Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:47, 15 Мамыр 2025

Ұлттық кинодағы отарлық сана: қазақ тілі кедейліктің, орыс тілі байлықтың нышаны

қазақ киносы
Фото: ашық дереккөздерден

Соңғы жылдары қазақ кинематографиясы жаңа туындылармен толығып, түрлі талғамға сай сан түрлі фильм прокатқа шықты. Бірі көрермен көңілінен орын тауып, енді бірі шетелден жүлде әкеліп жатқанын естіп жүрміз. 

Десек те қалың көрермен жаппай барып, кассалық рекорд жинап жатқан коммерциялық фильмдердің бәрі бірдей сапалы дей алмас едік. Оның үстіне басым көпшілігі «шалақазақша» туындылар. Бүгін біз қазақ киносындағы қазақ тілінің жайы мен жағдайы туралы дөңгелек үстел ұйымдачтырдық. «Жас Алаштың» сауалына өнертанушы Ерлан Төлеутай мен кинотанушылар Әлімақын Жанболат пен Алма Айдар қатысты.

Ж.А: Осы тақырып туралы сөз бола қалса, пікірлер үнемі қос тарапқа бөлінеді. Бір тарап кино өмірдің айнасы деген пікірде. Яғни өмірде қалай сөйлесек, кинода да солай болуы керек. Сонда ғана мейілінше шынайы болады, көрерменді сендіре алады дейді. Ал екінші тарап кинодағы қазақ тілінің дүбәралануына қарсы. Қазақ киносындағы дүбәра тілдің сонда себептері қандай деген сұрақ туады. Сценаристер мен режиссерлердің әлсіздігі ме? Әлде көрермен жинау секілді коммерциялық талаптар бойынша кино мейілінше «заманауи», «түсінікті» болу керек пе?

Ерлан Төлеутай
Фото: ашық дереккөздерден

Е.Т: Киноның қазақ тілін қиратушы күшке айналғаны рас. Бұған эстраданы қосуды ұмытпаңыз. Соңғы жылдары мүлде жүгенсіз лағып кеткен бұл екі сала – ұлттың дұшпанына айналуда. Әуелде бұл екі өнер бір-бірінен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай алыс еді. Мен бұл екеуінің қазақ қоғамындағы жағдайын айтып отырмын. Алайда алғаш фонограмма қолданыла бастаған 1996 жылдан бері еліміздің мәдени-рухани кеңістігінде бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, ажырағысыз одақтасқа һәм сыбайласқа айналып үлгерген бұл екеуі небәрі оншақты жылдың ішінде қазақтың рухани мәдениеті мен халқымыздың эстетикалық талғамын қиратушы қатерлі күшке ие болып шыға келді. Мұның мұндай күшке қалай ие болғанын түп-тұқиянынан тарата айтсақ, қазіргі комедия деп сайқымазақ түсіріп жүрген режиссерсымақтардың денінің түп төркіні эстрада деп аталатын қазақ мәдениетіне кірме өнердің тегінен еді. Оның КВН есімді түбі эстрадамен жамағайын боп келетін тағы бір затсыз-тексіз туысқаны бар болатын. Міне, осы екі тексіз өнер – фонограмма деген шата пәле атқа мінгенде күрт күшейіп, қазақтың текті өнері – ән мен күйді жойдасыз қырғынға ұшыратты. Сөйтіп фанерщик эстрадниктер мен сайқымазақ КВН-щиктер аз уақыт ішінде еліміздің күллі рухани кеңістігін – телевидение мен радионы, сахна мен түсірілім алаңдарын жаулап алды. Советтік тоталитарлық жүйеден қажып шыққан халықты идеологиялық тұрғыдан сауықтырудың орнына одан әрі мәңгүрттенліруді мақсат тұтқан Назарбаев билігі бұл тобырлық мәдениет өкілдерін мейлінше қолдады, күні-түні эфирлерден насихаттап, өңкей бейталант бездарлардан (дарынсыз деген сөз) жарқыраған жұлдыз жасады. Сол-ақ екен бұл жұлдыздардың «жарығына» рухани бағыт-бағдарынан айырылған сәулесіз тобыр отқа ұмтылған жынды көбелектей үймеледі.Тойларына шақырып, кредит алса да миллиондап гонарар төледі, тайраңдатып төбесіне тұтты. 100% фонограммамен ауыз жыбырлатып өткізетін «концерттеріне» билет таба алмай, Мәдениет сарайларының сыртын айналып сандалды. Өстіп ауыз жыбырлатқыш әншісымақтар мен күлдірем деп бүлдіретін сайқымазақ КВН-щиктер аз жылда қалталы жұлдыздарға, ел аузынан түспейтін «қас өнерпаздарға» айналып шыға келді. Осылайша қалталы жұлдыздар киноға келді. Бірақ бұлардың интеллектуалдық деңгейі өте төмен еді. Көбі жоқ-жітік боп өскен, оқу оқудың орнына шешесімен базарда тұрған, сөйтіп базардан – эстрада мен КВН-ға, одан киноға келген надандар еді. Ал кинорежиссер болу үшін ең алдымен зор интеллект керек, одан бөлек арнайы білім қажет еді. Десек те режиссердің бойында болуы тиіс ең басты қасиеттердің бірі – режиссер әуелі өз ұлтының төл дүниетамының терең білгірі, иесі болуы шарт. Біздің режиссерлердің бойында мұның бірі де жоқтұғын. Өнерге базардан, көше әнін айтып кірген олардан не сұрайсың. Сөйтіп әуелі бірден кинокомедия түсіруден бастаған олар қазақ киносының быт-шытын шығарды. Соның ішінде тіл де бар. Шынында да тілге аса мән беретін жекелеген ұлттық режиссерлердің фильмдерін айтпағанда қазіргі киноның тілі адам көргісіз. Ең сұмдығы, қазақ қоғамы осы тілде сөйлеуге көше бастады. Бұл өте қауіпті үрдіс. Кейінгі кезде өзіңіз сұрағыңызда қойып отырғандай, «Кино өмірдің айнасы, өмірде қалай сөйлесек, кинода да солай сөйлеу керек» деген «теория» пайда болыпты. Онда жазушыларымыз өз шығармаларын орысша, қазақшаны араластырып көше тілінде жазсын, ақындарымыз да құр қалмасын, көше тілінде, арасына боқтық сөздер араластырып өлең жазсын. Сонда не болмақ? Тіл азады, сонан соң жойылады ғой. Тіл онсыз да жойдасыз азып жатыр. Мұны аздырып жатқан жоғарыда айтқан базардан – сахнаға, одан киноға келген сабаздар. Өйткені не тұлғалық, не тарихи жауапкершіліктің не екенін білмейтін олар халық дүниетанымына, оның тіліне қандай залал әкеп жатқанын бағамдап сезіне алмайды. Өйткені мұны сезіне білуі үшін өре керек, жоғарыда айтқандай интелекті – зият керек. Бұл жөнінен олар бірдеңе бүлдіріп қойғанына есеп бере алмайтын ақыл есі жетілмей қалған балаға ұқсайды. Кейінгі кезде бұларға орыс тілді режиссерлер қосылды.

Ә.Ж: Иә, бұл — бүгінгі қазақ киносы мен жалпы тіл мәдениетінің өзекті әрі екіұдай пікір тудырып отырған мәселесі. Қазақ киносындағы тіл мәселесіне қатысты айтқанда, екі көзқарастың да өзіндік негізі бар. «Кино өмірдің айнасы» дейтіндер үшін басты ұстаным – реализм. Кино шынайы болу керек. Қалалық жастар арасында жиі кездесетін шалақазақша сөйлесу – әлеуметтік шындық. Кино кейіпкері нақты бір ортада өмір сүрсе, сол ортаның тілдік мінез-құлқын сақтап беру шыншылдықтың белгісі. Яғни, көрермен «мынау мен сияқты сөйлейді» деп ішкі байланыс орнатады. Бұл – әсіресе әлеуметтік драмалар, заманауи жастар туралы фильмдер үшін маңызды көркемдік тәсіл. Екінші жағынан қарағанда «кино тілдің тәрбие құралы» дейтіндер. Олардың пікірі де орынды: кино – тек өнер ғана емес, үлкен мәдениет пен идеология құралы. Кинода көрінетін тіл – үлгі, мәдениет өлшемі. Егер фильмде барлық кейіпкерлер шұбар тілде сөйлесе, көрермен де соны қабылдап, соған бейімделеді. Бұл – тілдік норма мен мәдениеттің бұзылуына әкеледі. Сондықтан, әсіресе мемлекеттік қолдаумен түсірілген фильмдерде таза, әдеби, бай тіл қолдану – қоғам алдындағы жауапкершілік деп қарастырылады. Қазақ киносындағы тілдің дүбәралануының бірнеше нақты себебі бар. Бұл құбылыс — кездейсоқ емес, белгілі бір мәдени, әлеуметтік және нарықтық жағдайлардың нәтижесі. Солардың басты-бастыларын бөліп қарайық. Сценаристер мен режиссерлердің тілдік деңгейіне тоқталсақ. Көптеген жас сценаристер мен режиссерлер қазақ тілін ана тілі ретінде еркін меңгермеген. Олар көбіне орысша немесе шалақазақша ойлап, сол тілдік ортада өмір сүреді. Сол себепті сценарий тілі де күнделікті жартылай аударма, «калька» күйінде жазылады. Диалогтарда шынайылықтан бұрын, тілдік салада үстірттік байқалады. Кейбір продюсерлер мен режиссерлер көрермен тарту үшін «түсінікті тілмен сөйлеу керек» деген ұстаныммен жүреді. Қала жастары не жаппай шалақазақша сөйлейтін ортада «таза әдеби тіл» көрерменге жат естіледі деп қорқады. Кейіпкердің «реалистік» бейнесін жасау үшін әдейі орысша сөздерді араластырады, бірақ бұл көркемдік тәсіл емес, әлсіз тілдік ойлау мен жеңіл жол іздеудің белгісіне айналып кеткен. Тілдік редактура мен драматургиялық мектептің әлсіздігі де бір себеп. Батыс елдерінде сценарий жазу — ұжымдық, кәсіби деңгейде жүргізілетін процесс. Бізде көп жағдайда сценарийді режиссердің өзі жазады не оның танысы жазады. Сценарийге кәсіби әдеби редактор, тіл маманы немесе драматург жұмыс істемейді. Осыдан келіп тілдік шалағайлық, тұрмыстық дөрекі сөздер, логикаға сай емес диалогтар көбейеді. Мәдени саясаттың әлсіздігі де негізгі мәселе. Мемлекеттік тапсырыспен түсірілген кей фильмдерде де тіл мәселесі ескерілмей жатады. Бұл – бақылау мен талаптың жоқтығы немесе әлсіздігі. Егер кино ұлттық идеология мен мәдениетті таратушы құрал болса, онда тіл тазалығы міндетті түрде басым бағыт болуы керек. Бұған қоса қарапайым көрермен де кейде «таза қазақша сөйлейтін» кейіпкерлерге сенбейді. Өйткені ол күнделікті өмірінде ондай таза тілмен сирек кездеседі. Осылайша киногерлер көрерменнің «тілдік күңгірттігіне» бейімделіп, өзі де соны қалыптастырады — бұл заманауи «тілдік шеңбер» немесе мәдени инерция деп аталады. Ең бірінші кино туралы заңнан бастап мәселені шешуге болады.

А.А: Қазақ киносындағы дүбәра тілдің бірнеше себебі бар. Бірінші – сценарий мен режиссурадағы тілдік сауаттылықтың төмендігі. Көптеген жас сценаристер мен режиссерлер таза қазақ тіліндесөйлеп, ойлап, жаза алмайды. Себебі – білім мен мәдени орта орыс тілді немесе аралас. Бұл олардың тілдік аппаратына әсер етеді. Екінші –коммерциялық табыс үшін кино тілін барынша «халыққа түсінікті» етуге тырысады. Бұл –жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлеу, яғни «шала қазақша» стильдің көбеюіне әкеледі. Үшінші – режиссерлер кейіпкерлердің деңгейін тіл арқылы көрсетуге тырысады: ауыл адамы – «қарапайым, шала сауатты», қала тұрғыны – «орысша білетін, интеллигент» деген сияқты. Бұл – өте қауіпті клише.

Ж.А: Кино — бұқаралық мәдениеттің ең ықпалды құралдарының бірі. Демек, кино тіліндегі әрбір сөз санаға әсер етеді десек, сіздің ойыңызша, кинода күнделікті тіл мен таза қазақша арасында қандай да бір шекара болуы керек пе? Соңғы жылдары шыққан фильмдердің ішінде тілінің тазалығымен ерекше есте қалған авторлар, фильмдер бар ма?

Е.Т: Шекара болуы керек. Бірақ бұл көзге көрініп тұрмауы керек. Негізі шебер редактор айналысқа, кинодағы тілді «өмірдегідей» қылып жіберуге болады. Бірақ қазіргі кино түсірушілерге мұндай талап қойылып отырған жоқ. Сондықтан режиссерлер әсіресе комедия түсіргіштер ойына келгенін істеуде. Ал бұларды ауыздықтайтын кинодағы редакторлық мектеп жойылудың алдында тұр. Баяғы редакторлар дүниеден өтті, қартайды, керексіз болып қалды дегендей. Ал қазіргі жастар кино тілін білмейді. Негізі кино тілі деген өз алдына жеке дербес әлем. Бізде кино тілін әдебиетпен шатастыру да бар. Жоғарыда айттым ғой, шебер редакторлар бұл тілдердің аражігін айыра алады деп. Мәселен тәжірибелі теңізшілер кемеден суға бір қарап жіберіп-ақ қай мұхиттың суында жүзіп келе жатқанын айырады екен ғой. Бұл да сондай нәзік нәрсе.

Қалай десек те соңғы жылдары еліміздің кино кеңістігінде ұлттық режиссерлердің бір топ тегеуірінді толқыны пайда болып, әлемдік фестивальдерде топ жара бастады. Оларды жасы үлкенінен бастап атасам, Данияр Саламат, Кенжебек Шайқақов, Асхат Күшіншіреков, Елзат Ескендір сынды талантты режиссерлер. Бұлардың соңын ала Азамат Шарғын, Бекзат Смадияр, Әріби Дәулі сияқты келесі күшті толқын келе жатыр. Киноның тілі осы режиссерлердің түсірген фильмдерінде бар. Енді бір тіл бар, ол тарихи фильмдердің тілі. Киноның бұл тілі Рүстем Әбдірашев пен Ақан Сатаевтың түсірген фильмдерінде сақталған. Әсіресе Рүстем Әбдірашевтіңтің «Қазақ елі» сериалында, «Алмас қылыш», «Алтын тақ» фильмдерінде бұрыңғы қазақ тілі өзінің бар бояуымен көрініс тапқан десем, артық айтпағаным. Мұны білетінім, аттары аталған қос режиисердің түсірген тарихи фильмдерінің барлығының диалогтарын жазған едім. Бұл тарихи фильмдердің диалогтарын жазу кезінде, қазақ тілінің бар шұрайын сақтап жазғаныма кепілдік бере аламын. Соның дәлелеліндей, әлі күнге дейін ешқандай тіл маманы яки ақын, жазушы мына сөзің дұрыс емес деп айта алған жоқ. Келешекте бұл фильмдер тарихи туынды түсіретін жас режиссерлерге бағыт-бағдар бола алады деп ойлаймын. Дегенмен қазірдің өзінде бұл фильмдердегі күнделікті қолданыста айтыла қоймайтын кейбір сөздердің рухани айналымға түскені аңғарылады. Лайым солай бола бергей!.

