Тоқаевтың ТМҰ саммитіндегі бастамалары: Қазақстанның экономикалық және дипломатиялық мүмкіндіктері қалай кеңейеді?
Тоқаевтың ТМҰ саммитіндегі бастамалары: Қазақстанның экономикалық және дипломатиялық мүмкіндіктері қалай кеңейеді?
Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамаларға арқау болды. Анкарадағы кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық байланыстарды нығайту, көлік-транзиттік әлеуетті арттыру, цифрландыру және ортақ тарихи мұраны сақтау бағыттарына басымдық берді.
Құрылтай депутаты Олжас Құспековтің пікірінше, Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жүйелілігін көрсетеді. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту елдің ұлттық мүдделеріне сай жүзеге асып, отандық өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беруі керек.
Сарапшы Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталып, көлік дәліздерін дамыту, бірлескен өндірістік жобаларды іске асыру және цифрлық шешімдерді ілгерілету Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, Президент бастамаларының тиімділігі нақты нәтижелермен, соның ішінде жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, экспорттың кеңеюімен және азаматтардың әл-ауқатының артуымен өлшенуі тиіс.
— Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтудың маңызын атап өтті. Президенттің бастамалары Қазақстанның түркі әлеміндегі дипломатиялық рөлін қалай арттырады?
— Мен бұл жерде Мемлекет басшысының саясатының жүйелілігіне назар аударар едім. Саммитке тура екі күн қалғанда Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі негізгі даму міндеттерін айқындады. Ал халықаралық алаңда, Анкарада, осы міндеттерді толықтыра түсетін бастамаларын ұсынды.
Менің ойымша, бұл – маңызды жайт. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты бір мақсатқа – мемлекетті нығайтуға, экономиканы дамытуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек.
Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуын да осы тұрғыдан қарастырған жөн.
Президент әрбір мемлекеттің егемендігі мен ұлттық мүдделерін құрметтеу қағидатын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Сонымен қатар халықтарымыздың тарихи және мәдени жақындығы экономикалық, көлік және технологиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жақсы мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан бұл үдерістердің жай ғана қатысушысы емес, бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын ұсынып отырған мемлекет.
Назар аударсақ, Президент Ұйымның тиімділігін арттыру, басымдықтарын айқындау және қол жеткізілген келісімдердің орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне де арнайы тоқталды.
Бұл Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және нақты нәтижеге бағдарлану жөнінде белгіленген міндеттермен үндеседі.
Осы тұста Үкіметке Президент бастамаларын іс жүзінде жалғастыруды қамтамасыз ету маңызды. Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықтың әрбір бағыты ұлттық бағдарламаларымызбен, инвестициялық жобаларымызбен және экономикалық басымдықтарымызбен сабақтас болуы керек.
Қазақстан үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту ғана емес, оның мүмкіндіктерін ел ішіндегі нақты міндеттерді шешуге пайдалану да маңызды.
Менің ойымша, Президенттің дипломатиялық саясатының жүйелілігі де осында жатыр.
— Мемлекет басшысы Ресейді «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматына қосылуға немесе Ұйымның бақылаушысы ретінде қатысуға шақырды. Бұл бастама Қазақстанның көпвекторлы саясатын және Еуразия кеңістігіндегі дипломатиялық ұстанымын қалай көрсетеді?
— Менің ойымша, Президенттің бұл ұсынысын Қазақстанның бүкіл сыртқы саясатының аясында қарастыру қажет.
Біз тарихи тұрғыдан ірі экономикалық, көлік және мәдени кеңістіктердің тоғысқан жерінде орналасқанбыз. Бұл географиялық орналасу ұлттық мүдделерімізді айқындауда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан түркі мемлекеттерімен, Ресеймен, Қытаймен, Еуропалық одақпен және басқа да халықаралық серіктестермен қарым-қатынасын дамытып келеді.
Бұл ретте көпвекторлы саясатымыз барлық мемлекетпен жақсы қарым-қатынас орнатумен ғана шектелмейді. Ол – экономиканы дамыту үшін ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын пайдалану мүмкіндігі.
Мемлекет басшысының бастамасы түркі бірлігін нығайту басқа елдермен өзара іс-қимылды кеңейтумен қатар жүзеге аса алатынын көрсетеді.
Ресейдің түркі әлемімен тарихи байланысы терең. Оның аумағында көптеген түркі халықтары тұрады, ортақ көлік бағыттары жұмыс істейді, экономикалық байланыстар да тығыз қалыптасқан.
Сондықтан Президенттің ұсынысы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту логикасына толық сәйкес келеді.
Бұл жерде экономикалық құрамдас бөлікке де назар аударған жөн.
Бүгінде Қазақстан үшін сауда бағыттарының тұрақтылығын қамтамасыз ету, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, халықаралық нарықтарға қолжетімділікті сақтау және жаңа инвестициялар тарту маңызды.
Бұл міндеттер Президенттің соңғы Жолдауында белгіленген экономиканы дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және көлік-логистикалық әлеуетті нығайту басымдықтарымен тікелей байланысты.
Осыған байланысты Үкімет халықаралық экономикалық бастамаларды, ең алдымен, сауда, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы бастамаларды өзара ұштастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруы қажет.
Қазақстанның көпвекторлы саясатының басты артықшылығы – шешім қабылдаудағы дербестікті сақтай отырып, ынтымақтастықты түрлі бағытта дамытуға және ең алдымен өз ұлттық мүдделерімізді басшылыққа алуға мүмкіндік беруінде.
Президенттің ұсынысы дәл осындай ұстанымды тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
— Президент Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен тауар айналымы 40 пайызға өскенін атап өтіп, экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған бастамалар ұсынды. Бұл ұсыныстар өңірлік экономикалық байланыстарды нығайтуға қалай ықпал етеді?
— Тауар айналымының 10 миллиард долларға жуықтауы – елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Алайда мен осы ынтымақтастықтың келесі кезеңіне назар аударған болар едім.
Бүгінде Қазақстанның алдында өзара сауда көлемін арттырумен қатар, отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қосылған құны жоғары өнім шығару міндеті тұр.
Президент осы міндеттерді жуырдағы Жолдауында да айқындап, еліміздің индустриялық-технологиялық жаңғыруына, инвестициялық ахуалды жақсартуға және кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударды.
Сондықтан Мемлекет басшысының Түркі инвестициялық қорын дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және 2027 жылы Қазақстанда бизнес-форум өткізу жөніндегі ұсыныстары осы міндеттерді жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Менің ойымша, бұл жерде Үкімет еліміздің экономика қажеттіліктерін ескере отырып, бірлескен инвестициялық жобалардың нақты тізбесін қалыптастыруға басымдық беруі керек.
Сонымен қатар перспективалы бағыттарды ғана емес, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған отандық өндірістерді де ескерген маңызды.
Мен қолданыстағы және салынып жатқан өндірістік қуаттарды, сондай-ақ тауарлық басымдықтарды қамтитын бірыңғай карта әзірлеу қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет көтердім.
Мұндай тәсіл қай салаларда жаңа кәсіпорындар құру қажет екенін, ал қай бағыттарда жұмыс істеп тұрған өндірістерді дамытып, технологиялар тарту, өнім түрлерін кеңейту және экспортқа шығу тиімдірек екенін нақтырақ анықтауға мүмкіндік береді.
Мысалы, Қазақстанда белгілі бір өнім түрі шығарылатын болса, Түркі мемлекеттері ұйымындағы серіктестермен ынтымақтастықты сол өнімді одан әрі өңдеуге, технологиялық тұрғыдан жетілдіруге және басқа мемлекеттердің нарықтарына шығаруға бағыттауға болады.
Бұл отандық және шетелдік инвесторлардың мүдделерін бір-біріне қарсы қоймай, оларды тоғыстыруға мүмкіндік береді.
Тағы бір перспективалы бағыт – бірлескен өндірістік тізбектер құру. Әр мемлекеттің өз артықшылықтары бар: шикізат базасы, технологиялары, өндірістік құзыреттері, көлік мүмкіндіктері және өткізу нарықтары.
Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді тиімді біріктіру.
Менің ойымша, түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың келесі кезеңі тек тауар айналымының өсуімен ғана емес, бірлескен өндірістердің санымен, жаңа жұмыс орындарымен және сыртқы нарықтарға шыққан қазақстандық өнім көлемімен де өлшенуі керек.
Президент бастамаларын іске асыру барысында Үкіметтің жұмысын дәл осындай нақты нәтижелерге бағдарлау қажет деп санаймын.
— Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді және басқа да көлік бағыттарын дамытудың маңызын атап өтті. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін қалай кеңейтіп, халықаралық экономикалық мүмкіндіктерін арттырады?
— Қазақстанның географиялық орналасуы – елеулі артықшылық. Біз Еуразияның ірі экономикалық нарықтарының арасында орналасқанбыз. Президент осы артықшылықты экономикалық өсудің тұрақты көздерінің біріне айналдыру міндетін дәйекті түрде қойып келеді.
Бұл ретте әңгіме тек Орта дәліз туралы болып отырған жоқ.
Мемлекет басшысы «Солтүстік – Оңтүстік» және «Бір белдеу, бір жол» бастамаларын қоса алғанда, бірнеше бағытты қатар дамытудың қажеттігін атап өтеді.
Бұл Қазақстанның көлік мүмкіндіктерін кеңейтуге, халықаралық тасымалдардың тұрақтылығын арттыруға және серіктестерге түрлі логистикалық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Биылғы жылдың тоғыз айында Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі 30 пайызға, ал транзиттік тасымалдар 90 пайызға өсті.
Бұл аталған бағытқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен бірге көлік дәліздерін дамытудың еліміз экономикасы үшін әлдеқайда кең маңызы бар екеніне назар аударған жөн.
Қазақстан үшін ел аумағы арқылы өтетін жүк көлемін арттырумен қатар, көлік инфрақұрылымын отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға барынша тиімді пайдалану маңызды.
Халықаралық дәліздердің бойында логистикалық орталықтар, қойма кешендері, өңдеу кәсіпорындары, сервистік компаниялар мен жаңа өндірістік алаңдар дамуы мүмкін.
Бұл ретте Президенттің соңғы Жолдауымен тікелей сабақтастық бар. Онда инфрақұрылымды жаңғырту және көлік-логистикалық әлеуетті нығайту экономикалық дамудың негізгі міндеттерінің қатарында белгіленген.
Менің ойымша, Үкімет көлік дәліздерін дамытуды өнеркәсіптік және инвестициялық жобалармен қатар, кешенді түрде қарастыруы қажет.
Мысалы, жаңа логистикалық тораптарды жоспарлау кезінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың, индустриялық аймақтардың және болашағы бар өндірістік алаңдардың орналасуын ескеру маңызды.
Сондай-ақ өткізу пункттерін жаңғырту, кедендік рәсімдерді цифрландыру, жүк тасымалдау мерзімдерін қысқарту және көлік инфрақұрылымының бизнес үшін қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет.
Ақтау мен Құрық порттарын, теміржол қатынас жолдарын және оларға ілеспе инфрақұрылымды дамыту да айрықша маңызға ие.
Түптеп келгенде, Президент еліміздің географиялық орналасуын пайдаланудан толыққанды көлік-логистикалық экономика қалыптастыруға көшуді міндет етіп отыр.
Егер халықаралық дәліз қазақстандық кәсіпорынға өз өнімін сыртқы нарыққа жылдамырақ әрі арзанырақ жеткізуге мүмкіндік берсе, онда біз қосарланған экономикалық нәтижеге қол жеткіземіз: транзиттен түсетін пайда және отандық өндірістің дамуы.
Менің ойымша, жұмысты дәл осы бағытта жалғастыру қажет.
— Президент цифрландыру, жасанды интеллект және ортақ тарихи мұраны сақтау салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Бұл бастамалар түркі әлемінің бірлігін нығайтып, Қазақстанның халықаралық беделін қалай арттырады?
— Мен бұл жерде бір қарағанда бір-бірінен бөлек көрінетін, алайда шын мәнінде бірін-бірі толықтыратын екі бағытты атап өтер едім. Біріншісі – технологиялық болашағымыз. Екіншісі – тарихи және мәдени бірегейлігімізді сақтау.
Президент еліміздің цифрлық трансформациясына дәйекті түрде ерекше мән беріп келеді. Соңғы Жолдауда да Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеттері белгіленді.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде бұл жұмыс халықаралық деңгейде жалғасын тапты.
Қазақстан қазірдің өзінде өзінің цифрлық шешімдерін, жасанды интеллект инфрақұрылымын және электрондық мемлекеттік қызметтерін дамытып келеді.
Менің ойымша, бұл отандық IT-компанияларымыз үшін болашағы зор жаңа бағытқа жол ашады.
Түркі мемлекеттерімен цифрлық ынтымақтастықты тек технология алмасу ретінде ғана емес, қазақстандық әзірлеушілердің жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі ретінде де қарастыруымыз керек.
Бұл ретте көлік, кедендік әкімшілендіру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру және мемлекеттік басқару салаларына арналған цифрлық шешімдер туралы айтуға болады.
Мысалы, халықаралық тасымалдарды цифрландыру жүк қозғалысын жеделдетуге, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге және логистикалық үдерістердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін дамыту елдеріміз арасындағы цифрлық өзара іс-қимыл үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Осы бағытта Үкіметке отандық IT-сектормен бірлесіп, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің нарықтарында сұранысқа ие болуы мүмкін нақты цифрлық өнімдерді айқындау және оларды ілгерілетуге қажетті жағдай жасау маңызды.
Тарихи мұраға келетін болсақ, Қазақстан түркі өркениетінің дамуында айрықша орын алады.
Президенттің Түркі өркениеті орталығы мен «Мәңгілік ел» орталығын құру, ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізу жөніндегі бастамалары гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Менің ойымша, Түркістан түркі әлемінің тарихын зерттеу, білім мен ғылымды дамыту және мәдени туризмді өркендету бағытындағы негізгі халықаралық алаңдардың біріне айнала алады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың, университеттердің, ғылыми ұйымдардың және туристік саланың күш-жігерін біріктіру де маңызды.
Сонымен қатар заманауи технологиялар тарихи мұрамызды мүлде жаңа қырынан таныстыруға мүмкіндік береді. Мәселен, цифрлық архивтер, виртуалды музейлер, халықаралық білім беру платформалары және бірлескен ғылыми жобалар арқылы.
Осылайша, біз тарихымызды сақтап қана қоймай, оны кеңінен таныту үшін заманауи мүмкіндіктерді де пайдалана аламыз.
Менің ойымша, Қазақстан түркі әлемінің ортақ тарихи мұрасын сақтаушы мемлекет қана емес, оның заманауи технологиялық, білім беру және экономикалық дамуының негізгі орталықтарының бірі болуы керек.
Президенттің жалпы сөзін зерделесек, біртұтас әрі жүйелі бағытты байқаймыз: халықаралық ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға тиіс.
Сондықтан бүгінгі таңда Үкіметтің осы бастамаларды іске асыру, оларды Жолдаудағы міндеттермен және еліміздің қолданыстағы даму бағдарламаларымен ұштастыру бағытындағы практикалық жұмысы ерекше маңызға ие.
Түптеп келгенде, мұндай саясаттың негізгі нәтижесі отандық кәсіпорындардың дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюі және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуы арқылы көрініс табуы керек.