Шымкентте мұғалім жеті жасар оқушыға тиіскен деген күдікпен ұсталды
Шымкентте жеті жасар оқушы қызға сабақтан кейін тиіскен деген күдікпен мұғалім ұсталды.
Бұл туралы ҚазТАГ жазды.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құқыққа қарсы әрекет жасады деген күдікпен қала тұрғыны ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Қазіргі уақытта тергеу-жедел тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізуде. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттеліп жатыр, ықтимал куәгерлер мен өзге де тұлғалардан жауап алынуда. Барлық уәждер тексеріліп, жиналған материалдар мен фактілер талданып, салыстырылуда», – делінген полиция хабарламасында.
Белгілі болғандай, полицияға арызды оқушының анасы жазған. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицияда тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Барлық тергеу әрекеттері заң талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізілуде.
«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының хабарлауынша, мектептегі бейнебақылау камераларында ер адамның қарсылық көрсеткен баланы тізесіне отырғызғаны түсірілген.