Тоғыз жасар Әбілмансұр Торлыбекті ерлігі үшін ТЖМ марапаттады
Көкшетаулық тоғыз жастағы Әбілмансұр Торлыбек үлкен ерлік жасады. Батыр бала көпқабатты тұрғын үй кешенінде жанып жатқан пәтерді көріп, бірден өрт сөндірушілерге хабарласқан.
Тіпті қызыл жалыннан қаймықпай пәтерге дейін барып, есігін қаққан. Абырой болғанда үйде ешкім болмапты.
Әбілмансұр – 4 сынып оқушысы. Ата-анасының тұңғыш ұлы. Өрт оқушының өзі тұратын тұрғын үйде болған.
«Біз балалармен ойнап жүргенбіз. Кенеттен пәтерлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқадық. Бірден сол пәтерге барып, есігін қақтық. Бірақ ешкім ашпады. Сосын мен досымның ұялы телефонынан өрт сөндірушілерге хабарластым», — дейді Әбілмансұр Торлыбек.
Баланың осы ерлігі бірден әлеуметтік желіге тараған. Бүгінде ол тек жақындарының ғана емес, барша қаланың мақтанышына айналып отыр.
"Өз баламмен мақтанам. Бір жағынан бұл қауіпті. Өрт болған жерге көтеріліп баруы, көршілерге жаны ашып, оларды алып шықпақ болғаны бізді уайымға салды. Дегенмен өзінің атына заты сай ерлік жасады деп білемін", — дейді Әбілмансұрдың анасы Ажар Қажымұратова.
Әбілмансұрдың қайсарлығын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де ерекше атап өтті. Анасы екеуін арнайы шақыртып, құрмет көрсетті.
"Әбілмансұрдың осы істеген ісі, 112-ге хабарлағаны үлкен батылдық деп санаймын. Өйткені ол бізге мекен-жайды, яғни қабатына дейін айтып берді. Не жанып жатқанына дейін айтып берді. Қандай көшеде орналасқанын нақты айтты. 9 жасар баланың осындай ерлігі мені таңқалдырды", дейді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары - Шахмардан Әзербаев.
Батыр бала болашақта өрт сөндіруші болуды армандайды. Сондықтан қазірден бастап өрт қауіпсіздігін меңгеріп, сала мамандарының жұмысына қызығушылық танытатынын жеткізді.