Ұлдана Мырзуанның өлімі бойынша сот: үйдің жағдайы туралы маңызды құжат жоғалып кеткен
Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үй қасбетінің опырылуы салдарынан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта маңызды маманнан жауап алынды.
Сотқа сарапшы ретінде Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы техникалық бөлімінің басшысы Ербол Ахметов шақырылды. Алайда сот барысында оның бірқатар сұраққа нақты жауап бере алмағаны белгілі болды.
Прокурордың сұрақтарына жауап берген Ахметов тұрғын үй инспекциясының міндетіне ғимараттардың жағдайын тұрақты түрде көзбен шолып тексеру кірмейтінін айтты. Оның сөзінше, тексеру тұрғындардан немесе Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағаларынан жазбаша өтініш түскен жағдайда ғана жүргізіледі.
«Қайғылы оқиғаға дейін 24Б үйінің тұрғындарынан немесе МИБ-тен қасбеттің апатты жағдайда екені туралы Тұрғын үй басқармасына ешқандай өтініш түскен жоқ. Біз күн сайын үйлерді аралап тексеруге міндетті емеспіз», – деді ол сотта.
Шенеуніктің айтуынша, ғимаратқа техникалық бақылау 2017 жылы жүргізілген. Сол кезде үйдің тозу деңгейі 31 пайыз деп бағаланып, жағдайы пайдалануға жарамды деп танылған.
Алайда бұл тексерудің нәтижелері тұрғындарға арналған ұсыным сипатында ғана болған.
2017 жылғы маңызды құжат жоғалған
Сот барысында 2017 жылы жасалған техникалық қорытындының бір данасы мемлекеттік органның архивінен жоғалып кеткені белгілі болды.
Ахметов мұны 2017-2020 жылдар аралығындағы ведомстволық қайта құрулармен түсіндірді.
«2017 жылдан 2020 жылға дейін бізде ауқымды трансформация болды. Ведомство Сапаны бақылау басқармасына беріліп, кейін Тұрғын үй басқармасы қайта құрылды. Соған байланысты кейбір құжаттар жоғалып, бізге берілмей қалды», – деді ол.
Техникалық бөлім басшысы қызметіне екі ай бұрын келген
Сотта адвокаттар маманның білімі мен еңбек өтіліне де назар аударды.
Ахметовтің Тұрғын үй басқармасының техникалық бөлімінің басшысы қызметіне небәрі екі ай бұрын тағайындалғаны анықталды.
Судья мен прокурорлар үй қасбетіндегі ақаулардың жойылуын кім бақылауы керек болғаны және тұрғындарға неліктен тек лифтілерді жөндеу ұсынылғаны туралы нақтылау сұрақтарын қойды. Алайда маман олардың көпшілігіне жауап бере алмаған.
Осыған байланысты жәбірленуші тараптың адвокаттары тұрғын үй инспекциясында кемінде бірнеше жыл жұмыс істеген, тәжірибесі мол қызметкерді сотқа шақыру туралы өтініш білдірді.
Ұлдана Мырзуанның қазасы
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің қасбеті опырылып, ауыр жарақат алған еді. Кейін ол ауруханада көз жұмды.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, үйдің техникалық жағдайы мен оған жауапты мекемелердің әрекетіне қатысты сұрақтар көтерілді.
30 тамызда аталған үйдің маңына тұрғындар, Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция және жедел жәрдем қызметінің өкілдері жиналған.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бұған дейін Астанадағы ондаған МИБ төрағасы сотталушы әріптесіне қолдау білдіріп, тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне қатысты заңнамада жүйелі мәселе бар екенін мәлімдеген.