Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:05

Тбилисидегі шерулер кезінде 220-дан астам адам қамауға алынды

Грузия
Фото: Фото: Гиорги Аржеванидзе/AFP Getty Images арқылы

Грузияның астанасы Тбилисиде 5 күнге созылған наразылық кезінде 224 адам қамауға алынды, деп хабарлады Грузияның ішкі істер министрлігі.  

Ұсталғандарға полицияға бағынбады және ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр. Сот үкімімен 36 адамға айыппұл салынып, 34 адам әкімшілік қамауға алынды. Сотқа барлығы 98 адамға қатысты материалдар келіп түскен.

Екі ереуілші (2003 және 2007 жылы туған) жауапқа тартылды. Олар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады және өрт қою арқылы мүлікке (оның ішінде қала меншігіне) зиян келтірді деп айыпталуда. Айыпталушы жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полицияның мәліметінше, тәртіпсіздіктер салдарынан 113 полиция қызметкері зардап шекті, олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды. Ішкі істер министрлігі полицияның ескертуіне қарамастан митингіге қатысушылар «бірнеше рет арандатушылық әрекеттер жасап», Руставели даңғылындағы парламент ғимараты мен инфрақұрылымға зақым келтіргенін мәлімдеді.

Тбилисиде арнайы жасақтар шерушілерге қарсы су шашып жатыр

Тбилисидегі жаппай наразылықтың төртінші күнінде арнайы полиция күштері парламент ғимараты маңында жиналғандарға қарсы су атқыштарын қолданды. «Руставели даңғылындағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр, арнайы жасақтар парламент ауласының ішінен су шашып жатыр, бірақ кейбір наразылық білдірушілер орнында қалды», - деп жазады Paper Kartuli.

Осы кезде кейбір наразылық білдірушілер арнайы жасаққа тас лақтырып, отшашу мен атып жатыр, деп хабарлайды "Эхо Кавказа".

Грузияның ең ірі банктері Bank of Georgia және TBC, телекоммуникация операторлары Magti және Silknet, Tegeta автосалондары және ORBI Group әзірлеушісі наразылық білдірушілермен ынтымақтастығын білдірді. Биліктегі «Грузин арманы» партиясының еуроинтеграция үдерісін тоқтату туралы шешімін Грузияның Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Конституциялық сот қызметкерлері және басқа да мемлекеттік қызметкерлер де ашық түрде айыптады. Бұған қоса, Грузияның АҚШ, Нидерланды, Болгария, Италия және Литвадағы елшілері наразылық ретінде отставкаға кеткені хабарланды.

Тегтер: