Қоғам

Түркістанда Қаржылық мониторинг агенттігінің атын жамылып, медициналық ұйым басшысынан 15 млн теңге талап еткендер ұсталды

Түркістан облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде танысып, медициналық ұйым басшысынан 15 млн теңге талап еткен екі адам ұсталды.

Ақша

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соңғы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражаттың заңсыз жұмсалуына қатысты тексерулер жүргізіліп жатқанын пайдаланған алаяқтар медицина ұйымдарының басшыларын қорқытып, ақша талап ете бастаған.

Күдіктілер өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, медициналық мекемеде заң бұзушылықтар анықталғанын айтқан. Олар ұйым басшысын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, белгілі бір мөлшерде ақша берсе, мәселені «шешуге» уәде берген.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Түркістан облысында ұсталған екі адам медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан жалпы 15 млн теңге алуға әрекет жасаған. Олар алдымен 5 млн теңге алғаннан кейін, қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.

8 тамызда күдіктілерді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, ақша талап ету кезінде ұстаған.

Сот екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Агенттік азаматтарды, әсіресе медицина ұйымдарының басшыларын, өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, ақша талап ететін адамдардан сақ болуға шақырады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз