Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Трамп: Зеленский әрекет етпесе бейбітшілік мүмкіндігінен айрылады

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленский егер «қимылдай бастамаса», бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

13 ақпан күні Ақ үйде журналистермен кездескен Трамп Ресейдің келісімге келгісі келетінін алға тартты.

«Ресей келісім жасағысы келеді. Зеленский қимылдай бастауы керек. Әйтпесе ол керемет мүмкіндікті жіберіп алады. Ол әрекет етуге тиіс», – деді Трамп. Оның сөзін AFP агенттігі келтіреді.

Журналистердің бірі Мюнхен қауіпсіздік конференциясындағы әлем көшбасшыларына қандай үндеу жолдағысы келетінін сұрағанда, АҚШ президенті:

«Жалғыз хабар – бізде НАТО-мен тамаша қарым-қатынас бар», – деп жауап берді.

Трамптың айтуынша, альянсқа мүше елдердің басшылары – «оның достары».

АҚШ делегациясы Мюнхенде

Дональд Трамп биыл Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатыспайды. АҚШ делегациясын Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барды. Ол 14 ақпанда форум қатысушылары алдында сөз сөйлеуі тиіс.

2025 жылы дәл осы конференцияда АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнстің 20 минуттық сөзі трансатлантикалық қатынастардың салқындауына әсер етіп, Еуропаны қауіпсіздік мәселесінде Вашингтонға азырақ сүйенуге итермелеген болатын.

Мюнхенге ұшар алдында Рубио сабырлы мәлімдеме жасады.

«Еуропа біз үшін маңызды. Құрама Штаттар Еуропамен тығыз байланысты, және біздің болашағымыз әрқашан байланысты болды әрі солай болып қала береді», – деді ол 13 ақпанда.

Женевада жаңа келіссөздер өтеді

62-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясы 13-15 ақпан аралығында Бавария астанасында өтуде. Форумға 60-тан астам мемлекет пен үкімет басшысы, сондай-ақ шамамен 100 елдің қорғаныс министрлері қатысуда.

Сол күні Кремль Ресей бастаған Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған үшжақты келіссөздердің келесі кезеңі 17-18 ақпанда Женевада өтетінін хабарлады. Бұл кездесуге Ресей, Украина және АҚШ делегациялары қатысуы тиіс. Украина президенті әкімшілігінің өкілі бұл ақпаратты растады.

Бұған дейін АҚШ-тың арағайындығымен Әбу-Дабиде өткен екі рет өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермеген еді.