Цифрлық дәуірдегі кітапхана қызметінің жаңаруы
«Кітапхана – ұлттың рухани жады, білім мен мәдениеттің алтын қазығы» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі таңда кітапхана тек әдеби мұра жинақталған мекеме ғана емес, ақпарат пен білімнің заманауи орталығына айналып отыр. Осыған байланысты кітапхана саласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде.
Қазіргі уақытта кітапхана қорын цифрландыру – кітапхана жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі. Уақыт талабына сай кітапхана қызметі де жаңарып, оқырманға қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұрын қажетті кітапты іздеу үшін ұзақ уақыт каталог қаралатын болса, бүгінде электронды жүйе арқылы керекті ақпаратты санаулы минутта табуға мүмкіндік бар. Осындай тиімділікті қамтамасыз етіп отырған бағдарламалардың бірі – БАРЫС бағдарламасы.
Бұрын ИРБИС атауымен қолданылған бұл бағдарлама қазіргі таңда жаңартылып, БАРЫС жүйесі ретінде жұмыс істеп келеді. Бағдарламаның басты ерекшелігі – кітапхана жұмысын толық автоматтандыруға мүмкіндік беруінде. Яғни кітап қорын енгізу, электронды каталог жасау, оқырмандарды тіркеу, кітап беру және қайтару сияқты жұмыстардың барлығы бір жүйе арқылы жүзеге асады.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында да БАРЫС бағдарламасы кеңінен қолданылып келеді. Күн сайын кітапхана қорына келіп түскен жаңа әдебиеттер бағдарламаға енгізіліп, толық библиографиялық сипаттама жасалады. Әр кітаптың авторы, атауы, шыққан жылы, баспасы мен тақырыптық бағыты жүйеге тіркеледі. Бұл оқырманға қажетті кітапты тез әрі оңай табуға көмектеседі.
Кітапхана қызметкерлері үшін де бұл бағдарламаның пайдасы зор. Бұрын қолмен жазылып, қағаз арқылы жүргізілетін жұмыстар қазір электронды форматта орындалады. Соның нәтижесінде уақыт үнемделіп, жұмыс әлдеқайда жеңілдей түсті. Әсіресе электронды каталогпен жұмыс жасау кітапханашылардың күнделікті жұмысын жүйелеп, қызмет көрсету сапасын арттырды.
Бүгінде кітапхана қорындағы сирек және құнды кітаптарды цифрландыру жұмыстары да қолға алынған. Электронды нұсқада сақталған кітаптар оқырман үшін қолжетімді болып, рухани мұраның сақталуына мүмкіндік береді. Бұл – уақыт талабынан туындаған маңызды қадамдардың бірі.
БАРЫС бағдарламасының тағы бір тиімді тұсы – барлық мәліметтің ортақ серверлік жүйеде сақталуы. Яғни кітапханадағы барлық бөлім бір база арқылы жұмыс істейді. Бұл ақпарат алмасуды жеңілдетіп, жұмыстың жүйелі жүруіне мүмкіндік береді. Сондықтан серверлік жүйені автоматтандырылған кітапхана жүйесінің негізгі тірегі деуге болады.
Қорыта айтқанда, қазіргі кітапхана жұмысының негізгі бағыты – цифрландыру мен жаңашылдық. Заманауи технологиялар арқылы кітапхана қызметі жаңа деңгейге көтеріліп, оқырманға сапалы әрі жедел қызмет көрсету мүмкіндігі артып отыр.
КОКИБАСОВА ГУЛНАР ЛЕМИСОВНА
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері