Егер бұл саясат сауатты жүргізілсін десек, мәжіліс нақты-нақты шешімдер шығаруы керек. Бюджеттің қаражаты квазисекторды қолдауға емес, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, халықтың жағдайын көтеруге ғана жұмсалуы керек. Квазимемлекеттік компаниялар өздері жекеменшікке айналып, экономиканы дамытуға үлес қосулары қажет. Осы уақытқа дейін үкімет оларды қолдады, барынша қанатының астына алып, әйтеуір ебін тауып олардың облигацияларын сатып алып болсын бюджеттен қаражат бөліп отырды. Бюджетті қойып олар Ұлттық қорды да, зейнетақы қорын да «емді». Енді квазимемлекеттік секторды ерке баладай шолжаңдатып қоюға болмайды. Керісінше, олардың экономиканы дамытуға, өндірісті арттыруға бюджеттің түсімін көбейтуге ықпал етуін қатаң талап ету керек.

Өзіңіз білесіз, біз биылдан бастап бюджетке келетін түсімді көбейту үшін жаңа Салық кодексін тәжірибеге енгіздік. Салықты өсіру арқылы бюджет тапшылығын жоюға үкімет халықты сендіргісі келеді. Бұл мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін. Сауатты жүзеге асырылса, салық арқылы бюджеттің түсімін арттыруға болады. Бұл – дүниежүзінде бар тәжірибе. Көптеген дамыған елдер осы тәсіл арқылы бюджеттің түсімін арттырып отыр.

– Дегенмен жаңа Салық саясатын сынайтындар көп қой.

– Негізінде осы мәселелердің барлығын президент 2019 жылғы жолдауларынан бері айтып келеді. Алайда біздің үкімет 2019-2025 жылдар аралығында бірде-бір нәтижелі жұмыс істеген жоқ. Тек сылдыр сөзбен «халықтың жағдайын жақсартамыз, цифрлық әлеуетін көтереміз, табыс декларациясын жасаймыз, экономиканы әртараптандырамыз» деп құрғақ уәдені үйіп-төкті. Осыдан барып 2024 жылы бюджеттің шығыны 21 трлн теңге болды, салықтық түсім бар болғаны 12 трлн теңгені құрады. Бюджеттің тапшылығы 9 трлн теңгеге жетті. Үкімет ол тапшылықтың 6 трлн теңгесін Ұлттық қордан алып жапты. Былтырдан бері бұлайша құрғақ уәдемен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі болды. Енді бюджеттің түсімін арттыру өте маңызды екенін үкімет ұқты. Себебі 2029 жылға дейін президент тапсырмасы бойынша Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізуі керек және ЖІӨ-нің номиналды құны 450 млрд доллар болуы тиіс. Мұндай тапсырмаларды орындау үшін үкімет жаңа Салық кодексін тәжірибеге енгізуге мәжбүр болды. Бұл реформаның негізгі мақсаты – олигархтардың компаниялары табатын корпоративтік табыс салығын (КТС) Норвегия елі сияқты 30-35 пайызға көтеру еді. Бірақ бұған біздің олигархтар келіспеді. Тек 25 пайызға көтеруге ғана келісті. Тіпті кейбір компаниялардың табыс салығы әлі сол 20 пайыз деңгейінде қалды. Яғни олигархтар өздерінің табысын халықпен бөліскісі келмеді. Корпоративтік табыс салығынан бөлек, бай-манаптардың жеке табыс салығын көтеру жоспары да жүзеге аспай қалды. Жоспар бойынша, осы жаңа Салық кодексін пайдаланып, үкімет табысы жоғары байлардың жеке табыс салығын 10 пайыз емес, 20-25 пайызға көтеру керек еді. Мұны да президент 2019 жылдан бері айтып келеді. Бірақ үкімет әлі жүзеге асыра алмай отыр. Қазір кімнің жалақысы 3 млн теңгеден асады, соларға ғана жеке табыс салығы 15 пайызға көтерілді. Ал енді қараңыз, Қазақстанда 3 млн теңгеден жоғары жалақы алатындар небәрі 26 мың адамды құрайды. Сонда бізде 11 млн адам салық төлейтін болса, соның 26 мыңы ғана жеке табыс салығын 15 пайыз мөлшерінде төлейді. Бұл – 00,1 пайыз ғана. Яғни біздің 1,5-2,5 млн теңге жалақы алатындар, сол баяғыша, басқа ел қатарлы 10 пайыз табыс салығын төлеп жүре береді. 1,5 млн, 2 млн теңге табыс табатындар негізінен үкіметтегілер. Сонда олигархтар компанияларынан түсетін табыстан жоғары корпоративтік табыс салық төлемесе, шенеуніктер мен байлар 20-25 пайыз жоғары жеке табыс салығын төлемесе – бұл реформаның бюджетке ешқандай тиімділігі болмайды. Жалақысы төмен еден жуушы мен мейірбике де бюджетке 10 пайыз табыс салығын төлейді. Ал жаңағы 1,5 млн, 2 млн теңге табыс табатын шенеуніктер мен бай-манаптар да 10 пайыз табыс салығын төлейді. Бұл әділетті де, сауатты да емес. Реформа сауатты әрі әділетті болуы үшін ірі компаниялардың КТС-ын және байлар мен шенеуніктердің жеке табыс салығын өсіру керек еді.

– Есесіне, үкімет қосымшы құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға өсірді ғой...

– Қосымша құн салығы – бұл халықтың және отандық шағын кәсіпорындардың төлейтін салығы. Бұрын ҚҚС-нан босатылатын кәсіпкерлердің жылдық табысы 80 млн теңге болатын. Енді бұл деңгей 40 млн теңгеге түсті. Қазір жылына 40 млн теңге табыс табасың ба, ҚҚС 16 пайыз деңгейінде төлейсің. Сонда бұл салық саясаты шағын және орта бизнестің және халықтың мойнына артылып отыр. Ал алпауыт бай компаниялар жоғары салықтан тағы сытылып кетті. Сондықтан да жаңа салық саясатын сынап жатқандар көп.

– Осыны ескеріп, бұл салық саясатын үкімет қайта қарауы мүмкін бе?

– Иә, оптимистік көзқараспен айтар болсам, қайта қарауы әбден мүмкін. Мұны менен де басқа экономистер, қаржыгерлер айтып жүр. Тіпті президенттің өзі де айтып қалды. Сондықтан қайта қарау керек болса, мұны ескерген жөн. Барынша олигархтар, бай-манаптар, табысы жоғары шенеуніктер төлейтін салықтарды көтеру қажет.

Жалпы, сіз қаржы-несие саласын жақсы меңгергенсіз. 1989-2005 жылдары Өзбекстанның қаржы министрлігінде жұмыс істедіңіз. Тағы да басқа лауазымды қызметтерді атқардыңыз. Қазір біздің үкіметке немесе басқа ведомстволарға тағы қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Біріншіден, квазимемлекеттік секторды жекешелендіруден қорықпау керек. Қазір үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат компаниясының басшыларын жеті адамнан үшеуге түсіріп қойып отыр. Сондай-ақ «компания қызметкерлерінің санын 10 пайызға қысқартамыз» дегенді айтады. Бұл дегеніміз – үш басты жыланның бір басын кесіп қана қойғанмен тең тәсіл. Мұндай қадамнан ештеңе өнбейді. Сондықтан квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіріп, бүгінгі күні олардың ЖІӨ-дегі 60 пайыздық үлесін 20 пайызға дейін азайтуымыз керек. Сосын квазимемлекеттік секторды «Самұрық-Қазына» сияқты қарамағында бірнеше мыңдаған адам жұмыс істейтін ұлттық компанияның басқаруы қажет емес. Квазимемлекеттік секторды қаржы министрлігінің бір комитеті бақылап отырса болғаны. Сонда бюджетке үнем болады. Бірнеше мың адамға төленетін қомақты жалақы, сыйақы деңгейі қысқарады. Екіншіден, қазақ халқының 38 пайызы ауылдық жерде дейміз ғой, мен тіпті «қазақтың 70 пайызы ауылдық жерде отыр» дер едім. Енді сол ауылдағы елдің қазаны дұрыс қайнау үшін ауылдағы жерлерді ірі латифундистерден алып, диқандарға, шаруаларға жекеменшікке беруіміз керек. Бүгінгі күні жекелеген шаруалардың қолында 20 пайыз ғана жер бар екен. Соның өзінде олар 70 пайыз агроөнім береді. Ал жаңағы жердің 80 пайызын иеленген латифундистер 30 пайыз ғана өнім береді екен. Сондықтан ірі-ірі жерлерді алып, оларды игермей бос жатқызып қойған алпауыттардан жер алынуы керек. Ол жерлер ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттыруға жұмсалғаны жөн. Үшіншіден, ғылымды, цифрландыруды, технологияны дамытуға көңіл бөлуіміз керек. Ғылымды дамытуға да жекелеген кәсіпкерлердің инвестиция құюына ықпал етуіміз қажет.

Төртіншіден, экономикаға да инвестицияны жеке кәсіпкерлер құюы керек. Әрбір саланы дамытамыз деп бюджеттің қаражатын, Ұлттық қордың капиталын оңды-солды жұмсай беруді доғару керек. Жалпы, бюджет қаражатын үнемдеу – жай ғана шығынды қысқарту емес, ол мемлекеттің экономикалық жауапкершілігінің айнасы. Республикалық бюджеттен әлеуметтік бағдарламаларға өткен жылдары 40 пайыз қаржы жұмсалса, 2026 жылы 38 пайыз болды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әрине, алаяқтықпен жәрдем алушыларды шектеу қажет. Сонда да әлеуметтік төлемдер басқа салаға қарағанда көбірек өсуі қажет. Үнемдеу ең алдымен мемлекеттік аппараттың өзінен басталып, ашықтық пен тиімділікке негізделгенде ғана маңызын арттырады. Әйтпесе, үнемдеу деген атаудың өзі формалды ұранға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан басты міндет – қаржыны аз жұмсау емес, оны дұрыс және әділ пайдалану. Қазір үкіметтің нақты ұғып алатын дүниесі осы болуы керек.

Сұхбаттасқан

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз