Үш ай ғана өмірім қалған екен. Ауруды жүгіріп жеңген марафоншымен сұхбат
1980 жылдары әлемді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Қатерлі ісікке шалдығып, бір аяғынан айырылған 22 жастағы канадалық Терри Фокс 143 күнде 5 773 шақырым жүгірді.
Оның мақсаты – 1 млн доллар жинап, ақшаны қатерлі ісікті зерттеумен айналысатын орталықтарға аудару еді. Бастапқы мақсаты – Канаданы шығыстан батысқа қарай кесіп өту болатын. Бірақ жолдың үштен екісін еңсерген Фокс тағы да аты жаман ауруға шалдықты. Оның ісі бүкіл елді тәнті етті. Өзі армандағандай 1 млн емес, 24,1 млн доллар жинады. Жыл спортшысы атанды. Канаданың ең жоғары сыйлығын иеленді. Бірақ 23 жасында өмірден өтті. Одан кейін де бірнеше спортшы Терридің ісін жалғастырды. Фокс атындағы қор бүгінде 800 млн доллар жинаған. Әртүрлі ауруларға ақша бөледі. Ол мүмкіндігі шектеулі көптеген спортшының көзіне үміт ұялатты.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің де тағдыры Терри Фокске ұқсайды. Бірақ ол 3 ай өмірі қалса да күресуін тоқтатпай, сырқатын спорт арқылы жеңіп шыққан...
***
Біздің редакцияға Досмұханбет деген қарт кісі келді. Басынан өткен оқиғаларын әңгімелеп берді. Ауыр дертке шалдыққанда ауруынан айығуға «Жас Алаш» газеті де көп көмегін тигізген екен. Досмұханбет жәй келмепті, өзімен бірге күнделігін, суреттерін ала келіпті. Өміріндегі оқиғаларын тыңдай отырып, көп мәліметке қанық болдым.
Досмұханбет Төлегенов 1962 жылы Алакөл ауданы Арқарлы ауылында туған. Жастайынан спортқа жақын ол бокспен, өзге де спорт түрлерімен айналысқан. 34 жасында аяқастынан сырқаттанып, спорттан қол үзуіне тура келген. Бірақ мұның бәрі уақытша ғана екен...
Сенім арқылы осы дәрежеге жеттім
1996 жылы қазанда теңселіп жүре бастадым. Оным өзіме білінбейтін. Бір күні шешем «сен теңселіп жүрсің ғой» дейді. Оған да мән бермедім. Шамамен 15 күннен кейін таңертең тұрсам, көз алдымдағы заттардың бәрі екеу болып тұр. Бірден Үшаралдағы емханаға бардым. Тексерген ақ халаттылар «жатасыз, емделесіз», деді. Оларға сенбей, Алматыға келдім. Қаланың дәрігерлерін шарлап шықтым. Бәрі «сіздің денсаулығыңыз жақсы» дейді. Ал мен ауырып тұрмын. Сауығып кететініме сендім. Сенім арқылы осы күнге жетіп отырмын. Ол кезде 34 жастамын. 3 балам бар, үлкені 11 жаста, ортаншысы 7-де, кішкентайы 2-де болатын. Солар үшін өмір сүруге тырыстым. Балаларым жетім өспей, бұл өмірден орнын тапса дедім.
Үш ай ғана өмірім қалған екен
Алматыда профессор Белаяев деген болған. Сол маман тексере келе – «рассеянный склероз мозжечковая форма» деген диагноз қойды. Келер жылы «рассеянный склероз мозжечковая дегенерация» деп айтты. Бұл аурудың белгілері – басым ауырады, көзіме заттардың барлығы екеу болып көрінеді, сөзім түсініксіз, тілім күрмеліп шығады, теңселіп жүремін, ұмытшақпын. Аяқасты қарапайым нәрселерді ұмытып қаламын. Сонымен екінші топтағы мүгедек атандым. Маған айтпаған, бірақ туыстарыма «3 ай ғана өмірі қалды» деген екен. Олар да мені әне-міне арғы дүниеге кетіп қалады деп дайындалып жүрген екен. Бірақ мен білген жоқпын. Білмегендігімнен күрестім, берілмедім. «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» дейді емес пе Мұқағали. Сол бір күндік сәуле үшін күрестім.
Жылда емделіп жүрдім. Дәрігерлерден бөлек өзімді емдеуге, тәрбиелеуге көштім. Күйзеліске де түстім. Жұмыс істей алмайсың, үш баланы бағу оңай емес. Оның үстіне өткен ғасырдың 90-жылдары қиын заман еді. Содан барлық мәселені ұмытайын деп, ащы суға берілген күндер де болды. Бір күні қарасам, ақырын көбейтіп келе жатқан сияқтымын. «Ертең өліп қалсам, балаларымды кім аяққа тұрғызады?» деп ойландым. Ауруға қарсы тұра бастадым.
«Жас Алаш» менің сүйікті газетім
Құранды оқысам. «әрекет жаса, шипа Алладан» деп жазылыпты. Сосын ақырын жүгіріп бастадым. Өзім мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі едім. Спортқа жақын болатынмын. Әрине, бірден жүгіріп кеткен жоқпын. Басында 100 метр жүрдім, кейін 200 метрге көбейттім. Ақырын ұзақ қашықтыққа өзімді дайындадым. Бір күні 5-10 шақырым жүгіретін жағдайға жеттім. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 шақырымды бағындырдым. 30 жылдыққа да ешкімге айтпай, Ақтүбек деген жерден аудан орталығына дейін жүгіруге бел байладым. Көлігі бар бір жігітке ақшасын төлеп, ізіме еріп отыр дедім. Аудан орталығына келсем әкім, әріптестер қошеметпен күтіп тұр екен. Екінші дүниежүзілік соғыстың 70 жылдығына 70 шақырымды еңсердім. Енді алдағы уақытта Талдықорғаннан Алматыға дейінгі арақашықтықты бағындырсам деген ниетім бар. «Жас Алаш» менің сүйікті газетім. Ауырған кезде талай рухани сүйеу болды. Ішіндегі айтулы ойларды қиып, өзіме жинайтын әдетім бар. Сіздерді іздеп, редакцияға келген себебім де сол. Айналамдағыларға «Жас Алашқа» жазылыңдар, шындық газеті» деп ылғи айта жүремін.
Екінші тынысым ашылды
Қазір тұрақты спортпен айналысып тұрамын. 90 рет «отжимания» жасаймын. Алғаш ауырғанда дәрігердің қолын қыса алмайтындай әлсіз едім. Қазір құдайға шүкір, бәрі дұрыс. Халық арасында «планка» деген атпен белгілі жаттығу спортқа бейім адамдар арасында танымал. Мен де мұны қолға алдым. Оны қазақша «тақтай жаттығуы» деп атасақ та болады. Қазір 12 минут «планкада» тұра аламын. Бір данышпанның «сен адамдарға сөзіңмен емес, ісіңмен үлгі бол» деген сөзі бар. Сіздерге осы айтып отырғандарымды ісіммен де дәлелдеп бере аламын.
34 жасыма дейін түрлі спортқа қатысып көрдім, бокспен де айналыстым. Жаңа айтып өткенімдей, спортты сүйдім. Содан болар, дене шынықтыру мамандығын таңдадым. Ауырғанда бәрі қалатын болды деп қайғырған едім. Жоқ, керісінше екен. Адамның мүмкіндігінде шек жоқ. Қайта менің екінші тынысым ашылды. Қазір 61 жастамын, күніне 10 шақырым жүгіремін.
Бәрі өз қолымызда, шектеу мида ғана
Үздіксіз спорттың арқасында аяғымның бұлшықеттері қатайды. Бұрын жүргенде дірілдейтін едім. Қазір аяғым күшті, тәлтіректеп жүрмеймін. Тек тілімнің күрмеліп шығатыны қалмады. Басында дәрігер маған жүгіруге болмайтынын, себебі қан қысымым жоғары екенін ескертіп жүрді. Мысалы, 70 шақырымға жүгірген кезде жанымда достарым, дәрігер болды. Сол кезде қан қысымымды тексергенде 120-дан көтерілмепті. Яғни ағзам үйреніп алған. Бұрын жүгіріп кетсем, әйел-балаларым іздейтін. Бір жерде құлап қалмады ма екен деп алаңдайтын. Қазір олар да маған сеніп алған. Мен қанша жүгірсем де шаршамаймын, керісінше, ләззат аламын. Жұрт алдында тілімнің күрмелгенінен ұялатын едім. Сыртқа көп шықпауға, адамдармен араласпауға тырысатынмын. 30 жыл бойы күресіп келемін. Қазір ұялмайтын дәрежеге жеттім.
Өмірде жақсылық та, жамандық та болады екен. Бірақ бәрін жеңуге әрекет ету керек. Соған көзім жетті. Мен данышпан емеспін, бірақ данышпандардың сөзін көп оқып түсінгенім – бәрі өз қолымызда, шектеу мида ғана екен. Сол сияқты денсаулығымыз да өз қолымызда. Тәртіпке бағынып, спортпен шұғылдансақ, ауру ала алмайды деп ойлаймын.
«Алматы марафонына» қатыстым
«Алматы марафонына» қатыстым. Алғашында 10 шақырымнан бастадым. Кейін жартылай марафон жүгірдім. Алдағы уақытта 42 шақырым жүгіретін ниетім бар.
Балаларым ер жетті. Алды 40-қа келді. Былтыр 60 жасқа толғанда олар: «Әке сен жүгіресің. Қыс уақытында көшеде жүгіру де оңай емес. Саған «беговая дорожка сыйлаймыз» деді. Содан бері күн суық кезде үйден шықпай жүгіретін болдым. Қазір жүгірмесем тұра алмаймын.
Ауырғаныма 27 жыл өтіпті. Әлі көз алдымдағы заттар екеу болып көрінеді. Сонда да жүгіруді тоқтатпадым. Жүгіру арқылы жолымды таптым. Жүгіру арқылы өмірге қайта келдім.
Әрбір марафон – бұл кішкентай өмір
Жарақат алмау үшін күнделікті жүгірумен жүйелі айналысыңыз, ұйқыңыз қанық, жүгірер алдында дене қыздыруды ұмытпаңыз, жаттығу кезінде ауа райына сәйкес киініңіз. Марафон жүгірген адам ретінде айтарым, егер сіз осы ережелерді сақтасаңыз, жүгіру бақыт әкеледі. Уақыт өте келе өміріңізді жүгірусіз елестете алмайсыз. Бәрін аз нәрседен, кішкентай мақсаттан бастаңыз. Ауырған адам ретінде айтайын, жүгіру – қуат көзі. Әрбір марафон – бұл кішкентай өмір. Марафон кезінде көптеген жастар «аға, сіз бізге шабыт беріп жатырсыз» деп айтады. Мен осындай кішкентай ісіммен болса да жастарға үлгі бола алсам деймін. Бұл әңгімелерді жастар мені білсін, көрсін деп емес, бағыт-бағдар болсын деп айтып отырмын. Жүгіруді алғаш бастаған кезде өзіммен қатар таныстарым «неменеге жүгіресің, өзің тәлтіректеп өле алмай жүрсің» деп мазақ ететін. Олардың сөзін тыңдаған жоқпын. Міне, қазір 70 шақырымды қиналмай жүгіремін, ал олардың кейбірі 60-тан асқасын тіпті жүре алмай қалды. Менің айтарым, кез келген дертті жеңуге болады екен. Тек әрекет керек, ауырдым деп жата берсең, ол сені баса береді. Мысалы, Марат Жыланбаев сияқты адам еш елде жоқ, нағыз жастарға үлгі болатын адам. Жасым 60-қа келіп, өзім де сол кісіден үлгі аламын.
Жүгіру бұл спорт қана емес, тәрбие
Ауылдағы балалар «ата, бірге жүгірейік» деп үйге келеді. Содан бәріміз жүгіреміз. Жолда оларға телефонға әуес болмауды айтамын. «Бүгінгінің батыры кім дегенде – дені сау адам, сондықтан спортпен айналысыңдар» деймін. Кейде «Абай жолын» сұраймын. Білмеген жерлерін өздеріне әңгімелеп беремін. Тек жүгіре бермей, осындай мәліметтермен де бөлісемін. Ұзақ қашықтыққа жүгірудің қыр-сырын айтамын. Не нәрсеге мән беру керегін үйретемін. Көрдіңіз бе, жүгіру спорт қана емес, тәрбие де. Жастарға осындай кеңес берсем, өзімді көп-көрім жақсы сезініп қаламын. Бұрын қара нан мен қара суды ата-бабамыз бөлісіп ішіп-жейтін. Сол кезде бәрі бардай көрінетін. Қазір, керісінше, бәрі бар, бірақ тәрбиеміз бен тәртібіміз әлсіреп бара жатыр. Ғабит Мүсірепов «еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз» дейді. Осыны ұмытпауымыз керек. Жай адам жазушы болмайды, жазушы адам текке айтпайды.
P.S. Кейіпкеріміз бізге күнделігін ала келіпті. Оның ішіндегі «Жас Алаш» газетінен қиып сақтаған түрлі жазбаларды көрсетті. 20 жыл бұрынғы газет нөмірлерін де көзіміз шалды.
«Бұл жердегі әрбір жазба өзіме ыстық, әр парағында естелігім жатыр» дейді Досмұханбет. Содан кейін «мен сіздерге мүмкіндіктерім туралы айттым ғой. Енді соны ісіммен көрсетейін» деп саябақ ішін айналып жүгірді. Алпысқа келсе де тың, жылдам екен. Сөйлеп отырғанда бұлшық еттері білеуленіп, сыртқа шығып тұрады. Қолы да өзі айтқандай, мығым. Сөйлесе отырып 60 жастағы қарттың дене сымбаты әлі 25-тегі жас баладай екеніне көзім жетті.
Марафоншылар арасында мынадай сөз бар: «Уақытты кері қайтарып, сөрені өзгерте алмайсың, бірақ қазір бастап, мәрені өзгертуге болады». Досмұханбет Төлегеновпен әңгімелесе отырып осы сөздің қаншалықты растығына көзіміз жетті. Иә, адамның мүмкіндігі жоғары. Шектеу миымызда ғана.