Оқиғалар

Төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары

Қазір шалғай ауылдар қауіпсіздігіне мән беріліп жатқан тұс. Төтенше жағдайлар министрлігі осы бағытта бірнеше атқаруда.

ТЖМ

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданындағы жаңа бекет ашылды. Бұл бекеттің маңыздылығы ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл үрдіс кез келген аймақтық әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының басты көрсеткіші. Әсіресе қысы қатал, географиялық орналасуы күрделі Солтүстік Қазақстан облысында бұл мәселе өзекті. Шал ақын ауданының Ұзынжар ауылында «Ауыл құтқарушылары» №231 ерікті өртке қарсы құралымының ашылуы өңірдегі азаматтық қорғаныс жүйесін дамытудың жаңа кезеңін айқындап берді.

Бұл оқиға жай ғана инфрақұрылымдық нысанның іске қосылуы емес, шалғайдағы төрт ауылдың қауіпсіздік деңгейін түбегейлі өзгертетін стратегиялық қадам.

«Алтын уақыт» факторы

Сала мамандарының пайымдауынша, өрт қауіпсіздігіндегі ең маңызды фактор – уақыт. Тілсіз жау басталған алғашқы 10-15 минут «алтын уақыт» деп аталады. Егер осы уақыт ішінде өрттің беті қайтарылмаса, оның соңы үлкен материалдық шығынға немесе адам өліміне әкелуі мүмкін.

Ірі аудан орталықтарында орналасқан кәсіби өрт сөндіру бөлімдерінің шалғай ауылдарға жетуіне көбіне жол қашықтығы мен уақыт кедергі болады. Енді жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті бір мезгілде төрт елді мекенге қызмет көрсетеді. Олар: Крещенка, Ұзынжар, Куприяновка, Белоградовка. Осының нәтижесінде бұл аймақтардағы 1 213 тұрғынның қауіпсіздігі бақылауға алынып, ТЖ-ға ден қою уақыты бірнеше есеге қысқарды. Бұл тек үйлер мен ғимараттарды ғана емес, СҚО үшін маңызды саналатын егістік алқаптары мен орман қорын да тілсіз жаудан жедел қорғауға мүмкіндік береді.

Техникалық жарақтандыру да маңызды

Ұзынжардағы бекеттің ашылуы – жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) нәтижелі серіктестігінің үлгісі. Бекеттің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық материалдық-техникалық база кешенді түрде әзірленген. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен өрт сөндіру техникасына арналған арнайы бокс, байланысты үйлестіретін диспетчерлік бөлме дайындалған. Жеке құрамның кезекшілік атқаруы, сапалы демалуы және тұрмыстық қажеттіліктері үшін ғимарат іші заманауи талаптарға сай жабдықталған. ТЖМ өз тарапынан мамандандырылған өрт сөндіру автокөлігін, заманауи байланыс құралдары мен өртті ауыздықтауға қажетті барлық құрал-жабдықтарды бөліп берді. Мұндай жүйелі жарақтандыру еріктілер құрамының кәсіби деңгейде қызмет атқаруына негіз болады.

Еріктілер қозғалысы да маңызды

«Ауыл құтқарушылары» құрамының басты ерекшелігі – оның негізін жергілікті ерікті азаматтар құрайды. Алайда бұл олардың дайындығы кәсіби мамандардан төмен дегенді білдірмейді. Бекет жұмысын бастамас бұрын еріктілер ТЖД қызметкерлерінің тікелей жетекшілігімен арнайы теориялық және практикалық дайындықтан өткен. ТЖД мамандары алдағы уақытта да еріктілердің біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Жиі өткізілетін оқу-жаттығулар мен практикалық сабақтар ауыл тұрғындары арасында азаматтық қорғаныс мәдениетін қалыптастырып, кез келген күрделі жағдайда сабырмен әрі сауатты әрекет ету дағдысын шыңдайды.

Шал ақын ауданында 231-ші ерікті өртке қарсы құралымның ашылуы – СҚО-дағы ауылдардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Заманауи техникамен жабдықталған және арнайы оқытылған еріктілер тобы – шалғай елді мекендердің сенімді қалқанына айналмақ. Бұл тәжірибе мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдерінен алыс орналасқан өзге де ауылдық аймақтар үшін таптырмас үлгі.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Тегтер: ТЖМ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз