Шымкентте әйел сатылып кеткен үйі мен пәтерін сот арқылы қайтарып алды
Шымкент қаласының екінші топтағы мүгедектігі бар тұрғыны өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікке қатысты берілген сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінді.
Әңгіме жер телімі бар тұрғын үй мен пәтер туралы болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Жоғарғы соты хабарлады.
Талапкер сенімхаттың қандай жағдайда рәсімделгенін және оған қалай қол қойғанын есіне түсіре алмайтынын айтқан. Оның сөзінше, өз мүлкін басқа біреудің иелігіне беруге ешқашан келісім бермеген.
Сондай-ақ ол сенімхат рәсімделіп, мәмілелер жасалған кезде облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жатқанын мәлімдеген.
Іс бойынша жауапкер ретінде екі нотариус пен әйелдің үш туысы тартылды. Талапкер олардың психикалық жағдайын пайдаланып, қажетті құжаттарды рәсімдеп, өзіне тиесілі барлық мүлікті сатып жібергенін айтты.
Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты жауапкерлер әйелден алынған сенімхаттардың негізінде оның атынан әрекет етіп, жылжымайтын мүлкін иеліктен шығарғанын анықтады. Соның салдарынан талапкер баспанасынан айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
Сот-психиатриялық сараптама әйелдің 2019 жылдан бері психикалық дертке шалдыққанын растады. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, сенімхатқа қол қойған сәтте ол өз әрекетінің мәнін түсініп, оған саналы түрде басшылық жасай алмаған.
Осыған байланысты сот талапкердің ерік білдіруі саналы болмаған деген қорытындыға келіп, сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды.
Нәтижесінде тараптар бастапқы құқықтық жағдайына қайтарылып, әйелдің мүліктік құқықтары толық қалпына келтірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.