Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 28 Мамыр 2024

Заңды өзгерту арқылы гендерлік саясатты жетілдіре алмаймыз

заң

Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін түрлі шаралар атқарылып жатыр. Заңнаманы өзгерттік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатайттық. Мемлекеттік мекемелерде әйелдердің үлесін арттыруға барынша назар аударып жатырмыз. Енді әрі қарай не істеу керек?! Бұл жөнінде «Экономика және құқық» институтының заңгері Жанар Күнтуғанқызымен тілдестік.

– Жанар ханым, қазір гендерлік теңдікті жетілдіру үшін заңға өзгертулер енгізіп, түрлі шаралар атқарып жатырмыз. Сіз Орталық Азиядағы әйелдер клубтарымен жіті байланыс орнатып, гендерлік теңдік жөнінде дәрістер оқып жүрсіз?! Соңғы жылдары гендерлік саясатқа байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға қандай баға бересіз?! 

Мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан дүниелер көңілге қонымды деуге болады. Бірақ бізге бір нәрсені ескеру керек, тек қана заңды өзгерту арқылы гендерлік саясатты жетілдіре алмаймыз. Бұл қоғамды тәрбиелеуден, жалпылама әйелді құрметтеуге үйренуден бастау алу керек. Әрине, бұл арада «бүкіл қоғам болып әйелге бас ұрып бағынып кетсін» деп отырған жоқпын. Әйел адам өз орнын білуі керек. Тиісінше, оны айналасы да құрметтеуі тиіс. Қазір біздің еліміз гендерлік теңдік мәселесі бойынша әлем бойынша 65-орында тұр. Елде гендерлік теңдікке қатысты әлі де бірқатар мәселелер бар. Әйелдерді ұрып-соғу, қорлау, үстемдік көрсету, тұрмыстық зомбылыққа әлі де тоқтау сала алмай отырмыз. Биыл бұған байланысты заң қабылданды.

ТМД елдері бойынша салыстырсақ, біз олардан көш ілгері екенімізді байқаймыз. Бірақ біздің мақсат ТМД көлемімен шектеліп қалу болмауы керек. Қазір ғылымда, техникалық қызметтерде, мемлекеттік қызметтерде жүрген әйел адамдардың саны артып келеді. Ер адамдарға қарағанда ғылыми салада ғылыммен айналысып жүрген әйелдер көп. Ең қиыны, көп әйел заты тұрмыстың тауқыметіне көміліп, өзін-өзі тастап жібереді. Үй шаруасы, баласының, ер азаматының жағдайын жасау, қала берді бүтін бір отбасының жағдайын үйлестіру де әйелге байланысты. Сондықтан өз басым, әйелдердің жұмыс істеу жүгін де жеңілдету керек деп есептеймін. Әр жұмыс беруші әйел адамға артық жүк артпауға, оларды әр тоқсан сайын марапаттап, жалақысына сыйақы қосып отыруға міндетті. Біз қазір осы ұсыныстарды үкіметке әзірлеп жатырмыз. Мәселен, жуырда Жапонияда болдық, ол елде әйелдер ер азаматтардан бір сағат бұрын үйлеріне жіберу дағдысына ауыса бастапты. Себебі ол әйел үйіне барып та үйдің тірлігімен айналысады, баласын балабақшадан алады, тамақ жасайды, үйін жинайды. Міне, осыны ескерген жапондық өнеркәсіп орындары ұжым болып ақылдаса келе, әйел адамдарды бір сағат бұрын үйлеріне жіберетін болып келісіпті. Өзіме осы тәсіл ұнады. Сосын қазір көптеген дамыған елдерде әйел адамдар аптасына 4 күндік жұмыс істейді. Ал қалған үш күнін отбасына, балаларына арнайды. Біз осы іспетті дүниелерге қол жеткізе алмай жатырмыз. Болашақта осындай бастамаларды қоғам болып қолдағаны игі. Бұдан бөлек, ауыл мектептерін бітірген қыздарды технологияға, жаңа инновациялық бағытқа бейімдеу, міндеттеу мәселесі де өзекті. Бізде ауылдан шыққан қыздардың көпшілігі не мұғалім, не дәрігер болғысы келеді. Технологиялық білім саласына қызыға бермейді. Осы жағына баса назар аударғанымыз жөн.

– Сонда ауылдан шыққан қыздарды техникалық білім алуға арнайы міндеттесек, бұл олардың құқына қол сұғу болмай ма?!

Жоқ, бұл арада мәжбүрлеп, міндеттеп, сол мамандықты оқысаң да оқисың, оқымасаң да оқисың деген ұстаным болмауы керек. Тек ауылдық-аймақтарда осы мамандықтардың тиімді екенін айтып насихат жасау қажет. Бұл мамандықтардың келешегі бар екенін, осы мамандықтарды игеріп ғылымға, өнертапқыштық саласына бет бұрғандардың ешкімнен кем болмайтынын, керісінше, олардың мемлекетке пайдасы мол екенін түсіндіру керек. Әрине, мұғалім, дәрігер мамандығын алып шығу да үлкен мәртебе. Бірақ техникалық білім саласында ауылдан шыққан қыздардың болуы, олардың ғылымға деген ізденісінің артуы, жаңалыққа құмар болуы да бұл саладағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берер еді. Себебі қазір нақ осы техникалық ғылым саласында әйелдердің үлесі азайып барады.

– Қазір «it-Aiel» бағдарламасы жайында айтыла бастады. (қазақша «әл-әйел» дегенді білдіреді). Бағдарлама аясында қыздарды цифрлық оқыту қарастырылған. Мұндай бағдарламалар әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектесе ме?!

– Бұл бағдарламадан хабарым бар. Келер жылдан бастап ауылдық жерлерде осы бағдарлама аясында жұмыстар істеу жоспарланып отыр. Цифрлық сауаттылық қазір барлық жерде керек. Электронды үкіметте болсын және басқа цифрлық платформаларда болсын сауаттылық қажет. Өйткені біздің өзіміз цифрлы ел болуға ұмтылып жатырмыз. Мұндай сәтте көштен қалыспауға тырысу керек. Кез келген салада цифрлы құжаттармен жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан бұл арада да әйелдер өздерін төменшіктетіп көрсетпеуі тиіс. Оқығаны абзал деп ойлаймын. Жалпы, қазір булығып, өзін өзі дамытпай, тығылып отыратын заман емес. Технологияның дамыған заманы. Әлеуметтік желіде түрлі ойлардың ұштасып, шиырланып жатқан кезеңі. Осындай заматта әйел заты өздігінен ой қорытып, өзін-өзі дамыта алуы үшін жан-жақты болуы керек. Әйел үйдің ғана берекесі емес, қоғамның құрметтісі болуға талпыну керек. Қоғамға пайдалы іс атқару әйелдің қолынан келеді.

Жалпы, әйелдердің экономикалық өмірге интеграцияланбауы әлемдік экономиканың өсуін шектейтіні қазір жиі айтылады. Мұнымен келісесіз бе?!

– Келісемін. БҰҰ-ның зерттеулері де мұны растайды. Мысалы, аталмыш ұйымның зерттеулеріне сүйенсек, әйелдер ерлермен тең құқықтар мен мүмкіндіктерге қол жеткізе алмаған қоғам ешқашан тұрақты дамуға қол жеткізе алмайды.

– Ал Қазақстандағы әйелдердің экономикаға ықпалын қалай бағалайсыз?!

– Қазақстанда әйелдерді кәсіпкерлік қызметке тарту деңгейі өсіп келеді. Әйелдер басқаратын ШОБ субъектілері 31,1 пайызды құрады. Жалпы әйелдер арасындағы экономикалық белсенділік деңгейі 63,7 пайыз. Сонымен қатар Қазақстандағы қаржылық және сақтандыру қызметі әйелдерді жұмыспен қамтудың жоғары болуымен сипатталады. Олардың үлесі 57 пайызды құрайды.

Қазір қазақстандықтардың 40 пайызы гендерлік теңдік дегеннің не екенін біледі. Саналы түрде қабылдайды. Бастапқыда үрке қарайтын. Тіпті мұны «әйелге билік беру» деп түсінгендер де болды. Бірақ бұл әйелдердің экономикаға араласу керектігін ұқтырды. Әйел адами капитал. Кез келген елдің дамуы үшін адам капиталы жоғары деңгейде дамуы керек. Оның денсаулығы, ерте қартаймауы, қоғамға қызмет етуі, пайдалы істермен айналысуы маңызды. Бұл біздің мемлекетіміздің имиджі үшін де керек дүние. Егер әйелді қалтарыста қалдырып, барлық салада ер азаматтарды басым етсек, олай болмайды. Тепе-теңдік керек. Баланс сақталуы тиіс. Сондықтан да біз 2019 жылдан бері гендерлік саясатты кеңінен насихаттап келеміз. Және бұл жолда біршама жетістіктерге жеттік деп ойлаймыз. Әрине, бізде жоғарыда мысал еткен Жапониядағыдай олардың жұмыс кестесі әлі реттелмеген болар немесе өзге дамыған елдердегідей әйелдерге баласы үш жасқа толғанша декреттік демалыс беріліп, оған қосымша жалақы төлеп отыруды қолданысқа енгізе алмай жатқан шығармыз. Бірақ біздің қоғамда әйелдің өз рөлі бар екені хақ. Күнделікті тұрмыста әйелдің ауыртпалығы онсыз да ауыр екенін білеміз. Ендігі кезекте осы мәселелерді үкіметтік деңгейде көтеру керек. Қазір мысалы, көпбалалы әйелдерге жәрдемақы емес, арнайы жалақы төлеу жайында ұсыныстар айтыла бастады. Атаулы әлеуметтік көмек алатын әйелдерге де ең төменгі жалақыдан жоғары жәрдемақы төлеу керектігін қаузап жүрміз. Сол тәрізді дамымай қалған елді мекендерде тұратын әйелдердің әл-ауқатын көтеру жайы да назардан тыс қалмауы тиіс. Мұның барлығы айналып келгенде қоғамның дамуына ықпал ететін жайттар. Елдің әлеуметтік жағдайы артуы үшін әйелдің құқы шектелмеуі керек. Әйелдердің дамуына, олардың барлық салада жұмыс істеуіне қазір мүмкіндіктер бар заман. Өз кезегінде әйел азаматтар да осы мүмкіндіктерді пайдаланып, ойлаған мақсаттарына жетуге талпынуы керек деп ойлаймын.

Қ.Сайлау