Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:42, 02 Желтоқсан 2024

Сириядағы оқиғалар Ресей мен Иранның әлсірегенін білдіреді – АҚШ

1
Фото:AP Photo / Ghaith Alsayed

Көтерілісшілердің жылдам әрі сәтті әрекеттері Иран, Ресей және Хезболланың әлсірегенін көрсетеді, деді АҚШ ресми өкілі.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан CNN телеарнасына берген сұхбатында сириялық оппозициялық күштердің Алеппоға бақылау орнатуына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, шабуылдардың жылдамдығы Сирия режимі мен аймақтық бақылаушылар үшін күтпеген жағдай болды. Салливан бұл өзгерістердің Украинадағы жағдаймен бірге Ресей мен Иранның стратегиялық ұстанымдарының әлсіреуінің нәтижесі деп санайды.

Сириядағы АҚШ күштеріне төнетін ықтимал қауіптерге тоқталған Салливан: «ДАИШ-пен күресу үшін орналастырылған күштеріміз басқа аймақта орналасқан, сондықтан бұл шабуылдардан тікелей қауіп жоқ. Алайда олар Иран, Ирак және Сириядағы шиит топтарының қауіп-қатері астында қалып отыр. Біз оларды қорғау және ықтимал шабуылдарға жауап беру үшін күн сайын жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.

Салливан Америка Құрама Штаттарының оқиғаларды бақылауды жалғастыратынын атап өтті. Ол Вашингтонның Сирия режиміне қарсы шыққан қарулы Хайят Тахрир аш-Шамды (ХТШ) «террористік ұйым» қатарына жатқызғанын айтып, оның мақсаттары мен ниеттеріне алаңдаушылық білдірді.

Сонымен бірге, Салливанның айтуынша, АҚШ оппозициялық күштердің Ресей, Иран және Хизболла қолдайтын Башар Асад үкіметіне қысым көрсетуіне, әсіресе Дамаскіге қарай ілгерілеуіне қарсы емес.

Ол жағдайды «күрделі» деп атап, Вашингтонның аймақтық серіктестермен белсенді ынтымақтастығын жалғастыратынын айтты.

Тегтер: