Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 25 Қыркүйек 2024

Соғыс пен пропаганда. Зеленский мен Путин шындығы әртүрлі

Зеленский мен Путин
Фото: focus.ua

Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-тағы сапары басталды. Алдағы апта ол БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының отырысында сөз сөйлейді.

26 қыркүйек күні Ақ үйдің қазіргі басшысы Джо Байденмен кездесіп, Ресейге қарсы соғысты талқылап, жаңа жоспарын таныстырмақ. Сондай-ақ АҚШ президенттігінен үмітті Камала Харриспен және Дональд Трамппен де жолығады.

«Соғыстың арты не болары – осы күзде белгілі болады. Әріптестерімізбен тізе қосып, позициямызды күшейте аламыз. Бұл жеңіс үшін, ортақ жеңісіміз үшін қажет. Шын мәніндегі әділетті әлем үшін керек», – деді Зеленский АҚШ-қа бара сала, әлеуметтік желіге жазған мәлімдемесінде.

АҚШ-тағы сапарында ең маңызды тұлғалармен жолығамын деген Зеленский бұрын айтылғандай, Байденге бейбіт күнге жетудің жолын ұсынбақ. Зеленскийдің бұл жоспары ұзақ мерзімге арналған. Зеленский сондай-ақ Еуропа елдерінің басшыларымен, Үлкен жетілікке кіретін елдердің лидерлерімен кездеспек. «Бізге керегі – нағыз бейбітшілік, шын жеңіс және халықаралық құқық», – деді Украина президенті.

Зеленскийдің осы сапары алдында Ресейдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Украина екінші рет ұйымдастыратын бейбітшілік саммитіне қатыспайтынын айтты. Бұл екі елдің де қазіргі ұстанымын айғақтайтын әрекеттер екені түсінікті.

Қазір Ресей мен Украина арасында бірін-бірі тынбай атқылап жатқан майдан жүріп жатыр. Украинаның қарулы күштері Тверь облысындағы Торопец қаласында орналасқан Ресейдің ең үлкен әскери қоймаларының бірін жермен жексен етіп, жарып жіберді. «Ескендір», ТРК (тактикалық ракеталық кешен), әуеден тастайтын 500 келілік бомбалары жинақталған қойманы украиндықтар дронмен атқылаған. Би-би-си арнасы: «Украинаның қарулы күштері мен арнайы операция жасағы «Ескендір», ТРК, КАБ-қа арналған ракеталар жинақталған Тверь облысындағы қойманы атқылады. Ресей Федерациясының бас ракеталық-артиллериялық басқармасының үлкен қоймасын дрондар тура мағынасында жер бетінен жойып жіберді. Бұл қойма Торопец қаласында орналасқан» деп жазды.

Торопец қаласында осы жарылыстан кейін 2,5 балға татитын детонация болған. Курскіге жасаған шабуылдан кейінгі Украина әскерінің тағы бір жойқын соққысы ретінде бағалауға болатын бұл операция Ресейге ауыр тиді. Курскіден кейін бірден бомба лақтырып, әуе шабуылын ұйымдастырғаны сияқты, орыстар тағы жылдам жауап қатты. Жексенбі күні таңертең Запорожье облысына бомба тастады. Әуе соққысы инфраструктуралық нысандарға тиді. Запорожьеден майдан шебіне дейін отыз шақырымнан сәл асады.

Запорожье облыстық әкімшілігінің басшысы Иван Федеровтың мәліметінше, Ресейдің әуе соққысынан кейін 21 адам қайтыс болған. Ауруханада 94 және 23 жастағы екі әйел жарақатпен жатыр. Басқарылатын бомбадан зардап шеккендердің көбі медициналық көмекке жүгінген. Олардың кейбірі емді үйлерінде қабылдайтын болған.

Жексенбі күні кешке басқарылатын ракеталар арқылы жеті соққы жасағаны хабарланды. Бұл туралы Украинаның ұлттық полициясы хабарлаған. Ал Ресей тарапы бұл шабуыл бойынша ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Есесіне, Ресейдің сыртқы істер министрлігі Украинаның Курск облысына жасаған шабуылы 56 бейбіт адамды өмірінен айырып, 266 адамды жаралады деп хабарлады. Бұл 20 қыркүйектегі ақпарат, ал 5 қыркүйекте ресейлік сыртқы істер қызметі 31 адам қайтыс болды деп хабарлаған болатын.

Қазіргі ақпарат бойынша соғыс болып жатқан аймақтан 131 мың тұрғын көшіп кеткен. Мәскеу Украинаны кей адамдардың көшіп кетуіне кедергі келтіріп жатыр деп кінәлады. Оның ішінде 120-ға жуық Суджа қаласының тұрғындары бар.

Кремльдің бұл айыбына Украинаның сыртқы істер министрлігі жауап берді. Министрліктің өкілі Георгий Тихий Украинаның әскери күші халықаралық гуманитарлық құқықты сақтап, бейбіт тұрғындарды атқыламайтынын айтты. «Ресейдің үнемі өтірік цифр айтып, пропагандамен айналысатынын ескерген кезде, бұл айыптардың шын-өтірігін анықтап жатудың өзі артық. Егер Ресей жағдайдың шын бейнесін көрсеткісі келсе, БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымына тексеруге рұқсат етсін», – деді Тихий.

Зеленскийдің АҚШ-қа сапары Кремльдің қытығына тиіп жатқаны осыдан байқалады. Бірақ олар түк сезбегендей, көрмегендей, шабуылдарын жасап, пропагандасын жүргізіп жатыр.

Зеленскийдің де айтқанынан қайтпай, бейбіт күнге жету үшін аянбайтыны белгілі. БҰҰ мінберінде сөйлеп, әлемдегі әріптестерінен Ресейді бомбалауға рұқсат алса, мақсатына бір табан жақындағаны болар еді.

Қасым Арықбай