Әлімақын Жанболат
Фото: ашық дереккөздерден

Ә.Ж: Кинодағы тіл – жай «сөйлеу» емес, мәдени код. Сондықтан оның тазалығы мен көркемдігі — ұлттық қауіпсіздікпен тең мәселе. Қазіргі киногерлер шынайылық пен тәрбиелілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін тілмен көркем жұмыс жасауға үйренуі керек. Ал көрермен — соны талап етіп үйренуі тиіс. Соңғы жылдары түсірілген кейбір фильмдердегі тіл тазалығын мысал ретінде келтіруге әрине болады. Айталық Досқан Жолжақсыновтың «Құнанбай», Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Данияр Саламаттың «Талақ» фильмдері қазақтың шұрайлы тіліне бай экрандық дүние деуге болады. Әрине аталған фильмның басқа да көркемдік қырларын былай қойғанда.

А.А: Иә, күнделікті тіл мен көркем тіл арасында нақты шекара болуы керек. Бұл шекара – тілдің функционалды стильдеріне байланысты анықталады. Кинода кейіпкердің әлеуметтік бейнесін жасау үшін ауызекі сөйлеу нормаларын қолдануға болады. Бірақ бұл тілдің мәдени контекстен жұрдай болуына, шұбарлануына апармауы керек. Ауызекі тіл кейіпкермінезін ашу үшін керек болса – қолданылсын. Бірақ авторлық позиция, диалог құрылымы, жалпы тілдік стиль таза қазақша, әдеби деңгейде болуы тиіс. Соңғы жылдары тілдік тазалығымен ерекшеленген фильмдер қатарына, мысалы, «Мұқағали» (Б.Қалымбетов) – поэтикалық тілмен салмақты сөйлейтін фильм, «Оралман» (С. Құрманбеков) – тілдің құнарын сақтауға тырысқан фильмдер дер едім.

Ж.А: Байқасақ, коммерциялық фильмдердің басым бөлігінде қазақ тілі кедейліктік, надандықтың тілі ретінде көрініс тауып жүргені өтірік емес. Ал байлық пен биліктің тілі орысша. Не үшін? Бұл әлі де болсын сақталып тұрған құлдық сананың көрінісі емес пе?

Е.Т: Мұныңыз енді нағыз байқампаздық! Расында солай. Қазіргі қазақ қоғамының кедей мен бай болып екі тапқа бөлінетіні жасырын емес. Өз кезегінде бұл тілдік тұрғыдан да бөлінуге әкеп соқты. Расында қазіргі қазақтың байлары орыс тілінде, кедейлері қазақ тілінде сөйлейді. Мұның әлеуметтік астары тереңде. Қысқаша айтсам, Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ билігі орысша сөйлеп келеді. Осылайша орыс тілі әлі күнге дейін саясат пен экономиканың тілі болып қалуда. Мұның сыры былай, еліміз тәуелсіздік алған кезде ең алдымен жүзеге асырылуы тиіс отарсыздандыру процесі жүргізілмеді, ауадай қажет еді – люстрация жасалмады. Өйткені жаңа билікті сол советтік жүйенің партократ һәм бюрократ шенеуніктері басып қалған еді. Сондықтан олар мемлекеттің берік орнығуына негіз болатын, оның қарыштап дамуына, өркендеп гүлденуіне басты алғышарт болатын мұндай түбегейлі өзгерістерді жасауға құлықсыз болды. Өйткені бұл шенеуніктердің ата бабалары патшалық Ресейдің, ал өздері Советтік жүйенің құлақкесті құлдары болған еді. Ал құлдар қандай да бір өзгеріс жасауға келгенде зәре-құты қалмайды. Өйткені отаршылдар тәрбиелеген саяси құлдардың санасын үнемі үрей кернеп тұратындықтан бұлар өле өлгенше ол үрейден арыла алмақ емес. Сөйтіп елімізде деколонизация процесі жүргізілмегендіктен, орыс тілі үстемдік құрып тұрып қалды. Соның салдарынан қазақ билігі әлі күнге дейін орысша сөйлеумен келеді. Орысша сөйлегені аздай бұл билік әу бастан-ақ жемқорлық дертіне шалдыққан билік қой, содан да болар орыс тілі коррупцияның тіліне айналды. Осылайша орыс тілділер байыған сайын байи түсті, байығандары – бір-бірін жетектеп билікке келе берді. Билік орыс тілінде сөйлеген соң бітті дей бәрі, қазақ тілі еш дамымай кедейлер ғана сөйлейтін сорлы тіл боп қалды. Шынында да бұл құлдық сананың зардабы.

Осындай тартыстарды тамашалап. Қазақ тілінің биліктен қағажу көріп отырғанын көрген халық не істемек? Әсіресе, байлар қайтпек? Әрине орыс тілінде сөйлемек. Міне осы шындық бүгінгі кинода бар сипатымен көрініс табуда. Осыдан екі жыл бұрын әлде үш жыл өтті – кино режиссер болуға талаптанып жүрген Айбек Құдабаев деген жігіт өзінің алғашқы дебютін түсірді. «Қалай фильмің көңіліңнен шықты ма, қай тілде түсірдің?», – десем, «Иә, шықты, байларды орыс тілінде, кедейлерді қазақ тілінде сөйлеттім», – деп қарап тұр. Бұдан әрі бірдеңе деу артық болар.

Ә.Ж: Иә, бұл өзекті өртейтін сұрақ. Коммерциялық фильмдердің бірқатары шынымен де қазақ тілін әлеуметтік деңгейі төмен, сауаты таяз адамдардың тілі ретінде көрсетуге бейім. Бұл құбылыстың астарында бірнеше терең себеп жатыр. Қазақ қоғамында кеңестік кезеңде қалыптасқан қос тілді иерархия бар. Орыс тілі — «мәдениетті, өркениетті» тіл, ал, қазақ тілі — «тұрмыстық, ауылдық» тіл. Бұл сана кино жасаушылардың көпшілігінің де түпкі қабылдауында сақталып қалған. Кино — сол сананың көрінісі. Қалалық ортада қазақ тіліне әлі де орын аз. Көптеген режиссерлер мен сценаристер қалалық, орыс тілді ортада өмір сүрген. Олар үшін шынайы өмір деген — дәл сондай «қос тілді» боп қатып қалған. Қазақша сөйлейтін кейіпкерді олар көбінесе ауылдан келген, тұрмыстық деңгейде қалған бейне ретінде елестетеді. Бұл — көркемдік қателік қана емес, тілдік менмендік. Кейбір киногерлер көрерменнің санасындағы осы «тіл мен әлеуметтік статус» арасындағы стереотипті әдейі пайдаланады. Кедей қазақша сөйлеуі керек деген түсінік шын мәнінде аянышты. Бұл – нарыққа жұмыс істейтін кино өндірісінің жеңіл жолы. Иә, бұл құлдық сана деп айтуға толық негіз бар. Тіл мен мәдениетті төмендету — өз болмысыңды екінші сортты ету. Қазақ тілін кедейліктің тілі етіп көрсету — сананың отарланғанын білдірсе керек. Бұл кино арқылы ұрпаққа беріледі — ең қауіптісі де осы.

Алма Айдар
Фото: ашық дереккөздерден

А.А: Қазақ тілі – кедейдің, ал байлық пен билік – орыстың тілі ме? Өкінішке орай, бұл – қазақ киносындағы отарлық сана рецидиві. Көптеген фильмдерде қазақ тілі «ауылдың», «сауатсыз», «қарапайым» адамның тілі ретінде ұсынылады. Ал бизнес, элита, саясаткерлер – көбіне орысша сөйлейді. Бұл Кеңес үкіметі стереотипінің жалғасуы. Көркемдік емес, әлеуметтік позицияның көрінісі. Режиссер мен сценаристтің ішкі психологиясы – қазақ тілімен озық ой айту мүмкін емес деген түпкі сенімі. Мұндай көріністер – құлдық сананың белгісі. Ол сана бір күнде жойылмайды, бірақ мәдениет пен кино – оны жеңудің басты құралы болуға тиіс. Қазақ киносы – ұлттың айнасы ғана емес, тіл мен сана тазалығының күрес алаңы. Әрбір режиссер, сценарист, продюсер – тек фильм жасаушы ғана емес, тіл мен мәдениет үшін жауапты тұлға. Сол жауапкершілікті сезінгенде ғана, қазақ киносы нағыз ұлттық және сапалы болады.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы