Forbes-2024 және ескі мен жаңа арасында құбылған Құлыбаев
Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті экс-президенттің күйеу баласының империясына көптен бері «қызығып» жүр.
Алдымен Joint Technologies компаниясы сынды кәсіпорындарына бірнеше млрд айыппұл салды, енді келіп өзімен соттасып жатыр. Олай дейтініміз, 25 қарашада олигарх Тимур Құлыбаев Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетімен соттасып жатыр деген ақпарат шықты. ҚазТАГ мәліметінше, іс судьяға тапсырылып, апелляциялық инстанцияда қаралған.
Дәл осы күні Ғorbes Kazahstan еліміздегі ең беделді қалталылардың рейтингін жариялады. Тізімде «Назарбаевтың әмияны» деп аталып жүрген мыс империясының иесі Владимир Ким бірінші орынға шығып, кезінде 30 пайыз үлесі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaspi банктің қазіргі иелерінің бірі – Вячеслав Ким екінші орынға түскен. Бұл рейтингте Құлыбаев тіпті сегізінші орынға құлдыраған. Осы жерде түсіндіре кетейік, елімізде ең бай миллиардерлер тізімі деген рейтинг бар. Мұндай тізім әлемде де бар. Негізінен тізімді Forbes жасайды. Ал екінші еліміздегі ең беделді байлар тізімі деген тізім – бір жыл ішінде олигархтардың табысы, компанияларының жоғарыға өрлеуі туралы жасалатын Ғorbes Kazahstan статистикасы. Бұл мақалада осы екі тізім кезек пайдаланып отырады. Оқырман шатасып кетпеуі үшін осындай қысқа ғана мәлімет беруді жөн көріп отырмыз.
Рейтингте бір Ким төменге түсіп, екінші Ким жоғарыға шықты
Ғorbes Kazahstan басылымы «Kazakhmys Copper» АҚ есебін алға тартып, акционерлік қоғам былтыр табысын 6 есеге көбейтіп, 111,85 млрд теңге пайда көргенін жазады. Соның есебінен болса керек, Ким ең бай қазақстандықтар рейтингінде бірінші орынға шыққан. Ол ұзақ жылдар Қазақстандағы ең бай адамдар көшін бастап келді. Бірақ былтыр ең беделді олигархтар тізімінде төртінші орынға түскен. Қазақ қоғамында оның мұнша байлыққа ие болуы мүмкін емес, оның артында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұр деген гәп жиі айтылады. Ким дегенде алдымен «Қазақмыс» корпорациясы еске түседі. Кәсіпорынның 70 пайыз үлесі Владимир Кимге тиесілі. «Назарбаевтың әмияны» негізгі табысын «Қазақмыс» пен KAZAKHMYS SMELTING компанияларынан тауып отыр. Себебі былтыр «Қазақмыстың» ақша айналымы 8,5 трлн-ға жуық, ҚАЗАҚМЫС СМЭЛТИНГ кәсіпорнының ақша айналымы 1 трлн-нан асқан. Жалпы Кимнің табыс көзі мұнымен бітіп қалмайды. Ол туралы «Жас Алаш» наурыз айында «Назарбаевтың әмияны». Владимир Кимнің мыс империясы» атты көлемді зерттеу мақала жазған. Сол жерде Ким компаниялары егжей-тегжейлі жазылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «НАЗАРБАЕВТЫҢ ӘМИЯНЫ». ВЛАДИМИР КИМНІҢ МЫС ИМПЕРИЯСЫ
Ал бұған дейін ең беделді миллиардерлер тізімінде көш бастап тұрған Вячеслав Кимнің бір саты төмен сырғуына Ғorbes Kazahstan басылымы Culper Research компаниясы Kaspi-дің АҚШ-тың санкциялық тізіміне ену мүмкіндігі туралы пайым жасауымен байланыстырады. Бұл қыркүйекте белгілі болған еді. Сол кезде Kaspi бағалы қағаздары 18,4 пайызға құлдыраған. Кейіннен банк өкілдері мұны «пайда табуды көздегендердің шабуылы» деп мәлімдеген. Бірақ банк 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында 466 млрд теңге табыс тапты. Тағы бір айта кететіні, биыл алғаш рет еліміздегі ең бай олигархтар тізімінде Вячеслав Ким бірінші орынға шықты. Оның байлығы 5,8 млрд долларға бағаланған. Бұл тізімде биыл ұзақ жылдар көш бастаған Владимир Ким төртінші орынға түсіп қалды. Оның байлығы 4,8 млрд-тан 3,6 млрд-қа дейін азайған. Бірақ биылғы беделді бизнесмендер тізімінде көш бастап тұрған Владимир Кимнің табысына қарап, келер жылы ол қайтадан ең бай адамдар рейтингінде бірінші орынға шығып кетуі мүмкін деп болжам жасауға болады.
Ескі Қазақстан қайтадан күш ала бастады ма?
Бұл рейтинг Ескі Қазақстан қайтадан күш ала бастағандай әсер қалдырады. Себебі Ким экс-президент кезінде жоғарыда айтып кеткеніміздей, көш басынан түспеді. Оны тек алғашында Назарбаевтың күйеу баласы Құлыбаев, кейіннен анда-санда Болат Өтемұратов ауыстырып тұрды. Қоғам арасында Өтемұратовтың да Назарбаевтың «әмияны» деген сөз айтылып қалып жатады. Енді сол байлар тізімінде бірінші орыннан түспеген Владимир Ким алғаш рет төменге түскен, енді қайтадан «мыс патшасы» көш бастап отыр.
Кезінде Kaspi банктің Назарбаевтар әулетіне байланысы болғаны жасырын емес. Тіпті Kaspi финтех компаниясының артында экс-президенттің інісі Қайрат Сатыбалды тұруы мүмкін деген болжам жасалды. Сондай-ақ шетелдік БАҚ Қазақстанның банк секторы тұтастай Назарбаевтар әулетінен шыққан ықпалды адамдардың қолында шоғырланғанын да жазды. Қайрат Сатыбалдының Kaspi банкке ресми түрде 2015-2018 жылдары қатысы болды. 2018 жылы ол өз үлесін Вячеслав Кимге 390 млн долларға сатып жіберді.
Кимдер бизнесте орындарын одан әрі нығайтып жатқан тұста, президенттен кешірім сұраған Қайрат Сатыбалды да түрмеден босады. Бұл, бәлкім, жай ғана сәйкестік шығар, бірақ кеудесоқтық болса да бұл оқиғалардың параллельді жүріп отырғанын ескеріп, мысал ретінде қоса кетуді жөн көрдік.
Жаңа мен ескі Қазақстан арасында құбылған Құлыбаевтың активтері
Енді мақала басында жазған Құлыбаевтың соттасу мәселесіне келейік. Әзірге активтерді қайтару комитеті Назарбаевтың күйеу баласын не үшін сотқа бергені ашық айтылған жоқ. Тек сот процесінің жүріп жатқаны ғана белгілі. Бұл сот Құлыбаевпен арадағы алғашқысы емес және соңғысы болмауы да мүмкін. Себебі осы уақытқа дейін сот «мұнай королі» атанып кеткен Назарбаевтың күйеу баласына тиесілі бірнеше компанияға айыппұл салған еді. Мысалы, биыл жыл басында Құлыбаевтың Joint Technologies компаниясына мұнай-газ саласындағы заңбұзушылықтар үшін 2 миллиард теңге айыппұл салынды. Тамыз айында Құлыбаевқа тиесілі тағы «Каспий нефть» АҚ-ға 13,6 млрд теңге айыппұл салынды. Құлыбаевтың тағы бір компаниясы Silk Way Petroleum 1,5 миллион тоннадан астам мұнай өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 1,1 миллион теңге айыппұл арқалады. Сонымен қатар сот компаниядан заңсыз сатылған жанармай үшін 382 миллиард 144 миллион теңге қайтаруды міндеттеді. Компания бұл шешіммен дауласуға тырысты, бірақ апелляциялық сот кезінде ұтылып қалды. Ал қыркүйек айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Петросун» ЖШС-ға заңсыз әркеттері үшін 875 млн теңге айыппұл салған еді.
Жаза берсек мұндай мысалдар өте көп. Сондықтан біз Құлыбаевтың кейбір компанияларына салынған айыппұлдарға ғана тоқталып өттік.
Мемлекет Құлыбаевтың қандай байлықтарын алып қойды?
Құлыбаевтың компанияларына айыппұл салынуымен қатар, оның кейбір мүліктері мемлекет меншігіне де өтіп жатыр. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында сот шешімімен «Сұйытылған мұнай газды сақтау паркі» ЖШС-ның 50 пайызы алынды. 2023 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот Тимур Құлыбаевқа тиесілі тағы бір мүлікті ҚТЖ-ға қайтарды. Құлыбаев ұлттық теміржол тасымалы операторының жанармай қоймаларын аукцион арқылы арзандатылған бағамен сатып алған. Ал ҚТЖ отын қоймаларын 2011 жылдың шілдесінен 2022 жылдың желтоқсанына дейін пайдалану кезінде 149 млрд теңге төлеген. «Қазақстан теміржолына» қойма қайтарылды. Сонымен қатар өткен жылдың аяғында сот ұлттық парктің Медеу филиалына қарасты Үлкен-Алматы орман шаруашылығындағы «Кипрос» серіктестігінің қонақүйін бұзып, жерін мемлекет меншігіне өткізу туралы шешім шығарған. Бұдан бөлек, Құлыбаев компаниясынан ҚазҰУ аумағындағы жер телімдері алынды. Учаске 2007 жылы «Кипрос» құрылымына кіретін «Омирекс» ЖШС-на заңсыз берілген. Құлыбаев апелляциялық шағым түсіріп, оны жақында Алматы қалалық соты қарады. Бірақ үкім өзгеріссіз қалды. Қазір миллиардер компаниясы қайтарылған жерлері бойынша Алматы әкімдігіне 34 миллиард теңге талап қоюды жоспарлап отыр.
Кейбір деректер бойынша активтерді қайтару комитеті ҚБТУ университетінің ғимаратын да заңсыз шартпен алынған деп қайтарып алмақшы болған. Бірақ кейіннен сот тоқтап қалыпты. Не үшін тоқтағаны белгісіз. Оған Құлыбаевтың Жаңа Қазақстан билігімен келісімге келгені себеп болуы мүмкін. Бұлай дейтініміз – кейбір Telegram-арналар Тимур Құлыбаевтың билікпен қандай да бір сотқа дейінгі келісім жасасқаны туралы ақпарат жарияланды. Нәтижесінде ол келісім бойынша билікке 1 млрд доллар береді. Сөйтіп, дүние-мүлкін сақтап қалуы ықтимал. Бұл ақпаратқа қатысты кейін мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов өз ойын айтты. Оның айтуынша, шын мәнінде Қазақстан мемлекеті экс-президенттің күйеу баласынан екі есе көп, яғни екі миллиард доллар алған. Бірақ бұл ақпаратты да ешкім ресми түрде растаған жоқ.
Билік Құлыбаевтың заңсыз активтерін қайтарып ала ала ма?
Telegram-арналар жазғандай егер билік Құлыбаевпен келісімге келсе, қайтадан неге сотқа беріп жатыр деген сауал туындайды. Әлде бұл Назарбаев күйеу баласының көрсетіп жатқан қарсылығы болды ма? Осындай бірнеше сауалымызды мәжіліс депутаты Ермұрат Бапиге жолдадық. Депутаттың айтуынша, соттасудың саясаты басқада жатыр.
