Оқиғалар

Жалын тарамай тұрып: құтқарушылардың көзге көрінбейтін еңбегі

Газдың тұтануы өрттің тез өршуіне, ал жағдай күрделенген жағдайда ірі апатқа ұласуына себеп болуы ықтимал.

1

Сондықтан мұнда әр секундтың мәні бар. Құтқарушылардың басты міндеті – қауіптің одан әрі таралуына жол бермеу, адамдардың өмірі мен мүлкін қорғау екені анық. Бұл тұрғыдан алғанда, құтқарушылардың жұмысы өрт сөндіру бөлімінің көлігі оқиға орнына келген сәттен басталып, жалын толық ауыздықталғанға дейінгі бірнеше әрекетті қамтиды.

Қауіпті аймақты бағалау, өрттің таралу бағытын анықтау, тиісті қызметтермен бірлесіп жұмыс істеу, газ беруді тоқтату, техниканы қауіпсіз жерге орналастыру және жақын маңдағы нысандарды қорғау мұның барлығы бір ғана мақсатқа, адам өмірін сақтауға бағытталған. Шымкентте құтқарушылар газ құбырында шыққан өртті жедел сөндіріп, жалынның жақын маңдағы тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді.

Оқиға қаланың Еңбекші ауданындағы Қаратөбе тас жолында болған. «112» пультіне газ құбырында газ тұтанғаны туралы хабар түскен бойда төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері оқиға орнына аттанады. Алғашқы құтқарушылар жеткен кезде жүк көлігі мен бұрғылау жабдығы ашық жалынға оранған. Мұндай жағдайда өрттің өзін сөндірумен қатар, оның айналадағы нысандарға таралу қаупін азайту аса маңызды. Газ қызметінің мамандары вентильді жауып, газ беруді тоқтатса, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері газ құбырын салқындатып, жалынды ауыздықтады. Осылайша өрттің жақын орналасқан тұрғын үйлерге жетуіне жол берілмеді.

Осыдан екі апта бұрын да Шымкенттің Абай ауданындағы Түркия көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үй кешенінің төртінші қабатындағы пәтердің балконында заттар өртеніп, кейін жалын пәтердің ішіне, керме төбеге тараған. Оқиға орнына келген ТЖМ күштері баспалдақ арқылы 19 адамды, оның ішінде төрт баланы эвакуациялады. Өрт толық сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелген жоқ. Бұл жерде де құтқарушылардың жұмысы тек жалынды ауыздықтаумен шектелген жоқ.

Ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болды. Көпқабатты үйдегі өрттің қауіптілігі де сол, түтін мен жалынның қысқа уақыт ішінде басқа пәтерлерге таралу мүмкін. Әсіресе балалар, қарттар немесе төтенше жағдайда өздігінен әрекет етуі қиын адамдар үшін мұндай сәт аса қауіпті. Сондықтан 19 адамның, оның ішінде төрт баланың қауіпсіз жерге шығарылуы құтқару қызметінің негізгі міндетінің бірі орындалғанын көрсетсе керек.

Бірнеше минут ішінде қабылданған шешім кейде өрттің шағын аумақта қалуына немесе үлкен аумаққа таралуына, адамдардың қауіпсіз эвакуациялануына немесе қауіпті аймақта қалып қоюына тікелей ықпал етеді. Дегенмен қауіпсіздік тек құтқарушылардың міндеті деген түсінік қалыптаспауы керек. Азаматтардың әрекеті де төтенше жағдайдың салдарын азайтуда маңызды. Өрт немесе газдың таралуы сияқты қауіпті жағдай байқалған кезде «112» нөміріне дереу хабарлау қажет. Мамандардың оқиға орнына неғұрлым ерте жетуі олардың жағдайды бақылауға алу мүмкіндігін соғұрлым арттырады. Сонымен бірге тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, балконда жанғыш заттарды жинамау, электр құрылғыларын қараусыз қалдырмау, газ жабдықтарын өз бетінше жөндемеу сияқты қарапайым сақтық шаралары да үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін. Шымкенттегі соңғы оқиғалар төтенше жағдайдың алдын алу мен оған жедел әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

С.Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: ТЖМ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз