Миллиардер келіннің миллионер атасы Асқар Құлыбаевтың бизнестері
4 маусым күні Асқар Құлыбаевқа тиесілі Ақтаудағы теңіз портында орналасқан 134 гектар мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Терминалдың құны 66 млн доллар. Прокуратура мәліметінше, талап-арыз Асқар Құлыбаевқа тиесілі компанияның шетелдік инвестордың меншігін заңсыз алып қоюы нәтижесінде келтірілген залалды өтеу мақсатында берілген.
Жалпы, Назарбаевтың құдасына қатысты бизнес көздері көп екені айтылады. Оларды анықтау мақсатында Асқар Құлыбаевқа қатысты бизнестерді тексеріп көрдік.
Құлыбаевтың бизнесі Ақтаудағы терминалмен бітіп қалмайды
Ақтаудағы терминалды 2011 жылы Құлыбаев компаниясы меншіктеген. Алматы прокуратурасы мұны заңсыз деп тауып, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсірген. 26 ақпанда Маңғыстау соты Алматы қаласы прокурорының талап-арызын қанағаттандырып, мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір сот үкімі заңды күшіне енді.
Мемлекет бір терминалды қайтарғаннан Құлыбаевтардың бизнесі бітіп қалмайды. Мысалы, Тимур мен Динара Құлыбаевтар биыл еліміздегі Forbes рейтингісінде 2-орынға шықты. Олардың байлығы 10 млрд доллар. Бір жылда 700 млн доллардан пайда тапқан. Ерлі-зайыптылар Forbes миллиардерлерінің әлемдік рейтингінде 612-орынға ие болған. Тимурдың әкесі де КСРО кезінде саяси карьерасын жасап алды. Бірқатар басшылық қызметтерді атқарды. Сөйтіп жүріп кәсібін құруды да ұмытпады. Кеңес заманында ол Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы (1983-85), Гурьев (қазіргі Атырау) облысы партия комитетінің 1-хатшысы болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР тұрғын үй және құрылыс министрі лауазымына 1993-97 жылдары екі рет тағайындалды. Назарбаевтың құдасы еліміздегі Forbes тізіміне 2015 жылға дейін енді. Сол кезде оның жеке капиталы 1,97 млрд теңге екені айтылады. Ол біраз жыл «BRIDGING GAPS COMPANY» дейтін компаниясының иесі болған. Кәсіпорынға Sputnik сауда орталығы қарайды. Қазір бұл компания Асқар Құлыбаевқа ресми тиесілі емес, оның иесі Мулдаакынова Тулеухан Джакеновна.
Назарбаевтың құдасының бизнестері
Назарбаевтың құдасы бір бизнестен кетіп, екіншісін мемлекетке қайтарғанымен компаниядан кенде емес. Оның атында ресми 9 кәсіпорын тіркелген. Құлыбаев кейбіріне тікелей иелік етсе, басқаларының құрылтай мүшесі. Енді оларды ретімен баяндап берейік.
«AKA Petroleum Trading Corporation LTD» ЖШС
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2008 жылы, 29 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Хамитов Ержан Нургалиевич. Құрылтайшысы жалғыз – Кулибаев Аскар Алтынбекович. Мекенжайы Алматы, Фурмонов көшесі, 130А.
Компания жанармай көтерме саудасымен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 12 794 424 684 теңге. Төлеген салығы – 269 067 595 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 1 млрд-қа жуық қаржы аударған.
«Акa Trans Service» ЖШС
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2008 жылы, 11 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Коспанов Асылбек Болатович. Құрылтайшысы жалғыз – Назарбаевтың құдасы. Мекенжайы – Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 130А.
Кәсіпорын жанармай көтерме саудасымен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 4 491 500 263 теңге, төлеген салығы – 85 338 505 теңге. Осы уақытқа дейін қазынаға 730 467 500 теңге аударған.
«AKA Business» ЖШС
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2019 жылы, 11 шілдедеде тіркеуден өткен. Директоры – Хамитов Ержан Нургалиевич. Құрылтайшысы жалғыз – Асқар Құлыбаев. Мекенжайы – Алматы қаласы, Назарбаев көшесі, 130А.
Кәсіпорын компания бизнесі мен менеджментіне кеңес берумен айналысады.
Кәсіпорынның 2023 жылғы қаржы айналымы – 29 400 000 теңге. Алайда бір жыл бұрын ЖШС қаржысы 1 820 721 714 теңге болған. Былтырғы салығы – 600 000 теңге. Жалпы компания ашылғалы бері – 37 757 586 теңге салық төлеген.
«Fаклия-Инcан» ЖШС
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 1992 жылы, 14 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Сапарбаев Марат Мухамеджанович. Құрылтайшылары – Сапарбаев Марат Мухамеджанович, Бекмухаметова Зейнеш Жармухаметовна, Кулибаев Аскар Алтынбекович. Мекенжайы – Алматы, Рысқұлов даңғылы, 103/1.
Компания жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 822 904 210 теңге, төлеген салығы – 18 047 524 теңге. Жалпы салығы – 130 741 048 теңге. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.
Н.Ә.Марабаев атындағы «МҰНАЙШЫ» қоғамдық қоры
Алматы қаласының әділет департаментінде 2004 жылы, 26 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Исаев Рахман Жексенбаевич. Құрылтайшылары – Марабаева Ляйля Окановна, Кулибаев Аскар Алтынбекович. Мекенжайы – Алматы қаласы, Азербаева көшесі, 58.
Компания кәсіби қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналысады. Кәсіпорынның 2023 жылғы ақша айналымы – 44 717 694 теңге, төлеген салығы – 897 517 теңге. Жалпы мемлекет қазынасына осы уақытқа дейін – 11 193 478 теңге аударған. Келісімшарттары жоқ.
Қоғамдық қор «KazEnergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылтай мүшесі.
Аталған кәсіпорын Астана қаласының әділет департаментінде 2005 жылы, 2 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Куантыров Алибек Сакенович. Құрылтайшылары – «КазРосГаз», «МҰНАЙШЫ», «ҚазТрансОйл», «ҚАЗАҚТҮРКМҰНАЙ», «Интергаз Орталық Азия», «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы», «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы». Мекенжайы – Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17.
Кәсіпорын қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналысады.
Компанияның 2023 жылғы қаржы айналымы – 6 561 928 684 теңге, төлеген салығы – 121 951 816 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 1 165 631 498 теңге аударған. 2019 жылы 66 964 286 теңгеге бір келісімшарт алып орындаған.
«Qazaq Buіldіng group» ЖШС
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2004 жылы, 30 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Хамитов Ержан Нургалиевич. Құрылтайшылары – Кулибаев Аскар Алтынбекович, Хамитов Ержан Нургалиевич. ЖШС негізінен саудамен айналысады. Мекенжайы – Алматы қаласы, Рысқұлов даңғылы, 103/1.
Компанияныың 2023 жылғы қаржы айналымы – 18 044 000 теңге, төлеген салығы – 400 мыңға жуық. Жалпы салығы – 21 982 669 теңге.
Назарбаевтың құдасы «Қазақстан Республикасының бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігінің директоры. Бірлестік алғаш рет 1992 жылы 29 сәуірде тіркеуден өткен. Құрылтай құрамында 11 адам бар. Оның кейінгі жылдардағы ақша айналымы мен төлеген салығы туралы мәлімет жоқ. Мемлекеттен алған келісімшарттары да кездеспейді.
P.S. Асқар Құлыбаев бұдан бөлек Vega Resources, «КазСамоцветы» сынды компаниялардың құрылтай мүшесі. Ал оның компаниясы құрылтай құрамына кіретін «KazEnergy-дың» да 3 компанияға қатысы бар. Қысқаша айтқанда, Құлыбаевтың бизнестерге қатысы біз жоғарыда тізіп кеткен 9 компаниямен бітіп қалмайды. Заңды тұлғаны заңды тұлғаға тіркеу арқылы бір-бірімен шырмауық сынды байланысып кете береді. Кейбір бейресми деректерде Назарбаевтың құдасының Silk Way компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы деген де мәлімет бар.
Тұрсынбек БАШАР