Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарына 2,7 млрд теңге бөлінді
Биыл Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақыға 2,7 млрд теңгеден астам ақша бөлінді, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 19,8 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, делінген хабарламада.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
«2003-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 769 теңге мен (3/4 АЕК) 369 200 теңге (100 АЕК) аралығында. 2024 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 1,2 млрд теңге қарастырылған», – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманова.
Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2024 жылы – 4 542 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«2005 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 16,9 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2024 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,5 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 26 833 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды», – деді Айнұр Абдырахманова.
Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдардың бірінші кезекте:
- бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
- оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
- телефондарды бірінші кезекте орнату;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
- протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
- оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.
Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.
2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 31 мамырға қарай 9 668 азаматқа 9 230 теңгеден 38 448 теңгеге дейін 223,8 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Фото: nege.kz