Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 01 Қазан 2024

Шайжанов алдапты, Әбдіғалиұлы Астанаға бармапты

Берік Әбліғалиұлы мен Қайрат Шайжанов
Фото: ашық дереккөз

Ұлытау облысында кәсіпорын қызметкерлерінің наразылық акциясы қалай аяқталды?

2 күн бойы 100-ден аса адам талабын орындату мақсатында «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының» жұмысшылары мекеме алдында жиналған. Бұл ЖСЖК қызметкерлерінің алғашқы наразылығы емес. Былтыр да бірнеше талабын айтып, наразылыққа шыққан. Бірақ бір жыл өтсе де, ештеңе өзгермеген. Әкімдік пен мекеме директоры былтырғы берген уәделерін орындамай қойған. «Жас Алаш» тілшісі жұмыскерлермен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Әкім уәдесінде тұрмайды

Кәсіпорын мамандарының басты талабы – жалақыны көтеру. Былтыр 2024 жылдың қыркүйек айында «айлықтарыңыз өседі» деп уәде берілген. Бір жыл өтіп қыркүйек келсе де бұл уәде орындалмаған. Жұмыскерлердің айтуынша, мекеме қарыз, қызметкерлердің жалақысы да соның кесірінен кешігіп түседі. Былтыр кәсіпорын басшылығы «биыл жалақыларыңызды көтере алмаймыз. Былтырғы бюджет бекітіліп кетті. Бірақ келер жылдан бастап жалақы өсіреміз» деген. Бұл сөзді қала әкімі де мақұлдаған. Бірақ енді әкім де, мекеме директоры да сөзден танып, биыл жалақы көтерілмейтінін, тек 2025 жылы шілде айынан бастап қана жалақы өсетінін мекеме қызметкерлеріне жеткізген. Әкім былтыр берген уәдесін орындау тұрыпты, мойындамай қойғандықтан кәсіпорынның қызметкерлері наразылыққа шыққан.

Кәсіпорынның жалақысы қазіргі нарыққа сәйкес келмейді. Мысалы, мекемедегі Айбек Оспанов дейтін дәнекерлеушінің айлығы 290-300 мың теңге. Бұл – осы кәсіпорындағы ең жоғарғы жалақы. Ол осы айлығынан несие және басқа да шығындарды төлегенде тек 35 мың теңге қалатынын айтады.

«Былтыр «Қазақмыстың» құрамынан әкімдікке ауыстық. «Бәрі жақсы болады» деп уәде берген еді. Бірақ одан сайын құлдырап кеттік. Біз мұндай наразылыққа шықпайтын едік. Бірақ өздерінің уәдесі бар еді. Енді ол орындалмай отыр. Баға деген күннен күнге өсіп жатыр. Қазіргі алатын айлығымыз 22 күн толық істесек қана 220 мың теңге қолымызға тиеді. Енді қазаннан бастап жылыту маусымы басталады. Оның ақшасы да айлықтан ұсталып қалады. Ол кезде 180 мың теңгедей аламыз. Жұмыста 6 разряд не ауысым бригадирлердің өзі 300 мың жалақы алады. Отбасылы адамға 300 мың теңге айлық емес деп ойлаймын. Сондықтан біздің ең басты талабымыз – жалақыны өсіру. 100-ден аса адам талабымызды орындату үшін 2 күн болды, наразылыққа шыққанымызға. Мекеме директоры да, қала әкімі де келді. Бірақ нақты іске асып жатқан ештеңе жоқ. Сұрап тұрған талабымыз да орындалмады. Тек уақыт созу үшін кейінге шегеріліп жатыр», – дейді жұмыскерлер.

Мекеменің тағы бір қызметкері Айтбек слесарь болып істейді. Ол демалыссыз, мереке күндерін қосқанда 300 мыңнан жоғары айлық алатынын айтады. Ал қалған уақытта жалақысы 300 мыңға жетпейді.

«Өзіңіз ойлаңызшы, 300 мыңға не істей аласың? Азық-түлік аласың ба, киім аласың ба, бала-шағаңа жұмсайсың ба? Бір ұлым студент. Оған ай сайын ақша жіберуіміз керек. Азық-түліктен жырып, соған ақша жинаймыз. Кез келген дүкенге барыңыз, барлық зат қымбат. Сенбесеңіз келіп көріңіз. Ішетін суымыз сары лай. Экологиямыз анау. Облыс құрылғалы бәрі бірден өзгеріп кетпейтінін білдік. 2025 жылы көп нәрсе өзгереді дейді. Алдағы жылға ғана үміт артып отырмыз. Екі адамның бірі несие алады. Соған байландық. Базардағылар да танысымыз. Солардан қарызға жаздырып, азық-түлік аламыз», – дейді Айтбек.

Жезқазғандықтар ауруханаға барып емделе алмай отыр

Кәсіпорынның қызметкерлерінің айтуынша, мекеме басшысы жалақыны көтеруге ақша жоқ екенін айтқан. Қызметкерлерге қандай қарыз, қайда қарыз болғанын түсіндіріп айтпаған. Жалақының кешіктірілуін де сонымен байланыстырған. Жұмыскерлердің зейнетақы жинағы мен медициналық сақтандыруына кейінгі уақытта ақша түспейтін көрінеді. Кейбір қызметкерлерге медициналық сақтандыру 3 айдан бері түспеген. Соның кесірінен олар ауруханаға барып емделе алмайды және несие де ала алмай қалған. Бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ, 2 жылдан бері мекеме мамандары күте-күте шаршаған.

«Бізде айта берсең мәселе көп. Кейбір қызметкерлер құбырда жұмыс істейді. Кейде жұмыс уақыты біткесін де қалып жатады. Ал оған қосымша ақы төленбейді. Бір сөзбен айтқанда, еңбектері бағаланбайды. Қанша жанталасып жұмыс істесең де, сол баяғы 220 мың теңгеңді алып қана отыра бересің. Мұның себебін басшылыққа айтсақ, тариф төмен екенін сылтау етіп көрсетеді. Одан бөлек, айтатындары мекеменің қарызы. Басшылықтың айтуынша, сол қарыздарды қазіргі күнде кәсіпорын төлей алмай жатыр екен. Бірақ кімге, қай жерге қарыз екенін айтпайды», – дейді ЖСЖК қызметкерлері.

Қызметкерлердің тағы бір талабы – Энергетика күніне орай берілетін премияны көтеру. Былтыр оларға 50 мың теңге берген. Одан бөлек, «Қазақмыс» корпорациясы сияқты, он үшінші айлықты қостыру. Жұмыскерлер жалақының уақытында түспейтінін де талаптарының бірі ретінде айтады. Жалақының қай күні түсетінін де білмейді.

«Қазір біз әкімдіктен жауап күтіп отырмыз. Әкімдік «келер жылдың бюджеті қаралып кетті. Жоспарға кірмей қалдыңыздар» деп айта ма деген қорқынышымыз да бар. Егер солай болса, біз мәселемізді кімге айтамыз, қайда барамыз? «Бір жыл күт» деді, күттік. Бірақ ештеңе өзгермеді. Бұлар халықтың жағдайын ойламаса, не істеп отыр?!», – дейді кәсіпорынның мамандары.

Ұлытау облыс болып құрылғалы ештеңе өзгерген жоқ

«Жас Алаш» тілшісі былтыр қараша айында Ұлытау облысына арнайы сапарлап, Жезқазған қаласының тұрмыс-тіршілігімен де танысып қайтқан. Сол кезде тұрғындар азық-түліктің басқа өңірлермен салыстырғанда тым қымбат екенін айтқан еді. Оның себебі – қалада өндірістің болуы. Біз де қаланы аралай жүріп, арнайы азық-түлік дүкендеріне бас сұқтық. Сол кезде шынында да тұрғындар айтқандай, азық-түліктің салыстырмалы түрде қымбат екеніне көз жеткіздік. ЖСЖК жұмыскерлерінен «бір жылдан бері бұл мәселелер шешімін тапты ма?» деп сұрадық. Ештеңе өзгермепті.

«220 мың теңге бір ай өмір сүруге жетпейді. Квартплата, азық-түлік, балалардың киімі, дәрі-дәрмек бар дегендей... Алған ақшамыз шынын айтқанда, 10 күнге ғана жетеді. Қазір баға күннен күнге көтеріліп жатыр. Жалақы алған кезде азық-түлік те автоматты түрде қымбаттап кетеді. Айдың аяғында алып жүрген баға басқа да, жалақы кезіндегі баға басқа болады. Мысалы, жұмыртқаны 430 теңгеден алып жүрсек, жалақы уақытында ол 570 теңгеге көтеріліп кетеді. Бізде басқа өңірлермен салыстырғанда азық-түліктің қымбат екені де рас. Алысқа бармай-ақ, мынау тұрған көрші Қызылордаға барсаң, бағаның арасы жер мен көктей екенін байқайсың. Жезқазғанда жалғызбасты аналарға тіпті қиын», – дейді қызметкерлер.

Жезқазғандағы басты мәселенің бірі – ауыз су. Қаншама жылдан бері жөндеу көрмеген құбырлар шіріп біткен. Халықтың басым көпшілігі сары су ішуге мәжбүр. Су тазалайтын құрылғы алып орнатуға бәрінің қалтасы көтере бермейді. Соның кесірінен түрлі ауру да көбейген. Мысалы, Ұлытау облысының халқы қатерлі ісікке шалдығу бойынша басқа өңірлерден алдыңғы орында тұр. Былтырғы статистика бойынша Ұлытауда 2 626 адам обырға шалдыққан. Оның ішінде тоқ ішек обыры үшінші орында тұр. Сәтбаевтағы «Есқұла» су қоймасы таза болғанымен, ол жерден тартылған құбыр әлі Жезқазғанға жете алмай жатыр. Қала халқы облыс болып құрылдық, енді бәрі оңалар деген үмітпен ғана шыдап отыр. Сары су жырына былтыр біз де көз жеткізгенбіз. Біз көрген суды ішу түгіл, жуыну мүмкін емес еді. Жезқазғандық жұмыскерлермен сөйлескенімізде ауыз судың мәселесі әлі де шешілмегенін байқадық. Су ғана емес басты мәселелер – жол мен экология да шешімін таппаған.

«Жезқазғандықтардың басым көпшілігі фильтр сатып алып, суды содан ішіп отыр. Жолымыз қазылып, қайта асфальт төселмеген күйі жатыр. Аулалардағы балалар ойын алаңы да басталып, аяқсыз қалған. Былтыр ойын алаңдарын сала бастағанда «балаларымыз алысқа бармай, үй жанында ойнайтын болды» деп қуанған едік. Бекер екен. Бір жыл болды, әлі біткен жоқ. Облыс болып құрылғалы 2 жылдан асты. Ең басында әкім «облыс болып құрылдық, енді бюджетіміз өзімізде болады. Бәрі өзгереді» деген еді. Өзгерген түгі де жоқ, қайта кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Жанайқайымызды қайда, кімге барып айтатынымызды білмей жатырмыз», – дейді жезқазғандықтар.

Бұл мәселе бойынша «Жас Алаш» тілшісі Жезқазған қаласының әкіміне де хабарласты. Әкім мекеме қызметкерлері 5 талап қойып отырғанын, оның үшеуі орындалып, қалған екеуі орындалмайтынын айтты.

«Бір талабы – қыркүйектің айлығы уақытылы беріле ме дейді. Берілетінін айттым. Содан кейін «шілде, тамыздың зейнетақы жинағы мен медициналық сақтандырылуы түсе ме?» деп сұрады. Оның да міндетті түрде түсетінін айттым. Одан кейін «энергетиктер күніне сыйақы түсе ме?» деп сұрады. Әрине, сыйақы болады. Былтыр 50 мың төледік, биыл да 50 мың төлейміз. Он үшінші айлықты сұрайды. Ол біздің еңбек кодексімізде жоқ. Тіпті біздің тарифте де жоқ. Себебі халық он екі айға ақша төлейді. Бесінші талабы – бізді қайтадан «Қазақмысқа» қайтарсын дегенді айтты. Ол мүмкін емес. Міне, бары – осы», – дейді қала әкімі Қайрат Шайжанов.

Жезқазған әкімі 100-ден аса адамның наразылыққа шыққанын да жоққа шығарды. Оның есебінше, бірінші күні 20-дан аса қызметкер шыққан, екінші күні 70-тей адам наразылық білдірген. Содан соң жергілікті шенеуніктен айлықты көтеру мәселесін де сұрадық.

«Айлық көтерілмейді. Жаңа тариф бекітілмей, жалақы көтерілмейді! Айлық – 306 мың. Менде бекітілген тариф бар. Халық төлеп жатқан тариф бойынша біздің мекемелер 190 мың теңге алу керек. Біз төлетіп жатырмыз», – дейді әкім.

Әкімнен мекеменің қарызын да сұрадық. Ол тариф пен қарыздың бір-біріне қатысы жоғын айтты. Одан бөлек, «Жас Алаш» тілшісінен «экономикалық арнайы білімің бар ма?» деп те сұрады. Жоқ екенін білгесін, оның айтатындары экономикаға қатысы болғандықтан, түсінуге қиын болатынын да жанамалап жеткізді. Сөз соңында «Жас Алаш» Ұлытау облысына барғанда арнайы кездесіп, сұхбат беруге уәде етті.

ЖСЖК-нің қарызы қанша?

Бұл мекеме Жезқазған каласында 1999 жылы 18 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Біркен Құлменов. Мекеме мемлекетке қарайды. Құрылтайшысы Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі мемлекеттік мекемесі. Былтырғы қаржы айналымы 54 млрд теңгеге жуық. 2023 жылы 1 млрд теңгеден аса салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттарының саны – 4 524.

Мекеме кеңсесінің алдында өткен наразылық барысында кәсіпорынның қарызы 1,4 млрд теңге екені айтылады. Оны біз жұмыскерлер жіберген видеодан байқадық. «Жас Алаш» тілшісі кәсіпорын қайда, не үшін қарыз екенін білу мақсатында мекеме директорына хабарласты. Бірақ ол телефон тұтқасын көтермеді. Жазған хатымызға да жауап қайтармады.

P.S. Мекеме қызметкерлерімен газет беттеліп жатқанда қайыра тағы бір сөйлестік. Әзірге жағдай өзгермеген. Жұмысшылар мекеме директоры мен әкімдікке қазанның соңына дейін жағдайды өзгертуге мұрсат берген. Бірақ қала түгілі, бұл мәселе облыс деңгейінде шешілмей жатқан көрінеді. «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» қызметкерлері облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы кәсіпорынның мәселесін көтеріп, вице-премьер Роман Склярмен кездесуге Астанаға кетіпті деп қалды. Нақтылағанымызда, қала әкімі наразы жұртты «облыс әкімі сіздердің мәселелеріңіз бойынша Склярмен кездесуге кетті» деп шығарып салған. Облыстағы бір мекеменің шаруасымен Астанаға, вице-премьерге кетсе, еңіреген ер екен, облыстағы жүз шақты адамның жалақысын уайымдап, отыра алмаған екен ғой деп, облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Еркеназ Оспанбекова ауыр күрсініп, Әбдіғалиұлының жұмыста екенін, ешқайда кетпегенін айтты. Көңіліміз су сепкендей басылды. Бәсе, бір мекеменің мұңын арқалап, Астана асыпты деген әкімді естімеп едік. Қазан айында талабымыз орындалады, әкіміміз біз үшін Астанада жүр деп, сеніп қалған ағайынға жаның ашиды...

Тұрсынбек БАШАР