Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:40, 26 Мамыр 2025

Түлек атануға бір күн қалғанда НЗМ оқушысы мектептен шығарылды - толық мәлімет

Мектеп
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «L» сынып оқушысын соңғы қоңырауға бір күн қалғанда оқудан шығарып жіберді.

Белгілі болғандай, ол бақылау жұмысында шпаргалка пайдаланған, ал ұстаз оны телефонымен ұстап алғанда, бала мұғалімді балағаттап жіберген.

Оқушының оқудан шығарылғанын Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Facebook парақшасында хабарлады. Ол жариялаған суретте мектептің бұйрығы көрсетілген. Онда педагогикалық кеңестің шешімімен оқушының тәртіптік құқықбұзушылыққа жол бергені үшін мектептен шығарылғаны жазылған. Бұйрық 23 мамырда күшіне енген.

Бұйрық
Фото: Facebook

«Баланың құқығын таптап, 23 мамыр күні оқудан шығару қаншалықты заңды? Енді ол қай мектепке барады? Алматыдағы Назарбаев мектебі, сіздер бұл шешімдеріңізбен баланың құқығын бұзып отырсыздар деп ойламайсыздар ма? Сотқа жүгінуге қоғам дайын», - деді Смирнова.

Оның айтуынша, қандай жағдайда да баланың құқығы қорғалуы керек. Депутат АОО «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқарма төрағасы Ануар Жангозинге үндеу жасап, бұл шешімнің не себепті қабылданғанын түсіндіруді сұрады.

Депутаттың сөзін заңгер Жангелді Сүлейменов те қолдады. Оның айтуынша, бұйрықта «тәртіптік құқықбұзушылық» деп көрсетілген, бірақ НЗМ Жарғысында мұндай себеп оқудан шығару үшін негіз бола алмайды. Сондықтан ол бұл іске қатысы бар адамдарды қызметтен босатып, жауапқа тартуды ұсынды.

Көп күттірмей, Ануар Жангозин Facebook парақшасында оқушының нақты не үшін оқудан шығарылғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, өткен аптада тоқсандық қорытынды бағалау өткізілген. 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, бақылау кезінде ұялы телефон пайдаланған. Ережеге сәйкес, кез келген көмекші құралды, соның ішінде телефон мен шпаргалканы қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл туралы оқушылар мен ата-аналар үнемі хабардар етіліп отырады.

«Телефон тәртіпке сай мұғалім тарапынан алынды. Бірақ оқушы мұғалімге қарсы агрессия көрсетіп, балағат сөз – «ш….ва» айтып, оны басқа оқушылардың көзінше қорлады. Бұл оқиға дәлелдермен расталған», - деді Жангозин.

Оның айтуынша, бұл әрекет тек мектеп тәртібіне емес, ұстаздарға деген құрмет пен жалпы адамгершілік құндылықтарға қайшы. Айта кетейік, бұл оқушының бұған дейін де бірнеше тәртіптік мәселелері болған.

«Біз бұл жағдайды жан-жақты қарап, тиісті қорытынды жасаймыз. Сонымен қатар, болған жағдай үшін мектепті ғана кінәлау дұрыс емес. Бұл жерде отбасы мен қоғамның да жауапкершілігі бар екенін ұмытпауымыз керек», - деді ол.

Қазіргі таңда оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі шешілген.