Видео

Сеніміне селкеу түскендер қалай оңалады?

«Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңында көрсетілген ұлттық қауіпсіздіктің 6 түрі айтылады.

Сеніміне селкеу түскендер қалай оңалады?

Оның ішінде қоғамдық, әскери және саяси, әрі экономикалық, ақпараттық, содан кейін экологиялық қауіпсіздік түрлері көрсетілген. Қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздіктің осы түрлерінің арасында ең өзекті әрі қауіптісі – қоғамдық және ақпараттық қауіпсіздік. Өйткені халық кез келген ақпаратты жұта береді. Әлеуметтік желі дамыған. Қоғамға іріткі салатын, қоғамның тыныштығын бұзатын, діни алауыздық тудыратын ақпарат өте көп. Сондықтан мемлекет осы жағына жұмыс жасауы керек.

Мәселен, діни қауіпсіздік – біз атаған ұлттық қауіпсіздіктің ішіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Жетісу жерінде және Алматы облысында діни экстремизммен күрес үнемі назардан тысқары қалған емес. Әсіресе соңғы жылдары бұл қызмет бақылауда. Айталық, Алматы облысы Дін істері басқармасының жанынан құрылған діни экстремизм құрбандары мен теріс діни ағым ұстанушыларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Өйткені тура жолдан адасып, деструктивті діни бірлестіктердің ықпалында кеткен азаматтар көп қазір. Қайсыбірін айтамыз? Сондай азаматтарды оңалту ұзақтығы бірнеше айдан 1 жылға дейін созылады екен. Сенімге селке түсу қанша оңай болғанымен, одан арылу қиын.  

Облыстық дін басқармасы аталған орталықтың қызметі туралы былай дейді: «Орталық деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен адамдарды оңалту үшін жұмыс істейді. Онда психологтар мен теологтар бар. Сондай-ақ әйелдермен де жұмыс жасайтын жеке бағыт ашылған. Осындай бейбіт күнде адасқан азаматтарға біздің мамандар психологиялық жағынан көмек береді. Әрі оңалту жұмыстары да жасалады. Міне, осы бағыт бойынша Алматы облысында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Адасқанды айыптау дұрыс емес. Қайта тура жолға салу керек».

Бұған дейін мұндай орталықтар Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау сияқты діни ахуал күрделі аймақтарда құрылған болатын. Жетісу жерінде жұмыс бастаған орталықтың сенім телефоны да бар. Телефон арқылы сеніміне селкеу түскендер, болмаса сондай азаматтардың жақындары хабарласа алады.

Облыстық дін істері басқармасының бас маманы: «Басқарманың жанында дін саласындағы мәселелерді зерттейтін орталық бар. Олар интернет-кеңістікке, яғни ғаламторға арналған бейнекөріністерді түсіреді. Бұл жұмысқа теологтар мен белгілі қоғам қайраткерлері тартылып отыр. Өйткені дін ғұламаларынсыз бұл жұмысты жүргізу қиын. Осы арқылы адасып жүрген, сеніміне селкеу түскендерді қалыпты өмірге оралтуды көздеп отырмыз» – деп түсіндірді.

Жалпы Алматы облысы мен Жетісу облысы бойынша 678 діни бірлестік бар екен. Бәрі тұрақты жұмыс істеп тұр. Осы екі өңірдегі діни жағдай жалпы Қазақстан бойынша тұрақты әрі тыныш. «Қауіпсіз ел» жобасының да бір мақсаты осы болатын.

Жалпы өңірде діни түйткілдердің саны азайып, үлес салмағы төмендеп келе жатыр. Мәселен, Алматы облысында деструктивті діни топтарға тіркелетін азаматтардың саны былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға төмендеген. Бұл өте жақсы көрсеткіш деген сөз. Алматы облысы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» директорының орынбасары Сағыныш Жаңабай журналистерге арналған брифингте өңірдегі діни түйткілдің жақсарып келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, Алматы облысында 12 діни конфессияға қарайтын 678 діни бірлестік өз қызметін атқарып отыр. Діни бірлестіктерде қызмет ететін жұмысшылар мен миссионерлердің негізгі жұмысы облыстық дін басқармасының назарында. Бақылаусыз бұл саланың қызметі қожырап кететіні айдан анық. Сондықтан үнемі бақылауда болады.

Өткен жылы Алматы облысының барлық аудандарында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыс тобы құрылған-ды. Осы күні әлгі топтар өте жемісті жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек, әлеуметтік желі арқылы да жұмыс жасалуда. Мәселен, фейсбук, инстаграмм сияқты желілерде топтар құрылып, сол жерде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы сол группаларда 9000-нан астам ақпараттық, танымдық діни материалдар жарияланған. Айталық, қысқа метрлі діни фильмдер мен шағын роликтер, видеосұхбаттар бар.

Көп жағдайда азаматтар діни білімді ғаламдардан алады. Интернет әлемін бұғаттап тастау қиын, әрине. Сондықтан Қазақстанда осы кеңістіктегі діни жұмысты күшейту қажет. Осы мақсатпен «Аналитикалық Интернет карта» бағдарламасы жасалған-ды. Сағыныш Жанабай брифингте «Аналитикалық интернет картасы» арқылы теріс деп танылған кейбір сайттар мен әлеуметтік желідегі группаларды бұғаттау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Деструктивті сайттар демекші, 2021 жылы Алматы облысы теріс бағыттағы әлеуметтік желілер мен топтарды бұғаттауда Қазақстан бойынша 3-орынға шыққан. Жақсы көрсеткіш. Соның арқасында теріс сенімді насихаттайтын сайттар мен соны пайдаланатын азаматтар арасында өте өнімді жұмыс жасалған. Ал шектеулерді ескермеген, пысқырмаған азаматтарға әкімшілік қомақты көлемде айыппұл салды. Одан бөлек, Алматы облысында осындай іс бойынша 5 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, екі адамның ісі сотқа жетіпті.

Нақты сандарды сөйлетсек. Мысалы, былтыр Вконтакте желісіндегі теріс діни ағымды жақтайтын топтарға тіркелген азаматтардың саны 2020 жылға қарағанда 22 пайызға азайғанын айттық қой. Бұл әрине жүргізілген жұмыстардың нәтижесі.

Жасалған жұмыс пен нәтижелі қызметтер туралы Сағаныш Жанабай: «Біздің талдау жұмыстарымыз барысында 16 мемлекеттік, 10 діни, 5 құқық-қорғау қызметкерінің, 100-ге жуық студенттің деструктивті контент пайдаланатыны белгілі болып, дінтанушылар түсіндіру жұмыстарын жүргізді», – деді.

Қорыта айтқанда, діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу Қазақстанның мемлекеттік және ұлттық саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтардың 11 күні парламент мәжілісінің кезекті жалпы отырысында осы мәселені қадап айтып, діни экстремизм және терроризммен күрес жүргізу шаралары жөнінде тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар берген болатын. Біз айтып отырған Алматы мен Жетісу облыстарындағы діни жұмыстардың бәрі президент тапсырмасына орай жасалып отырған шаруалар. Батпандап кірген теріс сенімнің, мысқалдап шығатыны анық. Сондықтан діни оңалту жұмысы ұзақ әрі тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Бұл Алматы мен Жетісу облыстарындағы діни қызметкерлер мен дінтанушылардың ұстанымы.

Тегтер: Без Тега
Кемел Жан
Кемел Жан Кемел Жан

Оқыңыз