WSJ: Трамп осы күзде Ким Чен Ынмен кездескісі келеді
АҚШ президенті Дональд Трамп биыл күзде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, Пхеньянның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерді қайта бастауды көздеп отыр.
Бұл туралы 18 тамызда The Wall Street Journal америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым дерегінше, кездесу қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті кезінде өтуі мүмкін. Алайда WSJ дереккөздері әзірге кездесуге ресми дайындық басталмағанын айтады.
Бұған дейін Трамп АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларының ауқымын қысқартатынын мәлімдеп, КХДР басшысына бейбіт келісім жасауды ұсынған.
Ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздер тығырыққа тірелген
Дональд Трамп президенттігінің алғашқы мерзімінде Ким Чен Ынмен үш рет кездескен. Алайда Солтүстік Кореяның ядролық инфрақұрылымын жою жөніндегі келіссөздер нәтижесіз аяқталды.
Стэнфорд университетінің Қауіпсіздік және халықаралық ынтымақтастық орталығының сарапшысы Джеффри Льюистің WSJ-ге айтуынша, содан бері Солтүстік Кореяның ядролық арсеналы айтарлықтай өскен.
«Жүздеген зымыран ұшыру қондырғысының көрсетілгенін және жыл сайын өндірілетін плутоний мен жоғары байытылған уран көлемінің артып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік Кореяның ядролық арсеналы қазір бірнеше жүз бірлікті құрауы мүмкін», – дейді сарапшы.
2025 жылы да Дональд Трамп Азияға сапары кезінде Ким Чен Ынмен келіссөз өткізгісі келетінін білдірген. АҚШ шенеуніктерінің мәліметінше, Пхеньян кездесуге дайын екенін аңғартқан, алайда оны қысқа мерзімде ұйымдастыру мүмкін болмаған.