Түркістан облысындағы клиникалар 200 миллион теңгені заңсыз алған
Түркістан облысының прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен қаражатты заңсыз алу және жұмсаудың ауқымды схемаларын әшкереледі. Жалған емдеу фактілері мемлекеттік те, жекеменшік клиникаларда да анықталған.
Прокурорлар анықтаған ең шулы жағдайлардың бірі – өзара байланысты екі клиниканың қызметі. Медициналық мекемелер формалды түрде үш дәрігерді жұмысқа қабылдап, электронды базаға жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың стоматологиялық қызмет туралы жалған мәлімет енгізген.
«Суперқаһарман» стоматологтар
Тексеру барысында ақылға қонымсыз деректер анықталған: бір стоматолог бір күнде бір мезетте бірнеше клиникада ондаған науқасты «емдеген».
«Қарсы тексерулер мен пациенттерден сұрау нәтижесі адамдардың бұл дәрігерлерге мүлде бармағанын көрсетті. Тек стоматологиялық қызметтер бойынша жалған жазбалардың жалпы сомасы 203 миллион теңгені құрады», – деп хабарлады өңір прокуратурасы.
Арнайы прокурорлар ҚР ҚК 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады.
Лицензиясыз 28 мың консультация
Тағы бір өрескел жағдай облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде тіркелді. Онда ешқандай рұқсат құжаттарынсыз тар бейінді мамандардың (офтальмолог, нейрохирург, онколог, генетик және т.б.) кеңестері жүргізілген.
Жалпы саны 28 мыңнан астам заңсыз консультация көрсетілген.
Келтірілген шығын көлемі – 91 миллион теңге.
Бұл факт бойынша Экономикалық тергеу департаменті ҚР ҚК 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») бойынша тергеу жүргізді. Клиника мемлекетке келтірілген шығынды толық өтегеннен кейін іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған.
Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесіндегі прокурорлық тексерулер жалғасып жатыр.