Судья блогер Жаңабыловқа ескерту жасады
Астанада блогерлер Ерболат Жаңабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Отырыс барысында судья Ерболат Жаңабыловқа ескерту жасады.
Сотта жауап алу кезінде Жанабылов оның қасына орнатқан ілмелі микрофондарды (петличка) өшіріп тастаған. Блогердің түсіндіруінше, бұл құрылғылар оның ойын жинақтауына, сұрақтарға жауап беруіне және еркін куәлік етуіне кедергі келтірген.
«Алдарыңызда тұрмын, қобалжып жатырмын, не айтарымды білмеймін – тілім байланып қалғандай, не қазақша, не орысша дұрыс сөйлей алмай тұрмын. Сондықтан сіздерге айтарым: ренжімеңіздерші, мені кешіріңіздер. Бірақ мына жерде, сот алдында тұрғанда қатты уайымдаймын», - деді ол.
Ол журналистерге қарап, іс-әрекеті үшін кешірім сұрады және қатты қобалжып тұрғанын айтқан. Жаңабыловтың айтуынша, ол өз сөздерінің дұрыс емес жағынан көрсетілуінен қорқады, соның салдарынан ойын жинақтап сөйлеу қиынға соғып тұр.
«Не істерімді білмей, сасып қаламын. Ешбіріңіздің басыңызға мұндай жағдай түспесін, бірақ сот алдында тұру – мүлде бөлек атмосфера», - деген ол..
Осыдан кейін судья Әділбек Баймаханов жазу құрылғыларын өшіруге жол берілмейтінін айтып, оған ескерту жасады.
«Сот отырысының басында мен БАҚ өкілдеріне процесті түсіруге, соның ішінде аудиожазба жасауға рұқсат бердім. Сондықтан сот сізге ескерту жасайды, сіздің өшіруге құқығыңыз жоқ. Сіздің іс-әрекетіңіз сотты құрметтемеу ретінде қабылданады», - деді судья.
Баймаханов Жаңабыловқа мұндай әрекет қайталанса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Блогерлер Жанабыловтардың соты
16 наурызда Астанада танымал блогерлер Ерболат Жаңабылов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Ерлі-зайыптылар журналистердің сот залында видеоға түсіруіне және фотоға алуына қарсы шықты.
«Менің үлкен балам мектепке барады, балама біздің жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылып жатыр», - деп түсіндірді Төлегенова.
Блогерлердің адвокаты сотты жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, бірақ прокурорлар бұған қарсылық танытты. Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ адвокат істі прокурорға қайтаруды сұраған болатын.
Бұған дейін прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыған еді. Онда Жанабыловтар ұсынған сыйлықтар мен ұтыстар қатысушылардың ақшасы есебінен алынғаны, ал жарнамада жүлде қоры ұйымдастырушылардың өз қаражатынан құралатындай әсер қалдырғаны айтылған. Тергеу мәліметтері бойынша, блогерлердің жобасына қатысты шоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.