Ұлттар лигасы. Черчесов бастайды
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының IV маусымын бастайды. Бұған дейін отандастарымыз С дивизионында өнер көрсетіп келсе, енді В дивизионында сынға түседі.
3-топтағы қарсыластарымыз да осал емес – Норвегия, Слования және Австрия құрамалары. Алғашқы қарсыласымыз Норвегиямен бұған дейін құрама деңгейінде жолымыз түйісіп көрген жоқ. Сондықтан 6 қыркүйекте 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтетін матчтың орны бөлек болғалы тұр. Одан әрі қарай құрама Словенияға сапар шегіп, 9 қыркүйекте Любляна қаласындағы «Стожице» стадионында жергілікті құрамамен кездеседі.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов алдымен 36 ойыншыдан тұратын тізім әзірлеп, кейін нақты 28 футболшыны қалдырды:
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас Покатилов («Тобыл»), Темірлан Анарбеков («Жеңіс»);
Қорғаушылар: Сергей Малый («Ордабасы»), Роман Асыранқұлов, Еркін Тапалов (екеуі де – «Тобыл»), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров (барлығы – «Астана»), Михаил Габышев («Елім-ай»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Шинник», Ресей), Талғат Күсепов («КАМАЗ», Ресей);
Жартылай қорғаушылар: Асқат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен (барлығы – «Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Бақтияр Зайнутдинов («Бесіктас», Түркия), Абзал Бейсебеков, Елхан Астанов (екеуі де – «Астана»), Ислам Чесноков («Тобыл»);
Шабуылшылар: Абат Әйімбетов («Адана Демирспор», Түркия), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Оралхан Өміртаев (БАТЭ, Беларусь), Рамазан Кәрімов («Астана»).
Қосалқы тізімде Сұлтанбек Астанов, Темірлан Ерланов (екеуі де – «Ордабасы»), Андрей Ульшин («Қайрат»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Исламбек Қуат («Астана»), Александр Зуев («Тобыл»), Асқат Балтабеков («Жетісу») және Ұлар Жақсыбаев («Қызылжар») сияқты ойыншылар бар.
С.Черчесов футболшыларды таңдау мәселесіне қатысты мынадай ой білдірді:
– Жаңа бапкерлер штабы жұмысына жақында ғана кірісті. Ұлттық құрамаға бұған дейін түрлі себеппен шақырылмай жүрген ойыншылар оралды. Барлық ойыншыны мұқият бақылап жүрміз. Бірден бәрін шақыра алмаймыз немесе тәжірибелі ойыншының бәрін алмастыра алмаймыз. Өйткені бір бас жоғары ойыншыларды көріп тұрғанымыз жоқ. Сол үшін тепе-теңдік сақтау қажет. Жақсы ойнап жүрген футболшыларды бақылауда ұстаймыз. Керемет гол соғып жүрген Ульшин кеңейтілген тізімде. Нақты тізімге ілінбесе де, кез келген сәтте шақырып қалуымыз мүмкін.
Құрамаға оралғандар ішінен қақпашы С.Покатиловты, қорғаушылар Л.Скворцовты, Т.Күсеповті, М.Габышевті, шабуылшылар Р.Кәрімовті, А.Жақсылықовты және О.Өміртаевты айтуға болады. Скворцов пен Күсепов қазір Ресейдің І лигасында ойнап жүр. Негізгі құрамға жиі ілінгенмен, олардың командалары әзірше аутсайдерлер арасында. Өміртаев жақында ғана ауысқан БАТЭ (Беларусь) сапына әлі тұрақтай қойған жоқ. Әзірше бір ғана доп соқты, соңғы турда «Днепр-Могилев» командасына қарсы алаңға 81 минутта ғана шықты. Кәрімов пен Жақсылықов биылғы маусымды нәтижелі өткізіп жатқан жоқ. Әйімбетов ойнайтын «Адана Демирспор» қазір Түркия суперлигасында соңғы орындарда келеді. Зайнутдинов жақында ғана жарақатынан айықты. Бірақ «Бесіктастың» бас бапкері Д.ван Бронкхорст отандасымызды аса қажет етпейді деген сөз де бар. Самородов «Ахматқа» ауыса сала ауыр жарақат алды. Қазір ол Астана қаласында емделіп жүр. Норвегиямен ойынға дейін толықтай дайын болмауы да мүмкін.
Ұлттық құрама Алматыға 1 қыркүйектен жинала бастады. Қақпашы Т.Анарбеков құрамамен бірге жаттығып, ресми ойынға екі күн қалғанда жастар құрамасы сапына қосылады.
Есей Жеңісұлы