Қоғам

СҚО-да мас жолаушы өзіне көмекке келген фельдшерді соққыға жықты

23 маусым күні Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында Lada автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшырап, аударылған. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем бригадасы жедел жетті.

Жедел жәрдем

Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде автокөлік жолаушыларының бірі медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп, агрессия танытқан. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, алкогольдік масаң күйде болған 62 жастағы ер адам 37 жастағы жедел жәрдем медбикесінің аяқ-қолы мен іш тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Құқық бұзушының заңсыз әрекетін тоқтату үшін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оған күш қолдануға мәжбүр болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек бойынша жедел жәрдем қызметкеріне күш қолдану фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай құқық бұзушылық үшін ірі көлемде айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Тексеру барысында жол-көлік оқиғасына қатысқан үш азаматтың да алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Автокөлікті басқарған 52 жастағы аудан тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Полиция азаматтарды жол қозғалысы кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға, алкогольдік ішімдік ішкен күйде көлікке отырмауға және медицина қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтірмеуге шақырады. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз