Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендетті
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25 пайыздан 15,75 пайызға түсірді.
Бұл шешімге жылдық инфляцияның баяулауы негіз болғанымен, елде бағаның өсуі әлі де жалғасып жатыр.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3 пайызға дейін төмендеген. Тамызда бұл көрсеткіш 10,4 пайыз болған. Алайда қыркүйек айында тауарлар мен қызметтердің бағасы тағы 0,6 пайызға өскен.
Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында ел экономикасы 4,2 пайызға ұлғайды. Экономикалық өсімге құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салалары көбірек үлес қосқан.
Сонымен қатар Ұлттық банк бағаның қайта қымбаттау қаупі сақталып отырғанын ескертті. Бұған әлемдік нарықтағы жанармай мен азық-түлік бағасы, коммуналдық қызмет тарифтері және ішкі сұраныстың жоғары болуы әсер етуі мүмкін. Ведомство болжамынша, жыл соңына қарай инфляция аздап жеделдеуі ықтимал.
Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешім 4 желтоқсанда жарияланады.