Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 18 Сәуір 2024

Шанхай мен Мәскеудегі келісімдер және Орталық Азияның кауіпсіздігі

Орта Азия

Әлем елдері бұрыннан өзінің қорғаныс қабілетін арттырып, қуатты әскер жасақтауға тырысады. Кадрлық-адами ресурстан бөлек, әскери техникаға да баса мән беріледі. Бұрынғыны қойғанда, бүгінгі геосаяси жағдайға қарап, кім де болса өз қауіпсіздігі үшін алды-артын ойлайтын болған. Қазақстан да дәл солай, әскери салаға маңыз беріп қарайды. Әсіресе халықаралық байланыстарға көптеп мән беріліп жүр. Бұл туралы саясаттанушы Мөлдір Нұрбекқызы былай дейді:

«Қазіргі заманғы геосаяси және қауіпсіздік қатерлері аясында өңірлік және халықаралық ұйымдар мемлекеттер арасындағы тұрақтылық пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуде негізгі рөлге ие. Осындай ұйымдардың ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз мүшелері үшін, оның ішінде Қазақстан үшін тек саяси емес, сонымен қатар басқа да кең ауқымды функцияларды орындайды. Біріншіден, ол саяси және экономикалық тұрақтылық, терроризмге қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік, көлік инфрақұрылымы және т.б. сияқты бірқатар маңызды мәселелер бойынша мемлекеттер арасындағы диалог пен пікір алмасу алаңы ретінде қызмет етеді. Бұл диалог елдерге ортақ мүдделерді анықтауға және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін әртүрлі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерді дамытуға көмектеседі.

ШЫҰ аясында әскери және қауіпсіздік күштердің бірлескен оқу-жаттығулары да өткізілетінін атап өту маңызды. Бұл оқу-жаттығулар қатысушы елдерге қарулы күштердің ынтымақтастығын арттыруға, әскери салада тәжірибе алмасуға, әскери қызметкерлердің кәсіби деңгейін шыңдауға бағытталған. Дегенмен ШЫҰ-ның әскери блок емес екенін және оған ортақ әскери күштерді немесе ұжымдық қорғанысты құру міндеті жүктелмегенін айта кеткен жөн. Оның мақсаттары әртүрлі салалардағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған, ал әскери аспектілер осы ынтымақтастықтың көптеген құрамдас бөліктерінің бірі ғана.

Сонымен қатар Қазақстан да мүше болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қаңтардағы оқиғадан кейін бірлесіп әрекет ету мүмкіндігі шын мәнісінде барын көрсетті, бұл бірқатар қауіптерге қарамастан аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскери ынтымақтастықтың рөлін айқындады. 2024 жылы аталған екі ұйымда да төрағалық ететін Қазақстан бұл ынтымақтастықты нығайтуға күш салып, оның негізгі қағидаттарын қолдайды. Жаһандық контекстіде халықаралық әскери ынтымақтастықтың маңызы зор. Ол елдерге қорғаныс қабілетін арттыруға, қауіпсіздік аймақтарын кеңейтуге және қақтығыс қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Геосаяси маңызды аймақта орналасқан Қазақстан үшін халықаралық әскери ынтымақтастықты дамыту оның қорғаныс саясатының маңызды элементі болып табылады. Дегенмен мұндай ынтымақтастықтың өзара тиімділік, егемендік пен мемлекет аумағына қол сұғылмаушылықты құрметтеу қағидаттары негізінде жүзеге асырылуы маңызды», – дейді Мөлдір Батиханова.

Айта кететін бір жайт, ТМД да өз кезегінде әскери мәселелерге жеткілікті көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, сәуір айының басында Мәскеуде ТМД-ға мүше елдер қарулы күштері штабтар бастықтары комитетінің отырысы өтті. Әрине, Қазақстан делегациясы да қатысты. Отырыс барысында әлемдегі әскери-саяси ахуалдың белең алу тенденциялары, қауіпсіздікке қатысты сын-пікірлер мен қауіп-қатерлер туралы мәселелер көтерілді. Оған қоса, ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің ұйымдық-техникалық құрылымын қалыптастыру, бірлескен байланыс жүйесін құру және оның жұмыс істеу қағидаттары туралы ереженің жобасы талқыланды.

Сәуірде ТМД-дан бөлек ШЫҰ-ның да арнайы семинары өтті. Астанадағы кездесуде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай елдері 1996 жылғы 26 сәуірдегі Шанхай және 1997 жылғы 24 сәуірдегі Мәскеу келісімдерін іске асыру жөнінде тәжірибе алмасты. Мұндағы Шанхай келісімі Мәскеумен шекара аймағындағы қарулы күштерді өзара қысқартуға, әскери саладағы сенім шараларын нығайтуға қатысты. Семинарда халықаралық келісімдердің негізгі ережелері айтылып, инспекция жүргізу және есептілікті дайындау ережелері нақтыланды. Келісімге қатысушы мемлекеттер арасындағы байланыс және IP-телефония ақпараттық желісін жаңарту туралы да мәселе талқыланды. Ал наурызда қорғаныс министрлігінің басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездескені есімізде. Ол кезде биыл мамыр айының соңына жоспарланған ҰҚШҰ қорғаныс министрлері кеңесінің алдағы отырысына дайындық мәселелері талқыланған. Демек, әскери халықаралық әскери ынтымақтастық жұмыстары тоқтап жатқан жоқ.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: