Ұзынағашта ерлер дәретханасынан өлі табылған 21 жастағы қыздың туыстары әділдік іздейді
Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диананың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Жас қыз 29 маусымда дүкен маңындағы ерлер дәретханасынан өлі күйінде табылған.
Полиция бұл жағдайды «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеп жатыр. Алайда марқұмның жақындары болған оқиғаның бұл нұсқасына күмән келтіреді.
Қайғылы жағдайға дейін Диананың күні әдеттегідей өткен. Туыстарының айтуынша, ол анасымен бірге уақыт өткізіп, оған сыйлықтар жасап, сұлулық салонына апарған. Сонымен қатар концертке билет алып берген. Жұмыстан кейін қыз ағасының үйіне баруды жоспарлаған. Бірақ кеш түскен соң Дианадан хабар үзілген.
Оның жақындары қыздың денесінен бірнеше көгерген із байқалғанын айтады. Бұған қоса, Диананың 100 мың теңгесі мен алтын алқасы жоғалып кеткен. Кейін отбасы оның кейбір жеке заттарын жырадан тауып, тергеушілерге өткізген.
Марқұмның құрбылары да әлеуметтік желіде Диананың бұған дейін өзін мазалаған ер адам туралы жазған хабарламаларын жариялады. Хаттардан қыздың оның әрекетінен қауіптенгені байқалады. Осы себепті Диана онымен араласуды тоқтатқан. Дегенмен, туыстарының айтуынша, әлгі адам кейін де қызға хабарласып, байланысын үзбеген.
Отбасы оқиға орнында болған болуы мүмкін адамдардың бар-жоғын да сұрастыруды талап етеді. Олардың сөзінше, Диана табылған дәретхананың маңынан сол уақытта екі көлік пен төрт жас жігітті көрген адам болған. Бұл деректің қаншалықты маңызды екені тергеу барысында анықталуы тиіс.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, Диананың өлімі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Аталған бап «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» әрекетін қарастырады.Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Марқұмның туыстары болса, істің өзге нұсқалары да мұқият тексеріліп, қыздың өліміне қатысты барлық сұраққа нақты жауап беріледі деп үміттенеді.