Оқиғалар

ШҚО-да заңсыз алтын өндіргендер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндіру фактісі анықталып, төрт адам қолға түсті. Бұл туралы өңірлік прокуратура хабарлады.

алтын

Биыл сәуір айында Күршім ауданының прокуратурасы ШҚО бойынша ҰҚКД және Күршім орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, Маралды ауылдық округіндегі «Көлшілік» учаскесінде рейдтік іс-шара жүргізген. Тексеру барысында заңсыз пайдалы қазба өндіру дерегі тіркелген.

Анықталғандай, алтын өндіру жұмыстары ауыр арнайы техника мен спутниктік байланыс құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылған. Оқиға орнында 4 адам ұсталды. Олардың арасында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы да бар.

Тексеру барысында шынжыр табанды экскаватор, автокөлік, мотоцикл, қымбат металл іздегіш құрылғылар, қол құралдары және өзге де жабдықтар тәркіленді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз