Түркістанда Ұлттық ұланның ұшағы ұшу-қону жолағында өртенді
11 қыркүйекте Түркістан әуежайында техникалық ақау шыққан ұшақтың бортында алдын ала мәлімет бойынша 59 әскери қызметші мен алты экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін Көліктегі полиция департаменті ұшу-қону жолағында әуе кемесінен техникалық ақау шыққанын ғана ресми хабарлаған.
Оқиғаның жаңа мән-жайын журналист Михаил Козачков жариялады. Оның мәліметінше, сөз Түркістаннан Астанаға ұшуы тиіс болған Ұлттық ұланның әскери-көлік ұшағы туралы болып отыр.
Журналистің жазуынша, ұшақ көтерілу кезінде қозғалтқыштарының бірі істен шығуы мүмкін. Автоматты тежеу жүйесі іске қосылғаннан кейін ұшақтың шассиі өртенген.
Өртті әуежайдың өрт сөндіру қызметі сөндірген. Жарияланған мәліметке сәйкес, өртті сөндіруге 13 адам мен үш техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері оқиға орнына шақырылмаған.
Ұшақтағы 65 адамның барлығы әуе кемесінен өздігінен шыққан. Ұшақ ұшу-қону жолағында тұрып қалғандықтан, бірнеше рейс кешіктірілді. Кейін әуе кемесі арнайы техниканың көмегімен жолақтан шығарылған.
Козачковтың мәліметінше, ақау Y-8F-200WA ұшағынан шыққан. Бұл — қытайлық Shaanxi Aircraft Company шығарған әскери-көлік ұшағы. Аталған модель кеңестік Ан-12 ұшағының жаңғыртылған нұсқасы саналады.