"Зеленский соғысты аяқтағысы келмейді": Трамп мәлімдеме жасады
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді соғысты тоқтатуға мүдделі емес деп айыптады.
Сондай-ақ ол Ресейді келіссөз үстелінде ұстап қалуға тырысып жатқанын мәлімдеді.
18 қазанда Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде Трамп Ресейге қарсы кейбір санкциялардың күшіне енуін кейінге қалдыру себебін түсіндірді.
Оның айтуынша, Вашингтон Мәскеуді бейбіт келіссөздерден алыстатып алмауға тырысып жатыр.
"Мен Ресейді келіссөз үстелінде ұстап қалуға тырысып жатырмын. Ал Зеленский бұл соғысты аяқтағысы келмейді және, бәлкім, ешқашан қаламаған", – деді Трамп.
АҚШ президенті Украинаның Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын да сынға алды.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонның Ресейге қатысты санкцияларды жеңілдетуіне қарсылық білдірді. Оның пікірінше, Мәскеуге қысымды азайту соғысты тоқтатуға көмектеспейді.
Зеленский АҚШ-тың Ресей жағына шығуы тарихи қателік болатынын ескертті.
Айта кетейік, Трамп бұған дейін Ресей мен Украина арасындағы соғысты келіссөз арқылы тоқтатуға бірнеше рет уәде берген. Алайда тараптар әзірге бейбіт келісімге келген жоқ.