Саясат

Украинада Назарбаевқа қойылған ескерткішті бұзудан бас тартты

Украина билігі Днепропетровск облысындағы Каменское (бұрынғы Днепродзержинск) қаласындағы оқу орнының қабырғасына орнатылған Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған барельефті алып тастау туралы ұсынысты қолдамады.

Назарбаев

Журналист Григорий Пырликтің хабарлауынша, мұндай қорытынды Украина Ұлттық жады институтының ресми жауабында көрсетілген. Бұл жауап қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайыновтың өтінішінен кейін берілген.

Институттың пайымдауынша, аталған барельеф коммунистік тоталитарлық режим символикасына және Ресейдің империялық саясатына тыйым салатын заңнамаларға қайшы келмейді. Сонымен қатар, құжатта Назарбаевтың украин заңында көрсетілген мағынада Ресейдің империялық саясатын жүзеге асыруға немесе насихаттауға қатысқаны туралы дерек жоқ екені атап өтілген.

Сондай-ақ жауапта Назарбаевтың Украина мемлекеттік наградаларының иегері екені және барельеф оның осы оқу орнында білім алған түлек әрі Қазақстан президенті ретінде қойылғаны айтылған. Осы тұрғыдан алғанда, ескерткіш белгі тыйым салынған символикаға жатпайды және украин мен қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынасты бейнелейді деп көрсетілген.

Даудың туындауына «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайыновтың Каменское қалалық кеңесіне жолдаған өтініші себеп болған. Ол өз хатында Назарбаевтың саясатын сынға алып, ескерткішті қалдыруды «қолайсыз және қабылдауға болмайтын шешім» деп бағалаған.

Белсенді өз уәжінде Назарбаевтың саясаты Қазақстанды Ресейге тәуелді етті деп есептейтінін айтып, бірқатар дәлел келтірген. Атап айтқанда, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға кіруі, Еуразиялық экономикалық одақ пен Кеден одағының құрылуы, Ресейдің әскери базалары мен полигондарының болуы, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағының Ресей бақылауына берілуі елдің тәуелділігін күшейтті деген пікір білдірген.

Ол сондай-ақ Қазақстан мұнайының Ресей аумағы арқылы тасымалдануы Мәскеуге саяси қысым жасау құралына айналып, Ресейге миллиардтаған табыс әкеліп отырғанын да атап өткен.

Өтініш соңында белсенді Украина билігінен Назарбаевтың бюстін дереу алып тастауды талап еткен.

Аталған өтініштен кейін қалалық кеңес Украина Ұлттық жады институтынан ресми ұстанымды сұратқан. 2026 жылғы 15 сәуірде белсенді институт басшысының қолы қойылған жауапты алғаны хабарланды.

Айта кетейік, Каменское қаласындағы бұл барельеф бұрыннан бар. Қазақстанның Украинадағы елшілігінің мәліметінше, ол 2005 жылы Назарбаев 1958–1960 жылдары білім алған Каменское жоғары кәсіптік училищесінің ғимаратына орнатылған.

Бұған дейін Тұрарбек Құсайынов Украина билігін Жамбыл Жабаевтың ескерткішін бұзуға және Киевтегі Жамбыл Жабаев атындағы көшені қайта атауға да шақырған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз