Сот қазақстандық журналист Азамат Омаровтың бұлтартпау шарасын өзгертуден бас тартты
YouTube-тегі «Ахуал Сегодня» арнасының авторы Азамат Омаровқа қатысты бұлтартпау шарасын жеңілдету туралы өтінішті сот қанағаттандырмады.
Бұл туралы оның жұбайы Венера Мұстафина хабарлады.
Мұстафинаның айтуынша, қорғаушы тарап Омаровты қамаудан босатып, оған жеңілірек бұлтартпау шарасын қолдануды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Соған сәйкес журналист тергеу изоляторында қала береді.
Венера Мұстафина күйеуіне тергеу изоляторында барып қайтқанын да айтты. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазба жариялаған.
«Ол бес адамға арналған камерада отыр, әзірге төртеу. Сенбі күні монша күні болған. Екі рет душқа апарғанымен, екеуінде де су қысымы болмаған. Сондықтан жуына алмаған. Сенбі күні серуенге де шығармаған», – деп жазды ол.
Азамат Омаров 18 шілдеде өз үйінде ұсталды. Тінту барысында компьютерлер, қатқыл дискілер мен ұялы телефондар тәркіленді. Кейін Астана соты оны екі ай мерзімге қамауға санкция берді.
Журналист Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы («әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша күдікке ілінген.
Адвокаттың айтуынша, сот қаулысында Омаровтың президент, қазіргі билік, әлеуметтік-экономикалық саясат және мемлекеттік органдардың қызметі туралы сатиралық түрде пікір білдіргені көрсетілген. Тергеу оның жарияланымдары халық арасында билікке қатысты теріс көзқарас қалыптастырады деп есептейді.
Ал Азамат Омаров өзіне тағылған айыппен келіспейді. Адвокатының сөзінше, журналист өз жарияланымдарын «кәдімгі сатира мен әзіл» деп санайды.
Азамат Омаров Қазақстандағы саяси және қоғамдық оқиғаларды ирониялық тұрғыда талдайтын «Ахуал Сегодня» жобасының авторы ретінде танымал.
Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) ұйымы Омаровтың қамауға алынуын айыптады. Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабының тұжырымдары тым кең әрі нақты емес екенін бірнеше рет сынға алып, бұл бап халықаралық құқықпен қорғалатын пікір білдіру жағдайларында да қолданылатынын мәлімдеген. Ал Қазақстан билігі елде саяси себеппен қудалау бар деген айыптауларды жоққа шығарады.