Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:17

Тимур мен Динара Құлыбаевтар Halyk Bank акцияларын 475 млн долларға сатты

Тимур мен Динара Құлыбаев
Фото: kazenergy.com / foundation.kz

Halyk Bank-тің мажоритар акционері – Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «АЛМЭКС» компаниясы банк акцияларының 7,6%-ын жалпы 475,4 млн долларға сатты.

Бұл ақпарат Halyk Bank өткізген SPO қорытындысы бойынша жарияланды. Нәтижесінде «АЛМЭКС» компаниясының банктағы үлесі 69,5%-дан 62%-ға төмендеді.

Банк хабарламасында көрсетілгендей, сатылған көлем – банк айналымындағы барлық акциялардың 7,6%-ына тең. Жиынтық мәміле сомасы $475,4 млн болды, оның ішінде:

  • 121,8 млн жай акция – бір акциясы 298,66 теңгеден сатылды;
  • 17,6 млн ГДР – бір ГДР $23-дан сатылды (1 ГДР = 40 акция).

Барлығы шамамен 825,8 млн акция (оның ішінде ГДР-ға сәйкес келетіндерімен бірге) сатылды.

Инвесторлар құрылымы: 84% – шетелдік капитал

Хабарламаға сәйкес: 17,4 млн ГДР Қазақстаннан тыс институционалдық инвесторларға сатылған, 0,2 млн ГДР және 121,8 млн акция – қазақстандық инвесторларға ұсынылған.

Halyk Bank бұл сатылымнан табыс алмайды

Айта кету керек, акцияларды сатушы – «АЛМЭКС» компаниясы. Сондықтан Halyk Bank бұл мәміледен ешқандай тікелей табыс түсірмейді. SPO тек акционер құрылымын өзгертуге бағытталған.

  • «АЛМЭКС»-тің үлесі сатылымнан кейін 6,7 млрд акцияны, яғни айналымдағы акциялардың 62%-ын құрайды.

SPO шеңберінде «АЛМЭКС» бір жыл бойы Halyk Bank акцияларының қалған бөлігін сатпауға міндеттелді. Бұл шарт Citigroup Global Markets Limited және J.P. Morgan Securities plc тарапынан белгіленген.

Бұған дейін «АЛМЭКС» және Halyk Bank халықаралық және қазақстандық инвесторлардан өтінім жинау басталғанын хабарлаған еді. 12 млн ГДР (4%) орналастыру жоспары болған.

SPO аяқталғаннан кейін «АЛМЭКС»-тің үлесі бақылаушы пакет ретінде 51%-дан жоғары деңгейде қалатыны айтылған.

Құлыбаевтар – Forbes рейтингісінде төртінші орында

Экс-президенттің қызы мен күйеу баласы Halyk Bank және ірі мұнай өнімдер саудасы (Qazaq Oil жанармай станциялары желісі) арқылы байлығын еселеп отыр. Forbes бағалауынша, олардың жеке байлығы 5,3 млрд доллардан.

Құлыбаевтар Алмекc холдингі арқылы Халық банкінің 69,8 пайызын ұстап отыр. 2024 жылы банктің мүлкі 19,7 пайыз артып, таза табысы 30 пайызға – 965,8 млрд теңгеге артқан. Сонымен бірге, олардың кәсіпорындары құрамына «Кипрос» топтамасы – Viled, Emdeu, Қамқор Менеджмент, Бахус және PetroRetail (Qazaq Oil желісі) желілері бар. Коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында Mercury Properties арқылы миллион шаршы метрден астам кеңселерге иелік етеді.

Кезінде Қазақстан экономикасының «құлағын ұстаған» Тимур Құлыбаев қазір билікпен «мәміле үстелінде» отыр. Bloomberg дерегіне сүйеніп, экс-президенттің күйеу баласы үкіметпен 1 миллиард доллар көлемінде есеп айырысу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын бұған дейін де жаздық. Құлыбаевтың өкілі бұл соманы «кінәні мойындау» емес деп мәлімдегенімен, оның иелігіндегі бірнеше нысанның мемлекетке қайтарылғаны, миллиардтаған айыппұлдар, соттар мен тәркілеулер мүлдем басқа жайтты аңғартады. Назарбаев дәуірінде кедергісіз өскен бұл империя – мұнайдан банкингке, коммерциялық жылжымайтын мүліктен көмір мен қаржы секторына дейін барлық салада өзінің көлеңкесін қалдырды. Мәселен, тек «Халық банкі» арқылы 15 трлн теңгелік активті бақылауда ұстауы немесе Mercury Properties арқылы 37 ірі нысанды басқаруы, әл-Фараби даңғылының бойындағы ҚазҰУ жерін заңсыз меншіктенуі – бәрі де жүйелі ықпалдың айғағы. Енді соның аз ғана бөлігін, яғни 1 миллиард доллар көлемінде қаржыны қайтару арқылы Құлыбаевтар өмірін «ақ парақтан бастауды» қалайтын сияқты. Бұл бір жағынан «саяси ақталудың» жолы болуы мүмкін. Құлыбаевтың байлығы жылдан-жылға кеміп жатқан жоқ, керісінше, 2024 жылы оның пайдасы 700 млн долларға жеткен. Биыл 600 млн доллар пайда көріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, активтер қысқарса да, кіріс кемімеген. Бұл – саяси салмақтың бизнес үшін әлі де маңызды фактор екенін көрсетеді.

Байлығы қысқарды дейтініміз, Құлыбаевтардың бірнеше мүлкі мен компанияларына салық салу арқылы билік бірнеше миллиард теңге қайтарып алды. Мысалы, 2025 жылы Бас көлік прокуратурасы Құлыбаевтың бақылауындағы «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан 54 нысанды тәркілегенін мәлімдеді. Бұл тізімге отын қоймалары, багаж терминалдары, жер телімдері және қоймалар кіреді. Бұдан бөлек, мұнай және газ секторындағы заңсыздықтар үшін Joint Technologies – 2 миллиард теңге, Каспий Нефть – 13,6 млрд теңге, Silk Way Petroleum – 1,1 млн теңге және 382 млрд теңгені қайтару міндеті, PetroSun – 875 млн теңге айыппұл, тағы 2,2 млрд теңге өз еркімен төлеу міндеттелді. Бұл айыппұлдардың жалпы көлемі 400 миллиард теңгеден асады. Жылжымайтын мүліктер де Құлыбаевтардан алынып жатыр. Мәселен, ҚазҰУ-ға тиесілі жер телімі заңсыз берілген деп танылып, мемлекетке қайтарылды. Медеу ұлттық парк аумағындағы қонақүй кешені сот шешімімен бұзылды. ҚБТУ университетінің ғимараты да мемлекет меншігіне өтті.