Тасқыннан кейін. Шәпкенов неге жалтарып жүр?

Құлсары тұрғындары шөп өсетін үйде тұрады
Өткен жылы су алған Атырау облысының тұрғындары үйлерінің зақымданғанына қарамастан әлі күнге тиісті көмек ала алмай жүр. «Жас Алаш» телефон арқылы сөйлескен тұрғындар дәл қазір үйлерінің ішінде шөп өсіп тұрғанын айтты.
Былтыр су тасқынынан ерекше зардап шеккендердің бірі – Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы. Су тасқыны кезінде қаладағы 2 650 жеке үйге су кірген. 1 453 баспана тұруға жарамсыз делініп, олардың иелеріне жаңа үй алуға қаражат берілген. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның шешімімен 1 180 тұрғынға үйлерін жөндеп алуға төлем жасалған. Алайда үйлері зақымдалған Құлсары тұрғындарының бәрі бірдей тиесілі көмекке қол жеткізіп отырған жоқ. «Жас Алашқа» хабарласқан Құлсары тұрғындары үйлері су тасқынының кесірінен жарылып, сызат түскенін, әлі күнге сыз тартып тұрғанын айтты.
Көктемгі су тасқыны Құлсары қаласының тұрғыны Жұмабай Мұқанғалиевтің (мекенжайы Құлсары қаласы, Ж.Ізтұрған көшесі, 146-үй) үйінің іргесіне дейін көтерілген. Оның айтуынша, кейін үйінің астынан су шыққан. Кейін үйдің қабырғалары, төбесі сызаттанып, жарықшақ түсе бастаған. Осыдан соң әкімдікке арыз жазған. Сосын үйді арнайы комиссия келіп тексерген. Бірақ ақша тимеген. Міне, содан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып сабылып жүр, «үмітіміз де үзілді, бармаған жеріміз қалмады. Ақыр аяғында тығырыққа тіреліп, сіздерден көмек сұрап отырмыз», дейді.
Жұмабай Мұқанғалиевтің айтуынша, үйін тексерген комиссия оған 14 миллион 300 мың теңге мөлшерінде қаражат тиетінін айтқан. Алайда кейіннен жергілікті әкімшілік ешқандай да ақша төленбейді деген. Сөйтіп үміттері үзіліп, не істерін білмей дағдарып жүргенде тұрғындардың WhatsApp топтарында 139 үйдің тізімі жарияланған. Онда тасқыннан зардап шеккен үй иелерінің аты-жөні, мекенжайы және қанша қаражатқа бағаланғаны жазылған. Бұл тізімде Ж.Мұқанғалиевтің да есімі бар. Осыдан соң тізімде аттары аталған тұрғындар әкімдікке барған. Бірақ әкімдік «бұл тізім фейк ақпарат, оны таратқан әкімшілік қызметкерлерін жұмыстан шығарып жібердік, сіздерге ешқандай да көмек берілмейді, мұнымен келіспесеңіздер сотқа жүгініңіздер» деп шығарып салған. Алайда тұрғындар 139 үйдің тізімі жазылған ақпараттың «фейк» екеніне сенбейді. Себебі онда үй иесінің аты-жөні, үйдің мекенжайы, үй иесінің телефон нөмірі, тіпті берілуге тиіс ақшаның мөлшеріне дейін жазылған. Асты сыз, қабырғасы жарық үйлерде отырмыз деген тұрғындар қала, аудан әкіміне, әкімшілік қызметкерлерге наразы.
– Әкімге бірнеше рет айттым, үйді барып өзіңіз көріңізші деп. Бірақ келмеді, басқа адамға тапсырады, алайда ол адамы да келмеді, көмекшісі ме, біреуді жіберді. Олар ештеңе шешпейді. Қазір суық үйде тұрып жатырмыз, – дейді Ж.Мұқанғалиев.
Былтырдан бері әкімшіліктің есігін тоздырып жүрген Құлсарының тағы бір тұрғыны Ислам Жолдыбаев (мекенжайы Құлсары қаласы, Автожолшылар ықшам ауданы, Н.Тілендиев көшесі, 254-үй). Оның сөзінше, тасқын су үйінің айналасын түгел алып кеткен. 4 сәуір күні эвакуацияланған. Оқиғаның қалай болғанын былай баяндап берді.
– Үйіміз ай бойы судың ортасындағы кішкентай арал секілді жерде тұрды. Айналамыздың бәрі суға кетті. Ауламызға дейін су кірді. Мамыр айында, су деңгейі түскенде үйіміз жарыла бастады. Содан маусымда аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атына арыз жаздым. Сосын Семей, Алматы қалаларынан келген арнайы комиссия үйімізді тексерді. Олар «үйлеріңіз күрделі жөндеуге жатады. Тасқын су үйдің айналасында ұзақ тұрғандықтан жерге сіңіп, жер отырған, соның салдарынан үйге зақым келген» деді. Алайда комиссияның шығарып кеткен ақшасын аудан әкімі бізге берген де жоқ, көрсеткен де жоқ. Кейін шілде айында өздері қайтадан комиссия құрып, (комиссия төрағасы Жылой ауданы әкімінің орынбасары Н.Сарманов) қаражатты бізге бергізбей тастады. Айтқан сылтауы «сіздің үйіңіз су келген аймақта тұрған жоқ» дейді. Осыдан соң кезегімді күтіп жүріп 28 тамыз күні аудан әкімі Қаражановтың қабылдауына кірдім, істің мән-жайын сұрап едім ол: «Сотқа арыз жаз, маған соттың шешімін алып кел» деді, – дейді.
Осыдан соң әкімнен үміті үзілген Ислам Жолдыбаев аудан әкімін және төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссияны сотқа берген. 2024 жылы 28 қазан күні бұл іс Атырау облыстық ауданаралық сотта қаралып, шілде айында Жылыой ауданы әкімінің «№32 хаттамалық шешімінің Ислам Жолдыбаевқа қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылсын» деп шешім шыққан. Онда «15 күн ішінде үй қайта тексерсін» делінген, алайда осы уақытқа дейін И.Жолдыбаевтың үйіне әкімшіліктен ешкім келмеген. Есесіне, 2025 жылдың 5 қаңтар күні Жолдыбаевтың үйіне «материалдық нұсқаны бағалау және өтеу жөніндегі комиссия отырысының №103 хаттамасын» жіберген. Онда «Құлсары қаласындағы жерасты суларының көтерілмегендігі анықталды» делінген. Демек Жолдыбаевтың үйі жерасты суының зардабына ұшырамаған. Оған ақша берілмейді деген сөз. Алайда комиссияның бұл шешімімен Жолдыбаев келіспейді. Ол комиссия мүшелерінің үйге келмегеніне наразы «олар шешімді кабинеттерінде отырып шығарды» дейді.
– Менің үйім жерасты суының емес, іргеме дейін келіп, ай бойы тартылмай тұрған судың кесірінен жарылды. Су сіңген соң жер отырды, содан үй жарылды. Осыны олар қалай білмейді?! 6 ақпан күні комиссия хатшысы Нұрболат Шармановпен кездестім. Ол «үйіңізді қайта тексертіңіз, енді сіздердің істеріңізді Жылыой аудандық соты қарайды» деп шығарып салды. Бірақ мен ауданнан күдерімді үзіп отырмын. Бұлардан жақсылық күтуге болмайды, – дейді ол.
Ислам Жолдыбаев жарылған үйін бітеп, тұрып жатыр. Үйдің бұрыш-бұрышы, едені көгере бастаған. Үй сыз, «мектепте оқитын балаларым жиі жөтеліп ауырады» дейді. Жақында өзі де ауырып, 4 күн емделіпті.
Құлсары қаласының тағы бір тұрғыны Гүлназира Абдуллина да (мекенжайы Құлсары қаласы 5 ықшам ауданы, І.Сариев көшесі 46-үй) үйінің су тасқынынан соң жарылғанын, алайда ешқандай көмек ала алмай жүргенін айтады. Оның сөзінше, үйі суға жақын орналасқан. Су қайтқан соң үйден жағымсыз иіс шыға бастаған. Кейін үйдің қабырғалары жарылған. Содан 2024 жылы 25 мамырда әкімшілікке арыз жазған. Әкімшіліктен келіп, тексеріп, үйдің ылғалдығы жоғары екенін, қабырғалардағы жарық, сызаттар соның кесірінен пайда болғанын айтқан. Осыдан кейін үйге бағалаушы келген. Олар үйді, сарайды жан-жақты тексеріп, бағалаушылар шығарған қорытындыны жабық конвертпен үйге жіберілетінін айтқан. Бұл конвертті әкімшіліктің ашуға құқысы жоқ, оны үйіңізге әкеліп береді немесе әкімшілікке шақырып, қолыңызға табыстайды деген. Алайда үйге ешқандай конверт келмеген.
Жылыой ауданы әкімдігі «фейк ақпарат» деп атаған 139 тұрғынның мәліметі жазылған тізімнің «фейк» екеніне Г.Абдуллина да сенбейді.
– Бізге «оценщиктер» шығарған қорытынды келмеді. Себебі әкімшілік ақша бермеу үшін әдейі істеп отыр. Бастапқыда «келген жоқ» деп алдады, екі ай бойы уақытымыз әкімшілікке барумен өтті. Сөйтіп жүргенде әлгі әкімшілік «фейк» деп жалтарып отырған тізім жарияланып кетті. Кейіннен тізімде аты-жөні жазылған отыз шақты адам тізімде көрсетілген көмекті алды. Сонда бұл қалай «фейк» болады? Ондағы ақпараттың бәрі дұрыс, менің, күйеуімнің телефон нөміріне дейін жазылып тұр. Біз әкімшіліктен басқа еш жерге құжат өткізген жоқпыз. Демек тізімдегі ақпараттың бәрін әкімшілік өздерінен алып отыр. Мұның бәрі ақшаны бермеудің амалы. Енді бізге сотқа барыңдар дейді, бірақ сотта жеңген кісілердің өзі берілуге тиісті ақшаны ала алмай отыр. Шынын айтқанда, біздің шенділерден үмітіміз үзілді. Күзде Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев келіп, жағдайымызбен танысып қайтқан. Қасында журналистер еріп жүр. Үйдегі жарықтарды көзімен көріп, басын шайқап, таңғалып, жарық, сызаттың бәрін фотоға түсіріп алған. Мен ол кісіге іргетастың түбіне шыққан құрақты көрсеттім. Үйдің ішінде де осындай құрақ өсіп тұрғанын айттым. Осыдан соң «депутаттың өзі келді ғой, бір жаңалық болар» деп үміттеніп едім. Міне, одан бері де екі айдай уақыт өтті. Ештеңе өзгермеді. Бізді әкім алдайды, депутаттар алдайды, сонда кімге сенеміз? – дейді ол.
Құлсары қаласы тұрғындары осы мәселені айтуға «әкімшіліктен тыйым бар» дейді. Мұны біз тілдескен Г.Абдуллина да растады. Оның сөзінше, әкімдік «бұл мәселені айтпаңдар, еш жерге жарияламаңдар, әкімдікке келмеңдер» деп тыйым салады екен. Тіпті «өзің үшін болмаса да балаларың үшін қорық» деп үйіне полиция қызметкерін де жіберген. Осының бәріне ашынған ол: «біреуге жағдайыңды айтып, уатсаппен жазып немесе телефонмен сөйлесе қалсаң, жарты сағаттан соң үйге полиция қызметкері жетіп келеді. «Сіз митингке шығайық деп жатырсыз» дейді. Иә, мен әкімдікке барайық, арыз-арманымызды айтайық, ала алмай жүрген ақшамызды сұрайық дедім. Сонда бұлай айтуға да қақым жоқ па?! Сөйтсем, полиция қызметкері «әкімнің қабылдауына жазылыңыз» дейді. Ал әкімге барсаң, оны-мұны сылтау айтып, шығарып салады. Басында «он бес күн күтіңіз» дейді, он бес күн өткен соң «әлі болмай жатыр, жиырма күн күтіңіз» дейді. Өстіп жүріп жаз өтті, күз өтті. Міне, қыс та бітейін деді, әлі нәтиже жоқ. Бізге әкімшілік: «Сіздер қызыл аймаққа кірмейсіздер» дейді. Үйіміздің ішінен су шығып жатса, қалай кірмейміз? Үйдің іргесіндегі тасқын кезінде биіктеткен өзеннің жағасы үйдің төбесімен бірдей болып тұр. Ал жағалауды қалай биіктеткеніміз әлі көз алдымда. Сарбаздармен бірге ауыл тұрғындары күндіз-түні қап тасып, ұйықтаған жоқ. Судың беті қайтқанша кезекші тағайындап күзетті. Мен төрт немерем мен екі келінімді алып Бейнеуге кеттім. Ал екі ұлым мен әкелері осында болды. Өстіп жүріп күйеуім ауырды, өкпесіне суық тиіп, Алматыға барып емделіп қайтты», – дейді.
Кешеден бері «Жас Алашқа» Құлсарыдан хабарласқан тұрғындардың қарасы көп. Бәрінің үйлері жарылған, сызат түскен, көгерген. Көмек ала алмай жүр. Тіпті жасы үлкендеу ана: «Айналайын балам, біз далада қаңғып қалдық. Ешкім көмектеспейді. Аудан, облыстан үмітімізді үздік, біздің зарымызды президентке жеткізіңіздерші» деді көзіне жас алып, шарасы таусылған кейіпте.
Біз осы мәселе бойынша алдымен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевке хабарластық, хат жаздық, хатымызды оқыды, алайда жауап бермеді. Сосын Атырау облысы Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақоваға хабарластық. Кеше тілдескенімізде «мен босайын, сізге хабарласамын» деп жазып жіберді. Біз «жұмыста бұдан да маңызды, бұдан да тығыз (!) шаруаның қамымен қарбалас болар, кейін хабарласар» деп ойладық, алайда ол хабарласпады, қайта соққан қоңырауымызға жауап бермеді. Содан бүгін (12.02.2025) таңертең өзіміз қайта хабарластық. Бұл жолы орынбасар әкім: «Мен кеше сіздің телефон нөміріңізді таба алмай қалдым. Қазір жауап дайындадым, келісіп алайын, сізге жіберемін» деді. Біз бұл жолы Гүлнафистің кіммен, нені «келіскелі» жатқанын, кімнің келісімін күтіп отырғанын біле алмадық. Газет беттелгенше ешқандай жауап болмады, соған қарағанда әкімдіктегілер келісе алмаса керек.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