Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 11 Маусым 2024

Үшінші мегаполистегі бокс кеші

Бокс
Фото: из открытых источников

8 маусым күні Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Irfin Promotions» компаниясының ұйымдастыруымен көптен күткен кәсіпқой бокс кеші өтті. Турнир қала әкімдігінің қолдауымен өтті.

Кеш аясында Елшат Нығметолла, Нұрдос Төлебай, Самат Жетібаев қатарлы болашағынан үлкен үміт күттіретін қазақстандық боксшылар өнер көрсетіп, барша көрерменге қызықты жекпе-жек сыйлады. Олар алыс-жуық шетелдерден келген тәжірибелі былғары қолғап шеберлерімен жекпе-жек өткізді.

Кештің басты қонағы – кәсіпқой бокстан бұрынғы абсолютты әлем чемпионы, Халықаралық бокс даңқ залының мүшесі Константин Цзю болды. Ол турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және боксшылардың жақсы дайындығын атап өтті.

Сондай-ақ тарихи іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, аты аңызға айналған боксшы, Мәскеудегі Олимпиада ойындарының күміс медалінің иегері Серік Қонақбаев және басқа да танымал отандық және шетелдік боксшылар қатысты.

«Irfin Promotions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырған бокс кешінде Өзбекстан, Ресей, Филиппин, Тайланд, Моңғолия және Қытайдан келген үздік боксшылардың қатысуымен сегіз жекпе-жек өтті.

Кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық боксшы Нұрдос Төлебай кәсіпқой рингтегі кезекті кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. Түркістан бокс мектебінің түлегі Тайланд өкілі Анусон Тнонглуангпен кездесіп, екінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.

Тағы бір қазақстандық боксшы Самат Жетібаев кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ол Филиппин елінен келген Адриан Лерасанмен кездесіп, жеңіліп қалды.

Атақты кәсіпқой боксшы Елшат Нығметолла кәсіби рингте 19-жеңісіне қол жеткізді. Ол Өзбекстан өкілі Сарвар Усмановты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.

Бокс кеші аясында бұдан бөлек тағы бес жекпе-жек өтті. Онда да елге белгілі былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Аталған спорттық іс-шараны отандық телеарналар тікелей эфирде көрсетті.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бокс кеші мегаполистегі бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деген болжам бар. Өйткені бокс – Қазақстандағы ең танымал спорт түрі. Елімізде бокспен айналысатын адам аз емес. Оның үстіне шетелдік спортшылар қатысатын бокс кештеріне жергілікті жұрттың қызығатыны белгілі.

«Залда адамдар көп болды, бұл Шымкент халқы боксты жақсы көретінін, бұл қалада бокспен айналысу дәстүрі бар екенін көрсетеді. Кешті отандық телеарналар көрсетіп жатыр. Менің ойымша, осындай трансляциялардың арқасында бокс жастар арасында танымал болып, Жәнібек Әлімханұлы және Геннадий Головкин сияқты әлем чемпиондары шығады», – деді даңқты боксшы Серік Қонақбаев.

Қуан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: