Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға баратын жолдарды жаруы мүмкін - Yonhap
Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен байланыстыратын жолдарды жаруға дайындалып жатыр. Бұл 14 қазан, дүйсенбі күні болуы мүмкін, деп жазады Yonhap агенттігі.
Оңтүстік Корея Біріккен штаб бастықтары комитетінің өкілі Ли Сон Чжунның айтуынша, әскерилер КХДР жолдар бойымен жамылғы орнатып, жарылысқа дайындалып жатқанын анықтады.
"Солтүстік Кореядағы жарылыстар дәл бүгін, 14 қазанда, орын алуы мүмкін," – деді ол.
Өкілдің айтуынша, Солтүстік Корея екі Корея арасындағы жолдар бойында жарылыстар жасауы немесе басқа да арандатушылық әрекеттерге баруы мүмкін. Бірақ ол Оңтүстік Кореяның арандатушылыққа бармайтынын және "батыл жауап" беретінін атап өтті.
"Егер Солтүстік Корея арандатушылыққа барса, біз өзімізді қорғау құқығымыз негізінде батыл жауап қайтарамыз," – деді әскери өкіл.
КХДР мен Оңтүстік Корея арасындағы қақтығыс өткен аптада ушыға түсті. Пхеньян Оңтүстік Кореяны дрондар ұшырды деп айыптап, жауап беретінін және "барлық шабуыл құралдарын" дайындайтынын мәлімдеді. КХДР Оңтүстік Кореямен байланыстыратын автокөлік және темір жолдарын жауып тастады. Сондай-ақ, Пхеньян Оңтүстік Кореямен шекарада орналасқан артиллерияны жауынгерлік дайындыққа келтірді.
Өз кезегінде, Сеул КХДР-дың қатерлеріне қатаң жауап қайтарып, батыл жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.