«Құлыбаевтың Жаңа Қазақстанға қарсы шығуға қышыры шыдамайды. Бас прокуратураның бір құжатымен барлық есепшоттары бұғатталып, шетке шығу мүмкіндігінен лезде айырылады. Қазір Комитет активтерді өз еркімен қайтаруға ырықты тұлғалармен жұмыс істеуде. Құлыбаев алғашында өз еркімен аз-маз активін қайтарған еді. Ал ендігі мәселе «богатство необьяснимого происхождения» деген талапқа тірелген сияқты. Яғни Активтерді қайтару комитеті Құлыбаевтың «шығу тегін түсіндіре алмайтын» активтерін сот арқылы қайтару процесін бастаған болуы мүмкін. «Мүмкін» деп отырған себебім – қазір Активтерді қайтару жөніндегі үкіметтік комиссияның реестріне кірген тұлғалармен құпия жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан бізге беймағлұм мәселенің жай-жапсарын Бас прокуратураның жанындағы комитеттен сұрау керек. Біздікі ауа қарманған жорамал ғана болып шығады», – дейді депутат.
Е. Бапи Құлыбаевтардың заңсыз активтерін қайтарып алу оңайға соқпайды деп те санайды. Себебі ол кезінде көптеген заңсыз мүлкін заңдастырып алған көрінеді.
«Тимур Құлыбаевта әйелі екеуінің «Форбс» тізіміне енген ресми байлығы 9 млрд доллардан асады. Ал бейресми активі бір құдайға ғана мәлім шығар. «Тимур және оның командасының» 22 шет еліндегі 200-ден астам компанияда үлесі бар екенін ескерсек, оның байлық көлемі орасан зор екені сөзсіз. Ал «заңсыз активтерін қайтарып ала ала ма?» деген сұраққа келсек, біріншіден, оның байлығының негізгі көлемі заңсыз екенін дәлелдеу оңай болмайды. Себебі ол өзінің «күйеулік» рөлін пайдаланып, кезінде тиісті үкіметтік құжаттармен біраз байлығын заңдастырып алды. Оны заңсыз деп дәлелдеу ұзақ сонар сот арқылы анықталмаса, басқалай мүмкіндік шектеулі. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев тірі тұрғанда, ұрланған мүлкі мен байлығын соңғы сабақ жібіне дейін қайтарып беруі неғайбыл мәселе».
Құлыбаевтың қандай байлықтары бар?
Еліміздегі байлар тізімінде Құлыбаевтар екінші орында тұрғанымен биылғы әлемдік Forbes рейтингіндегі ең бай қазақстандықтардың тізімін Тимур мен Динара Құлыбаевтар бастады. Олар әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде 623-орында. 2024 жылы Назарбаевтың қызы мен күйеу баласының байлығы 4,6 миллиард доллардан бағаланған. Екеуінің дәулеті бір жыл ішінде 350 млн доллардан артқан. Ал Қазақстан миллиардерлері арасында былтырғы рейтингі өзгермей, 2-орынды иеленген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ БАЙЛЫҒЫ – ЖАРИЯ, МӘЛІМЕТІ – ҚҰПИЯ
Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен Тимур Құлыбаевтар Almex Holding Group АҚ арқылы Лондон қор биржасында (LSE) сатылатын «Халық банкінің» (Қазақстан Халық Банкі АҚ) 69,52% акциясына иелік етеді. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Халық банктің» активтері 15,09 трлн теңге, меншікті капиталы – 2,5 трлн теңге болған. Өткен жылы банк жай акциялар бойынша 276,5 млрд теңге дивиденд төлеген. 2024 жылғы алғашқы тоқсанындағы пайдасы 178 млрд теңге. Былтырғы ақша айналымы 6 133 351 148 947 теңге, төлеген салығы 116 530 671 830 теңге. Жалпы салығы – 607 354 376 287 теңге. Мемлекеттен 2016 жылдан бері 9432 келісімшарт алып орындаған, оның 3 602-сін тікелей бір көзден алған. Құлыбаевтар иелік ететін Қазақстан Халық банкі АҚ-ның 14 компанияға қатысы бар. Оның ішінде АҚ Altyn Bank-тің 40% үлесін иеленген.
Айтпақшы, «Жас Алаш» Бас прокуратураның активтерді қайтару комитетіне де Құлыбаевпен арадағы сотқа байланысты бірнеше сауал жолдады. Бірақ мақала беттелгенше жауап келген жоқ.
Тұрсынбек БАШАР