Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 26 Сәуір 2023

Университетті өз дипломын өзі жаза алмайтын деңгейде бітіріп шықты...

None
None

Мектепті ата-анасының жақсы адам болғандығының арқасында жақсыға бітірген екен. Сол әке мен шешенің жинаған аз-кем қорының арқасында университеттің есігін ашыпты.

Оның бәрін көрші факультетте оқитын ауылдасы айтып берген. Одан кейінгі өмірі көз алдымызда өтті. Әңгіме Әшөн, Әшірбек жайында.

Әшөн төрт жыл таусылып оқыған кейіп танытқанымен, университетті өзінің дипломдық жұмысын өзі жаза алмайтын деңгейде бітіріп шықты. Басқа тұрыпты, төрт-бес беттік рефераттың өзін аяғына дейін жеткізе алмайтын. Сол себепті курстық жұмыстарын да ақшаға жаздыратын. Дипломдық жұмыстың өзі түгілі, қорғау кезінде айтылатын жарты беттік сөзін де үстеме ақша төлеп жаздырып алған. Бір қызығы – сабақтан қалмайтын. Мүлги түсіп тыңдайтын, берілген тапсырманы ауызшасын жат та кеп оқып, жазбашасын жалықпай көшіріп жататын. Жарықтық-ай, сонда да миына ештеңе қонбайтын. Мұғалім сабақ сұраса, аңтарылып, аңырып, бетіне қарап, үнсіз тұратын. Ұстаз таңғалатын.

— Кеше лекцияда болдың ғой, оқып та, жазып та келіпсің, енді түсінгеніңді айта қойшы, айналайын, – дейтін.

Әшөн үнсіз тұра беретін. Бірде әдеп сабағында бес тыйым сөз айт дегенде айта алмағаны тағы бар. Алла-ай, қазақта не көп, тыйым сөз көп емес пе? Өйтпе, бүйтпе деп тыйып тастаған халық емес пе едік.

Ит-ой өзі ұқыпты киінетін. Тәртібі де керемет, тілалшақ қолбалалығы тағы бар. Сонысымен мұғалімдер қауымына аз-кем сүйкімі болды. Жұмсағанға жақсы деп жігіттер қауымы да тым сырттатпайтын. «Көнбіс күйеуге тиіп алып, қалауымша өмір сүрсем ғой» деп армандайтын қу қыздар үшін таптырмайтын күйеу. Бір қарарлық түрі бар. Яғни бастың ішкі мазмұны жұтаңдау болғанымен, сыртқы жағы көркемдеу-тұғын.

Бітіргеннен кейін өзінің туған жеріне тартып, аноу жақтағы алыс бір ауданның ішкі саясат бөліміне ме, мәдениет бөліміне ме, жұмысқа тұрып кеткен. Осындайлардың жолы болғыш қой, курстағы ең көрікті деген екі-үш қыздың бірін қолтықтай кетіпті. Содан хабарсыз қалғанбыз. Кейіннен бітіруші түлектердің әлденеше жылдық кездесуін ұйымдастыру барысында құрылған уатсаптағы топта тоқайластық. Ол кезде Әшөн облыстық деңгейдегі қызметке көтеріліп алған екен. Уатсаптағы ақылдасу барысында мейлінше дыбыстық хабарламалар жіберіп жүрді. Бірде жазбаша жолдаған пікірін оқып, жағамызды ұстадық. Ананың жіберген қателеріне әріп санының қалай жетіп тұрғанына басымыз жетпеді. Алдай-оу, адамның қызметте өсуі үшін қырық екі әріпті толық білудің дымға керегі жоқ екен ғой дедік. Қарапайым хат жаза алмайтын адамның облыстық деңгейде әдебиет пен мәдениет қызметкерлерінің үстінен қарайтынына таңбыз. Хатты қойшы, не оқып отырғанын ұқпайтын адам еді ғой. Бұл да ештеңе емес екен.

Бір күні сол баяғы уатсаптағы топта кәстөм-шалбар киіп, галстугын қылқына тартып, алысқа, тым алысқа қасқая қарап тұрған фотосы жарқ ете қалды. Астына «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» деп жазып қойыпты. Жоғарғы мінберге депутаттыққа түсіп жатыр екен. «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» депті. Кімге жаздырып алды екен, кімнің сөзі екен. Осындай арзан ойларды ғана ойладым. Әріге бара алмадым. Әйтпесе, Әшөндардың өсімтал келетіні анық қой.

Тегтер: