Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс осы аптада сотқа өтпек

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс алдағы күндері сотқа берілетінін хабарлады.
«Шерзаттың ісін прокуратура тексеріп жатыр. Алдағы күндері, осы аптада сотқа беріледі деп күтеміз. Бұл қазірдің өзінде соттың құзыреті. Басты сот талқылауын жүргізу үшін судья тағайындалады», - деді Әділов.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы негізгі соттың қашан басталатынын нақты айтпаған.
Өткен аптада еліміздің Бас прокуратурасы 16 жастағы Шерзат Болаттың отбасының үйін өртеп жіберуге қатысы барлар да анықталмағанын хабарлады.
Шерзаттың өліміне қатысты қылмыстық істің қозғалу барысына түсініктеме берген Бас прокурордың орынбасары қазір айыптау актісі дайындалып жатқанын айтты.
Айта кетейік, Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғам арасында резонанс тудырды. Оны 4 қазанға қараған түні бір топ жігіт әке-шешесінің көзінше ұрып, пышақтап өлтіріп кетті. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
Кейін желіде «Хутор бригадасының» басшысы атанған Хасан Қасымбаев мәлімдеме жасады. Ол Талғар тұрғындарының өзі туралы жазған желідегі пікірлерін жалған деп атады. Содан соң Хасан Қасымбаевтың өзі ұсталып, екі айға қамалды. Бірақ ІІМ оның басқа іс бойынша қамалғанын мәлімдеді.
9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың қайтыс болғаны белгілі болды.
Бірақ туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін мәлімдеді.
11 наурызда белсенді Димаш Қаматай әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова көпшіліктің қолдауымен баспаналы болғанын хабарлады.