Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:21, 05 Қазан 2023

Ұлытауда тарихқа жол ашылуда

всв
Фото: из открытых источников

Тарихи жәдігерлерді сақтау мен әлемге таныстыру – әрбір елдің құндылық турасындағы парызы

Бұл қазіргі Ұлытау облысының ұранына айналған. Дәлел – биыл өңірде кесенелер мен мазарларға қарай сапалы жолдар төсеу жұмыстарының басталуы. Аталмыш жол Жезқазған
қаласын Жошы мазары, Алаша хан кесенесімен жалғамақ. Бұдан бөлек, «Хан Ордасы» мен «Әмір Темірдің аяғы»тарихи орындарына да осы жол жеткізуі керек. Туристік мамандардың айтуынша, жол түссе келетін қонақтардың да саны еселенбек. 

Сәтбаев-Малшыбай-Домбауыл-Жошы хан бағытындағы жол негізінен келіп-кетімді туристер
үшін салынып жатыр. Жол жұмыстары былтырғы жылдан басталған. Үшқабатты сапалы жол 19,5
шақырымды құрайды. Жаңа құбырлар мен көпірлер де жол жөндеу жоспарында қарастырылған. Мәселен, жол бойында ұзындығы 166 метрлік көпір салынбақ. Көпір жарық бағаналарымен және қажетті өткелдермен толықтырылады. Мұнда жолаушылардың демалуына арналған орындар да жасалады. Мердігер компания өкілі Әнуар Дәрібековтің айтуынша, жұмыстың орындалу қарқыны жаман емес секілді.

«Құрылыс басында 50-ден аса адам қызмет істеуде. Бұл жерде 49 техника жүр. Қазіргі уақытта жолдың ортаңғы бөлігі төселіп жатыр. Бұл негізі үш жылға жоспарланған жоба. Бірақ жұмыс қарқыны өте жақсы. Бұндай қарқынмен, осы жылдың соңына дейін аяқтауға болады деп ойлаймын», – дейді жол жөндеу жұмысының маманы.

Жоба жоспарға сай алдағы 2025 жылы толық аяқталуы тиіс. Биылғы жыл үлесінде 3 дана су өткізгіш құбырды орнату, 8 шақырымдық асфальтбетонды ұсақтүйіршіктерді төсеу жоспарланған. Көпір тіректерін орнату да жыл аяғына дейін орындалуы керек. Айта кетейік, автомобиль жол құрылысына Ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлініп, қазіргі уақытта игеріліп жатыр. Ал жобаның жалпы құны – 6,1 млрд құрап отыр. Жолдың салынуы туристерден бөлек мұражай қызметкерлері мен тарихи мекенді зерттеушілер үшін де тиімді болмақ. Жол ертерек жасалынып, ашылса, қала мен кесенелер арасында қатынайтын қызметкерлер үшін үлкен қуаныш болатын еді. Естеріңізде болса, Жошы хан мазары жанына былтыр мәдени кешен салынған болатын. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың мамыр-маусым айлары аралығында кешенді көруге 2 мыңға жуық адам келген. 2022 жылы кешен 23 мың туристерді қабылдаған. Ұлытау облыстық тарихи-мәдени
ескерткіштерді сақтау орталығының басшысы Бақытжан Көпбаевтың айтуынша, алдағы жылдарда жол түйткілі толығымен шешілсе, олардың саны артатынына сенім мол.

«Облыстықтар кешенге жақын жерде этноауыл орналастырды. Туристер кешеннен шыққан соңсол жаққа барып демала алады. Бұл этноауыл туристерді қызықтыратыны сөзсіз. Басты мәселе жол болатын. Қазір олда қолға алынды. Сондықтан туристер саны жыл сайын арта беретініне сенімдіміз», – дейді басшы.

    Шыңғыс Атай

Тегтер: