«Украиналық дрондар да ұшып өтуі мүмкін» – Зеленский 9 мамырда Мәскеуде өтетін әскери шеруге қатысты мәлімдеме жасады
Владимир Зеленский биыл Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда өтетін 9 мамырға арналған әскери шеруге қатысты пікір білдірді. Ол бұл мәселені Еуропалық саяси қауымдастық саммиті барысында, Ереван қаласында өткен жиында айтты.
Украина президентінің сөзінше, Ресей жариялаған әскери шеруде биыл ауыр техника болмауы мүмкін.
«Егер бұл рас болса, онда көп жылдан бері алғаш рет қару-жарақсыз өтетін парад болады. Сонымен қатар, бұл шерудің үстінен украиналық дрондар да ұшып өтуі мүмкін», – деді ол.
Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі 9 мамырдағы шеруде әскери техника колонналары болмайтынын хабарлаған еді. Бұл шешім қауіпсіздік шараларымен түсіндірілді.
Ал Дмитрий Песков мұндай өзгерістерді қауіпсіздік талаптарымен байланыстырды. Оның айтуынша, соңғы уақытта қауіп-қатер деңгейі артқандықтан, әскери шеру форматына түзетулер енгізілген.