Украина жаңа ұсыныстар жасады: Уиткофф оларды Ресейге жеткізбек
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф 20 қазанда Ослода Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Еуропа елдерінің өкілдерімен келіссөз жүргізді.
Енді ол 21 қазанда Ресейге барып, Владимир Путинмен кездеседі деп күтілуде. АҚШ тарапы Украинаның жаңа ұсыныстарын Мәскеумен талқылауды жоспарлап отыр.
DW басылымының хабарлауынша, Уиткоффтың Ресейге сапар шегетінін ТАСС агенттігінің дереккөзі, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре және Финляндия президенті Александр Стубб растаған. Бұл туралы Axios пен The New York Times басылымдары да жазды.
Стёре мен Стубб кездесудің Санкт-Петербургте өтетінін мәлімдеген. Ал ТАСС дереккөзі Уиткоффтың Ресейге баратынын растағанымен, нақты қай қалаға келетінін айтпаған.
Ослодағы келіссөзге Зеленский, Уиткофф, Стёре және Стубб қатысқан. Axios мәліметінше, кездесуге Германия, Ұлыбритания, Франция, Польша және НАТО өкілдері де келген. Ал АҚШ-тың екінші келіссөз жүргізушісі, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер тұмаумен ауырып қалуына байланысты кездесуге қашықтан қосылған.
Келіссөз барысында Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері, аумақтық мәселелер, санкциялар және соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесі талқыланған.
Финляндия президенті Александр Стубб келіссөз қорытындысында бейбіт келісімнің жалпы шарттары мен қысқамерзімді мақсаттар бойынша «нақты ілгерілеушілікке» қол жеткізілгенін айтты. Оның сөзінше, талқыланған ұсыныстар 21 қазанда Санкт-Петербургте Ресей тарапына таныстырылады.
Reuters агенттігіне аты-жөнін жарияламау шартымен сұхбат берген америкалық шенеунік Украина Ослода жаңа идеялар мен ұсыныстар жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Путинмен кездесудің негізгі мақсаты – Украина және Еуропа елдерімен жүргізілген келіссөздердегі ілгерілеуді жалғастырып, жаңа ұсыныстарды Ресей басшылығымен талқылау.
Зеленский: Украина тағдыры бізсіз шешілмеуі керек
Владимир Зеленский баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Украинадағы соғысқа қатысты ықтимал үшжақты кездесуі туралы ақпаратқа да пікір білдірді.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы мұндай кездесуді қараша айында өткізу ұсынылғанын хабарлаған еді.
«Егер әңгіме Украина мен біздің болашағымыз туралы болса, мұндай кездесу тек біз де келіссөз үстелінде отырған жағдайда ғана қабылданады», – деді Зеленский.
Украина президенті бұған дейін Италияның Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында да ықтимал кездесудің егжей-тегжейін білгісі келетінін айтқан. Оның сөзінше, бұл алдағы уақытта күтпеген жағдайлардың алдын алу үшін қажет.