Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 11 Сәуір 2024

Сексеуіл өсіру Арал экологиясын жақсарта ала ма?

Сексеуіл
Фото:

Жуырда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келіп, облыстың солтүстігіндегі Арал, Қазалы аудандарында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев делегация құрамын сексеуіл егер теңіз ұлтанындағы аумақты әуеден көрсетіп, одан кейін сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын бастап берді.

Бүгінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар, 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілді. 2024-2025 жылдар аралығында 556,2 мың гектар жерге осындай жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бүгінде құрғаған ұлтанның 51,6 мың гектарына 15,3 млн дана көшет отырғызылды.

Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бағытталды. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады.

Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өңірдегі маңызды мәселемен белгілі кәсіпкер, меценат Тимур Турлов танысып, 2 млн АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдады. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшысымен іссапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстарға 500 млн теңге бөлетін болды.

Алдағы аптада Қазақстан Республикасындағы 20 елдің елшілері Арал ауданына арнайы келеді. Елшілер өз кезегінде аймақтың экологиялық мәселелерімен танысып, оны жақсарту мақсатында инвестиция тарту бағытында келіссөздер жұмыстары жүретін болады.

Жалпы құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тапты. Себебі сексеуіл құрғақшылыққа төзімді, ол табиғаттың тепе-теңдігін сақтап, құм мен тұзды желден ұстап тұрады. Мәліметтерге қарағанда, бір түп сексеуіл шамамен 6-8 тоннадай құмды ұстап тұра алады.

Биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Теңіздің кепкен табанына өскіндер егу мәселесін аймақ басшысы тұрақты бақылауына алып, бұл ортақ іске кәсіпкерлерді де жұмылдыруда.

Аралда басталған іссапар Қазалы ауданында жалғасты. Онда делегация құрамы тұрақты орман тұқымбағының құрылысымен танысты.

Бұл нысан құрылысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тапсырысымен жүргізілуде. «Еңбек» ЖШС мердігерлігімен жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 518,6 млн теңге. Жұмыс былтыр қыркүйек айында басталған, биылғы шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.

Тұқымбақтың аумағы – 33 гектар. Мұнда көшеттер егіліп, Аралдың кепкен табанына егілетін сексеуіл, басқа да өскіндер дайындалады. Көшеттерді суаруда арнайы технология қолданылады.

Құрылыс барысымен танысқан қонақтар тұқымбақ аумағына сексеуіл көшеттерін отырғызды.

Іссапар аясында вице-министрге бірқатар өзекті мәселелер айтылды. Әсіресе орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын өсіру, өртті ерте анықтайтын құрылғылар сатып алу және өзге де маңызды түйткілдер талқыланды.

Еске сала кетсек, былтыр Абай облысындағы орман өртін жою және орман шаруашылығы ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланған жиналыста бірқатар тапсырма берілген болатын. Олар – орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, материалдық қамтамасыз етілуіне толық түгендеу жүргізу, тиісті бюджеттік өтінімдер дайындау және жіберу, пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алу, өртті ерте анықтау жүйелерін орнату үшін қажетті шаралар қабылдау және т.б. Осыған орай облыс әкімінің тапсырмасымен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі – 7 млн гектар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жер көлемі – 838022 гектар, оның ішінде орманды жер – 707613 гектар. Мекеме өрттің алдын алу, дер кезінде байқап, жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы жұмысшылардың, онда орналасқан ұйымдардың, жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздігі, санитарлық ережелерді сақтауын қамтамасыз етеді. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне шөлді сексеуілді және тоғайлы аумақтар тиесілі. Шөлді аймақтың климаты күрт континентальді, жазы өте ыстық, температура + 48, оның үстіне құрғақ болғандықтан, өрт қаупі жоғары. Аумақ өте жоғары табиғи өрт қаупі класына жатады.

Осы орайда «Ақтөбе» және «Тартоғай» орманшылығына өртті ерте анықтайтын 2 құрылғы сатып алуға республикалық бюджеттен 552,2 млн теңге бөлу мәселесі көтерілді.

Нұрбек Дәуренбеков

Қызылорда облысы