Саясат

Зеленский Ресей аспанының жабылатынын мәлімдеді. Путин жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық әуе компаниялары мен сақтандырушыларға Ресейдің әуе кеңістігін пайдалану қауіпті бола бастағанын ескертті.

Зеленский

 Ресей президенті Владимир Путин оның бұл мәлімдемесін «мемлекеттік терроризмге өтінім» деп атады.

Зеленский 1 қыркүйектегі кешкі үндеуінде Украина дрондарының Ресей аумағындағы операциялары жалғасатынын айтып, әуе компанияларын осы тәуекелді ескеруге шақырды.

«Бүгін біз Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатын әрбір әуе компаниясына, әрбір сақтандырушыға және Ресейдің негізгі әуежайларын әлі де пайдаланатындардың бәріне ескерту жасағымыз келеді: Ресей аспаны мүлде қауіпсіз болмай барады», – деді Зеленский.

Оның сөзінше, Украина азаматтық авиацияға немесе азаматтық ұшақтарға шабуыл жасауды көздемейді. Алайда Ресей аспанында украин дрондарының саны артып, әуе тасымалдаушылары бұл жағдаймен санасуға мәжбүр болады.

«Ресей билігі бұл туралы тиісті деңгейде хабарламаса да, Ресейдің әуе кеңістігі де-факто жабылатын болады. Ресей бастаған соғыс өзінің аспанын жауып жатыр», – деді Украина президенті.

Зеленский Киевтің «жазықсыз адамдардың қаза тапқанын қаламайтынын» айтып, бұл ескерту халықаралық әуе компанияларымен қатар шетелдік үкіметтер мен сақтандыру компанияларына да бағытталғанын жеткізді.

Reuters мәліметінше, Батыстың көптеген әуе компаниясы соғысқа байланысты Ресей әуе кеңістігін пайдаланбайды. Алайда Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері секілді бірқатар елдің тасымалдаушылары Ресей арқылы ұшуды жалғастырып келеді.

Путин: «Жауап беретін амал табамыз»

Ресей президенті Владимир Путин Зеленскийдің мәлімдемесіне Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейінгі баспасөз мәслихатында жауап берді.

Ол Украина президентінің сөзін «мемлекеттік терроризмге өтінім» деп бағалады.

«Мен мұндай мәлімдемені естіген жоқпын, егер бұл шынымен айтылса, онда бұл мемлекеттік терроризмге өтінім. Олар бізден келіссөздерді қайта бастауды, жеке кездесулер өткізуді сұрайды. Террористермен келіссөз жүргізілмейді», – деді Путин.

Ресей президенті азаматтық авиацияға қатысты оқиғалар болған жағдайда Мәскеу жауап қайтаратынын да ескертті.

«Егер, Құдай сақтасын, мұндай қайғылы жағдайлар болса, біз жауап беретін амал табамыз. Бұған ешкім күмәнданбасын», – деді ол.

2 қыркүйекте Ресейдің көлік министрі Андрей Никитин де Зеленскийдің мәлімдемесіне пікір білдірді. Оның сөзінше, Ресей билігі азаматтық авиация жұмысында елеулі үзілістерге жол бермеуге тырысады. Дрон қаупі туындаған кезде әуежайларда уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, Ресей аумағына украин дрондарының шабуылы кезінде бірқатар әуежайда ұшақтардың ұшуы мен қонуына уақытша шектеулер тұрақты түрде енгізіліп келеді. Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін 1 қыркүйек кешінде Ресейдің ірі әуе тасымалдаушысы «Аэрофлоттың» акциялары Мәскеу биржасында 5,11 пайызға дейін арзандаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз