Live

Ұлдана Мырзуанның анасы қызының жұбайы Әділет Зейнелден қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартуды талап етті

Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы қызының жұбайы Әділет Зейнелден қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартуды талап етті.

Ұлдана Мырзуан

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде Әділет Зейнелдің жаңа таңдаған жарының ұзату тойынан түсірілген видеолар тарағаннан кейін жасалды.

Әлеуметтік желі қолданушыларының мәліметінше, ер адам қайғылы оқиғадан шамамен сегіз ай өткен соң қайта үйленген.

Бұл жаңалық қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірі жас жұбайларға бақыт тілеп, Әділеттің өмірін жалғастырып, жаңа отбасы құруға құқығы бар екенін айтты. Сондай-ақ көпшілік оның жеке өмірінің мән-жайын білмей жатып айыптамауға шақырды.

Ұлдананың анасының айтуынша, марқұмның отбасы алдағы үйлену тойынан бейхабар болған. Оның сөзінше, Әділет те, оның ата-анасы мен үлкендері де Ұлдананың туыстарына бұл туралы хабар бермеген.

«Әділет қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған. Мен оның осы мәртебеден бас тартуын қалаймын», – деді Ұлдананың анасы.

Ол сондай-ақ қылмыстық істің тергеуі аяқталуға жақын екенін, қазіргі уақытта туыстары іс материалдарымен танысып жатқанын айтты. Отбасы бірқатар құқықтық мәселелерді қайта қарау үшін уәкілетті органдарға жүгінбек.

Сонымен қатар, әйел қызының мүлкіне қатысты мәселелерді де көтерді. Оның айтуынша, Ұлдананың зейнетақы жинақтарын жұбайы алған, ал марқұмға тиесілі автокөлік 2026 жылғы 22 шілдеге дейін оның иелігінде болып, кейін Ұлдананың ата-анасының атына рәсімделген.

Еске салсақ, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада шақыртуға барған кезде тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционердің бекіткіші үстіне құлап, ауыр жарақат алған. Ол он күннен кейін ауруханада көз жұмды.

Оқиғаға байланысты құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалуы және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды жүргізу баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі бұған дейін күдіктілерге қатысты шешім сот-құрылыс сараптамасының қорытындысы шыққаннан кейін қабылданатынын мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз