Қоғам

Ұлдана Мырзуанның өліміне себеп болған үйдің қабырғалары дұрыс бекітілмегені анықталды

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйге жүргізілген кешенді техникалық зерттеу нәтижелері жарияланды.

Ұлдана Мырзуан

Сараптама барысында ғимараттың құрылыс кезеңінен бастап бірқатар ақау болғаны және олардың жылдар өте келе күшейгені анықталған. Мамандар нысанда құрылыс нормаларының елеулі түрде бұзылғанын да көрсеткен.

Зерттеу материалдарында үйдің парапет тұсындағы қаптама кірпіштерінің бір бөлігін ұстап тұратын тірек элементтері болмағаны айтылған. Сондай-ақ ғимараттың қарама-қарсы шеткі қасбетінде кірпіш қаптамасынан көзге көрінетін жарықтар анықталған.

Сарапшылар мұндай ақауларды ғимараттың опырылуына тікелей қауіп төндіретін факторлардың бірі ретінде бағалаған.

Тексеру кезінде кірпіштердің ерітіндіге тиісті деңгейде бекітілмегені де белгілі болған. Ал қабырғалардағы арматура жобада қарастырылған талаптардан елеулі ауытқулармен орнатылған.

Сараптама қорытындысында ғимараттағы бұзылу процестері үй пайдалануға берілгеннен кейін көп ұзамай басталғаны көрсетілген.

Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға міндеттеріне адал қарамады деген айып тағылған. Сотта тараптар сараптама қорытындысын зерттеуді жалғастырып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз